Тәттімбет көшесі толық жаңарып, көлік қозғалысы жеңілдей түсті
Қарағандыда көлік қозғалысы ең тығыз учаскелердің бірі саналатын Тәттімбет көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңарту жұмыстары Сарыарқа көшесінен «Рубин» мейрамханасына дейінгі аралықты қамтып, жалпы ұзындығы 1 шақырым жол қайта қалпына келтірілді.

Жоба барысында жол төсемі толық жаңартылып, екі қабат асфальт-бетон жабындысы төселді. Бұл жолдың сапасын арттырып қана қоймай, оның ұзақ уақыт бойы сенімді қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Атқарылған жұмыстардың басты ерекшелігі – тек жаңа асфальт төсеумен шектелмеді. Қаладағы ең жүктемесі жоғары қиылыстардың бірі – Тәттімбет пен Шахтерлер көшелерінің қиылысында көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған кешенді өзгерістер енгізілді.

Мұқанов көшесі жағынан қосымша жолақ салынып, көлік ағынының өткізу мүмкіндігі арттырылды. Сонымен қатар, Приканальная көшесі жағынан жеке қозғалыс жолағы ұйымдастырылып, көлік легін азайтуға жағдай жасалды. Оңға бұрылуға арналған арнайы съездердің салынуы да жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, қабылданған шешімдер аталған аумақтағы көлік кептелісін азайтып, жолдың өткізу қабілетін айтарлықтай жақсартады. Бұл өз кезегінде жүргізушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, қаладағы көлік инфрақұрылымын дамытуға оң әсерін тигізбек.
Тәттімбет көшесіндегі жаңғырту жұмыстары – Қарағандының көлік жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Жаңартылған жол қозғалыстың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып, тұрғындардың күнделікті қатынауын жеңілдетуге сеп болады.
Арай ЖАМАНҚҰЛ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



