БалқашАймақБас тақырып

Қайтарылған активтер есебінен Балқаш ауруханасы жаңартылды

Балқаш көпсалалы ауруханасын ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды. Нәтижесінде Балқаш қаласы мен Приозерск, Саяқ, Шет және Ақтоғай аудандарының тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасы жаңа деңгейге көтерілді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

340 төсек-орынға арналған стационар барлық негізгі бейіндер бойынша қызмет көрсетеді. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында ауруханаға ауданы шамамен 1,4 мың шаршы метр болатын жаңа қосымша корпус салынды.

Жаңа ғимаратта заманауи талаптарға сай қабылдау бөлімі ашылды. Пациенттердің ыңғайлылығы үшін жоспарлы және шұғыл емдеуге жатқызылатындарға арналған жеке кіреберістер қарастырылған.

Сондай-ақ бірінші қабатта екі жаңа операциялық бөлме пайдалануға берілді. Мұнда жоғары технологиялық медициналық араласулар, соның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау мен емдеуге арналған коронарография және стенттеу операциялары жүргізіледі.

Аурухана директоры Серікбол Түсіпбековтің айтуынша, республикалық бюджет есебінен заманауи медициналық жабдықтар сатып алынған. Олардың қатарында монополярлық ангиограф, магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтар, MEDRAD Mark 7 Arterion инъекциялық жүйесі, нейрохирургиялық микроскоп және басқа да қажетті медициналық құралдар бар.

Мекемеде кадрлық әлеуетті күшейту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда ауруханада 900-ге жуық қызметкер, оның ішінде 150-ге тарта дәрігер еңбек етеді. Биыл ұжымға травматолог, екі сәулелік диагностика маманы және екі интервенциялық кардиолог қосылды. Алдағы уақытта резидентураны тәмамдаған уролог, хирург және терапевтер жұмысқа келмек.

Екі жыл бұрын Тараздан Балқашқа қоныс аударған травматолог Әбиболла Шәкенбай ауруханадағы оң өзгерістерді ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары мен жаңа медициналық жабдықтардың орнатылуы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасаған.

Сонымен қатар Торанғалық және Шұбартүбек курорттық ауылдарында медициналық пункттер жұмыс істейді. Бұл нысандар жергілікті тұрғындармен қатар туристерге де қызмет көрсетіп, қажетті мамандармен және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Сәнерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button