Тағылым тұнған кеш
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына «Мир Олжаса Сулейменова» атты поэтикалық сағат өтті. Тағылымы мол рухани кеш ұлт руханияты мен әлемдік ой кеңістігін тоғыстырған, мазмұнды әдеби диалог алаңы болды.

Кеш барысында Олжас Сүлейменов поэзиясының философиялық тереңдігі мен тарихи-мәдени салмағы кеңінен сөз болды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің магистранты, «QS-school» мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Бейбітқызы ақынның «Аз и Я» еңбегінің әдебиет пен тарих ғылымындағы ерекше орнын атап өтті. Сондай-ақ, «Земля, поклонись человеку!» поэмасындағы адамзаттық гуманизм идеялары мен «Невада – Семей» антиядролық қозғалысындағы азаматтық ұстанымы да жан-жақты талданды.
Кештің рухани мазмұнын тереңдете түскен маңызды сәт – заң ғылымдарының докторы, профессор Саттар Абдрахмановтың ақын өлеңдерін тебірене оқуы болды. Оның орындауындағы жырлар кешке ерекше әсер беріп, Олжас Сүлейменов поэзиясының азаматтық үні мен философиялық қуатын айқындай түсті. Сонымен қатар, жергілікті ақындар Людмила Мельникова, Ольга Воротынская, Татьяна Ромашихина ақынға арналған арнау өлеңдерін оқып, әдеби кештің көркемдік өрісін кеңейтті.
– Кешке қатысқан жастар да поэзия әлеміне деген шынайы қызығушылығымен ерекшеленді. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттері мен №3 гимназия оқушылары Олжас Сүлейменов шығармаларын мәнерлеп оқып, көрермен ықыласына бөленді. Жас буынның әдебиетке деген құрметі кештің тәрбиелік және рухани мәнін арттыра түсті, – дейді кітапхананың абонемент бөлімінің басшысы Мейрамгүл Жұмағұлова.
Іс-шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның поэзиялық жинақтары, публицистикалық еңбектері мен ғылыми зерттеулері көпшілік назарына ұсынылды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



