АймақҚарағанды

Қарағандыда «Қауіпсіз жаз – 2026» акциясы өтті

Қарағандыда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай орталық саябақта «Қауіпсіз жаз – 2026» акциясы өтті. Іс-шараны облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырды.

Суреттерді түсірген автор

Акция аясында облыстық ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері балаларға жазғы кезеңде қауіпсіздік шаралары бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тәжірибелік форматта түсіндірді.

Іс-шара барысында арнайы техникалар мен құтқару құралдарының көрмесі ұйымдастырылды. Балалар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысымен танысып қана қоймай, мамандарға өздерінің сұрақтарын қойды.

Мамандар әр құралдың қызметін түсіндіріп, оны қандай жағдайда пайдаланатынын көрсетті. Сондай-ақ, өрт сөндірушілердің арнайы киімдерін киіп көріп және техникасын мұқият қарап, құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік берілді.

Олар өрт сөндіру көлігіне отырып көріп, төтенше жағдай кезінде қолданылатын дабыл сигналын қосу тәртібімен танысты. Сонымен қатар өрт сөндіру шлангісі арқылы суды өз қолдарымен шашып көріп, өрт сөндірушілердің күнделікті қызметін тәжірибе жүзінде сезінуге мүмкіндік алды.

Шара барысында балалар мен ата-аналар естелік суреттерге түсті. Қызықты әрі пайдалы өткен іс-шара балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қауіпсіздік туралы маңызды мәліметтер алуға мүмкіндік берді.

«Қауіпсіз жаз – 2026» акциясы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету және құтқарушы мамандығына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Акция жаз бойы жалғасын табады.

Арай ЖАМАНҚҰЛ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button