Бала қауіпсіздігі – басты назарда
Қарағанды облысында балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыруға дайындық күшейтілді. Биыл өңірде 130 мыңға жуық оқушы түрлі лагерьлермен, еңбек жасақтарымен және бос уақытты мазмұнды өткізу бағдарламаларымен қамтылады. Қазіргі таңда лагерьлерді лицензиялау, қауіпсіздік жүйелерін жаңарту және санитарлық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары бақылауға алынған.

Бүгінде облыс аумағында балаларға білім беру-сауықтыру бағытында жасақталған қала сыртындағы 13 орталық жұмыс істейді. Оның біреуі жыл бойы қызмет көрсетсе, қалған 12-сі маусымдық негізде жұмыс істейді. Жалпы сыйымдылығы 2242 орын болатын лагерьлер Бұқар жырау, Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарында және Теміртау мен Балқаш қалаларында орналасқан. Бұл орталықтарда балалардың демалысымен қатар, тәрбиелік, танымдық және спорттық бағыттағы бағдарламалар ұйымдастырылады.
– Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап, балаларға арналған білім беру-сауықтыру қызметтерін міндетті лицензиялау нормасы күшіне енді. Осыған байланысты барлық лагерьлердің дайындығына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Қазіргі таңда бірнеше орталық санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алса, бірқатары қажетті құжаттарын тапсырып үлгерген. Кейбір лагерьлер жөндеу жұмыстарына байланысты өтінім беруді маусым айына жоспарлап отыр. Сонымен қатар, лагерьлердегі медициналық қызмет көрсету мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта бірнеше орталық мемлекеттік медициналық лицензия алған. Кейбір нысандар емханалармен келісімшарт жасаса, қалғандарында медициналық кабинеттерді талапқа сәйкестендіру және педиатр мамандармен толықтыру жұмыстары жалғасып жатыр. Әр лагерь балалардың денсаулығын бақылауды күшейту мақсатында медициналық сүйемелдеумен қамтамасыз етілмек, – деді облыстық білім басқармасының тәрбиелік жұмыс және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Индира Искакова.
Бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері, интернет байланысы, бақылау-өткізу пункттері мен қоршаулардың болуы қатаң тексерілуде. Анықталған техникалық мәселелерді жою бойынша шұғыл жұмыстар атқарылуда.
Жазғы маусымға дайындық барысында ата-аналармен түсіндіру жұмыстары да күшейтілді. 15 мамыр күні өткен облыстық ата-аналар жиналысына 400 ата-ана офлайн, ал, 20 мыңнан астам адам онлайн форматта қатысты. Кездесу барысында балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігі, демалыс орындарындағы тәртіп ережелері және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Жалпы биылғы жазда облыс бойынша 130 мыңға жуық баланы түрлі демалыс және жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде, 35 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топтағы балалар. Бұл санаттағы 8 мыңнан астам бала мектеп жанындағы лагерьлермен, қала сыртындағы сауықтыру орталықтарымен және түрлі үйірме, секция, еңбек жасақтарымен қамтылмақ. Мектеп жанындағы 281 лагерьде балалар тамақпен қамтамасыз етілсе, тағы 568 бейінді алаңда түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, жаз мезгілінде жасөспірімдерді еңбекке баулу жұмыстары да жалғасады. Мыңға жуық жас кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылса, 5 мың оқушы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында еңбек етпек. Сондай-ақ, мектеп жанындағы лагерьлерде 700-ден астам еңбек жасағы құрылып, оған 44 мың бала тартылады.
Қосымша білім беру ұйымдары да жазғы кесте бойынша жұмыс істейді. Облыстағы 46 мекеме туристік, шығармашылық және зияткерлік бағыттарда қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, мәдениет және спорт салаларындағы нысандар да балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жұмылдырылады. Атап айтқанда, өңірде 81 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 256 кітапхана, 18 музей, 134 аула клубы, 618 спорт алаңы және 193 мәдениет үйі мен клуб жазғы маусымда балаларға қызмет көрсетеді.
Өңірде өз лагерьлері жоқ аудандардың балалары үшін де демалыс орындары қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, балалар Қостанай қаласындағы «Светофор», Алматы облысындағы «АСА», Көкшетаудағы «Чайка» лагерьлеріне және Өскемен қаласының демалыс аймақтарына жіберіледі.
20 мамырдан бастап, облыстық штаб мүшелері барлық лагерьлерге көшпелі мониторинг жұмыстарын бастады. Арнайы комиссиялар нысандардың нақты дайындығын тексеріп, қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақыламақ. Бұл шаралар жазғы маусым алдында туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға бағытталған.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, жазғы маусым басталғанға дейін барлық лагерь қауіпсіздік талаптарына толық сай болуы тиіс. Өйткені, балалардың алаңсыз демалысы мен қауіпсіздігі – басты міндет.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



