«Ақбақайдың» жүлдесі
Ыстамбұл қаласында өткен VIII халықаралық Ethnosport Culture Festival аясында Қазақстанның ұлттық мұрасы саналатын қазақ тазысы шетелдік көрермендердің ерекше қызығушылығына ие болды. Әлемнің 20-ға жуық елінен қатысушылар жиналған беделді этноспорт алаңында Балқаш қаласының тұрғыны Ағыбай Жасанбековтің «Ақбақай» атты тазысы көпшіліктің назарын аударып, арнайы медальмен марапатталды.

Фестиваль барысында Қазақстан делегациясы ұлттық аңшылық дәстүрлерді, оның ішінде, бүркітшілік өнері мен тазы мәдениетін кеңінен таныстырды. Шетелде алғаш рет көрсетілген «Ақбақайдың» тектілігі, сабырлы мінезі және ерекше болмысы көрермендер мен халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Тіпті, оның иесіне шетелдік азаматтар тарапынан сатып алу жөнінде ұсыныстар да түскен.
«Ақбақайдың» иесі Ағыбай Жасанбеков қазақ тазысы мен төбет өсірумен жиырма жылға жуық уақыттан бері айналысып келеді. Оның айтуынша, Маңғыстаудан бір айлық күшік кезінде әкелінген «Ақбақай» бүгінде қоян мен түлкі аулауға машықтанған, түрлі жарыстарда шыңдалған тәжірибелі аңшы итке айналған.
Қазір екі жасқа толған тазының иесі Балқаш қаласында қазақ тазысының тұқымын сақтап, көбейтуге арналған арнайы питомник ашуды жоспарлап отыр. Оның пікірінше, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ұлттық құндылықтарға, соның ішінде, қазақ тазысына ерекше көңіл бөлініп келеді.
– Қазақ тазысы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Бұл тұқымды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу – бәрімізге ортақ міндет, – дейді Ағыбай Жасанбеков.
Халықаралық фестивальдегі бұл жетістік қазақ тазысының әлемдік деңгейде танылып келе жатқанын және ұлттық мұрамызға деген қызығушылықтың артып отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Өз тілшімізден



