Саранда 600 орындық жаңа мектеп салынады
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран тұрғындарымен кездесуде қаланың бүгінгі тынысы мен алдағы даму жоспары туралы айтты.

– Бүгінде Саран экономика тұрғысынан мүлде жаңа сипаттағы қалаға айналды. Біз бір ғана салаға тәуелділіктен кезең-кезеңімен арылып, жаңа даму нүктелерін қалыптастырдық. Соңғы жеті жылда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 10 еседен астам өсті. Бұрын қаланың облыс өнеркәсібіндегі үлесі небәрі 1,3% болса, қазір бұл көрсеткіш 6%-ға жетті. Экономикалық өсіммен бірге қаланың өзі де өзгеріп келеді. Тұрғындар жылдар бойы көтеріп келген мәселелер бүгінде нақты шешімін табуда: орталықтандырылған жылумен қамту жүйесі ретке келтірілді, су құбыры мен кәріз желілері жаңартылып жатыр, жолдар жөнделуде, – деді өңір басшысы.

Қалада тұрғын үйге деген сұраныс та артып келеді. Бұрын бос қалған РТИ шағынауданындағы үйлер қайта қалпына келтірілуде. Өткен жылы Саранда кезекте тұрған азаматтарға 110 пәтер берілсе, биыл бұл көрсеткішті шамамен үш есеге арттыру жоспарланған.

Облыс әкімі тұрғындарға тағы бір жағымды жаңалықты жеткізді: 1а шағынауданында шағын орталығы бар 600 орындық жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданған.

Сонымен қатар Саран медицина қызметкерлері көп жылдан бері алғаш рет жедел жәрдем қосалқы станциясының жеке ғимаратына ие болды. Бұған дейін жедел қызмет жалға алынған нысандарда орналасып келген. Жақын уақытта қалада жеңіл конструкциялардан тұрғызылған жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі.

Саранда көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары басталып, жолдарды жөндеу жалғасуда. Сондай-ақ индустриялық аймақтан Қарағандыға дейін ұзындығы 19 шақырым болатын жаңа айналма жол салу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның жобалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қала әкімі Дарын Бұлқайыр инфрақұрылымдық жобалар туралы айтып берді. Оның сөзінше, биыл су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталады. Өткен жылы тозығы жеткен кәріз желілерін реконструкциялау басталған, бұл жоба бірнеше жылға жоспарланған. Электрмен жабдықтау сапасын жақсарту үшін бағаналар ауыстырылып, электр желілері жаңғыртылып жатыр, сондай-ақ қосалқы станциялардағы фидерлер жөнделуде.

Дарын Бұлқайыр газдандыру мәселесіне де тоқталды.
– Саран қаласы мен Ақтас кентін газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдерге дайындық жүргізілуде. Газ тарту жұмыстары алдымен Ақтас кентінен басталады. Алдағы екі жыл ішінде екі жобаны да толық аяқтау жоспарланып отыр, – деді қала әкімі.

Тұрғындар қаладағы оң өзгерістерді көріп, оның одан әрі көркейе түсуіне тілектес екендерін жеткізді.

Кездесу барысында тыл еңбеккері, денсаулық сақтау саласының ардагері Тамара Кучеренко мерейлі 90 жасымен құттықталды.
– Қаламыздың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Қолдан келген барлық жұмыс атқарылуда: үйлер де, көшелер де жаңарып жатыр, стадионымыз да өте жақсы. Саран алдағы уақытта да дамып, ең үздік серіктес қалалардың біріне айналып, жастар келетін тартымды шаһар болса екен дейміз, – деді аға буын өкілі.

Ермағанбет Бөлекпаев қолға алынған жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, тұрғындарға қаланың тазалығы мен тәртібіне бейжай қарамайтындары үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.


