Балқаштың Ақбақайы халықаралық фестивальде топ жарды
Түркияда өткен халықаралық этноспорт фестивалінде Қазақстан көшпелі өркениеттің бай мұрасын әлем жұртшылығына кеңінен таныстырды. Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар жиналып, ұлттық спорт пен дәстүрлі мәдениеттің көркін тамашалады.

Фестиваль аясында қазақ халқының рухани құндылықтары мен ұлттық болмысы айрықша көрініс тапты. Қазақтың қыраны – бүркіттер, текті тазы иттері, ұлттық музыкалық аспаптар, садақ ату өнері және көшпенділердің салт-дәстүрлері шетелдік көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қазақстан делегациясы ұлттық мәдениеттің терең тамыры мен ата дәстүрдің өміршеңдігін паш етіп, ел мерейін асқақтатты. Әсіресе, Балқаш қаласынан апарылған Ақбақай атты қазақы тазы көпшіліктің ықыласына бөленді. Тазының иесі – Ағыбай Жасанбеков.
Фестиваль қорытындысы бойынша Ақбақай арнайы құрмет медалімен марапатталып, қазақы тазы тұқымының мәртебесін тағы бір мәрте биіктете түсті.
Айта кетейік, бұл халықаралық шара Қазақстанның ұлттық құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, көшпенділер мәдениетінің әлемдік өркениеттегі орнын айқындай түсті.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



