БілімБас тақырып

Қарағанды облысында 150 мың оқушы жазғы лагерьге барады

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалыс маусымын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен алқалы отырыста оқушылардың жазғы сауықтыру демалысын қауіпсіз өткізу, бос уақытын тиімді ұымдастыру және маусымдық жұмыспен қамту бағытында атқарылатын шаралар талқыланды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өңірде 2025-2026 оқу жылы өз мәресіне жетті. Оқу жылы дәстүрлі форматта аяқталып, қазіргі таңда өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында қорытынды аттестаттау, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Оқу жылының аяқталуына орай барлық мектептерде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтті. 

– Облыстағы мектепке дейінгі білім беру жүйесінде де оқу жылы қорытындыланды. Қазіргі уақытта өңірде 415 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 42 764 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың 90,9 пайызын қамтиды. Орта білім беру жүйесінде биыл 15 878 оқушы 9-сыныпты, ал 8 836 түлек 11-сыныпты тәмамдайды деп күтілуде. Қазіргі уақытта облыстың барлық білім беру ұйымдарында қорытынды аттестаттауды өткізуге қажетті дайындық жұмыстары толық аяқталған. Аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 17-18 маусым күндері ұйымдастырылады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.

Биыл мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді бес рет тапсыра алады. Оның екі мүмкіндігі жазғы кезеңге тиесілі. Түлектер тестілеуді екі рет тегін тапсырып, ең жоғары нәтижесімен мемлекеттік грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алады. 10 мамырдан бастап ҰБТ-ның жазғы кезеңі басталды. Бұл тестілеу нәтижелері жоғары оқу орындарының білім гранттарын тағайындау конкурсында есепке алынады. ҰБТ өңірдегі үш тестілеу орталығында өткізіледі. Оның екеуі Қарағанды қаласында, біреуі Балқаш қаласында орналасқан.

Жаңа оқу жылына дайындық аясында облыста 1-сыныпқа құжат қабылдау 29 маусымда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Өтініштер электрондық үкімет порталы арқылы немесе қағаз форматында қабылданады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде биыл облыс колледждерін 10 322 маман тәмамдайды. WorldSkills стандарттары бойынша 26 колледж базасында демонстрациялық емтихандар ұйымдастырылады. Колледждерге құжат қабылдау 20 маусымда басталып, 29 тамызға дейін жалғасады. Құжаттарды eGov.kz порталы арқылы немесе колледждердің қабылдау комиссияларына тапсыруға болады. 

Жазғы демалыс кезінде өңірде балалардың бос уақытын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінбек. Биыл шамамен 150 мың оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Сауықтыру шаралары 12 қала сыртындағы лагерьде, 281 мектеп жанындағы тамақтандыру ұйымдастырылған орталықта және 568 бейіндік алаңда өткізіледі. Биылдан бастап балаларға арналған білім беру және ойын-сауық қызметтерін міндетті лицензиялау нормасы күшіне енді. Осыған байланысты барлық сауықтыру орталықтары лицензиялау рәсімінен өтуде. 

Ақтоғай ауданында бес ауысым бойынша 600 балаға арналған киіз үй лагері жұмысын жалғастырады. Мұнда барлығы алты киіз үй тігіліп, әрқайсысында 10 баладан орналастырылады. Нұра және Қарқаралы аудандарында жеке инвестициялар есебінен тағы екі сауықтыру орталығы ашылады. 

Колледждер базасында 4-7 сынып оқушыларына арналған лингвистикалық және шығармашылық лагерьлер ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында экскурсиялар, кәсіби бағдар беру, спорттық ойындар мен оқыту шаралары өтеді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жазғы демалысы да назардан тыс қалмаған. Олар Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы сауықтыру орталықтарына жіберіледі. «Qarmet» және «Қазақмыс» кәсіпорындарының қолдауымен мыңнан астам қызметкердің баласы жазғы демалыспен қамтылады. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 685 балаға Алматы, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы лагерьлерге жолдамалар сатып алынған. 

Жазғы науқан ресми түрде 1 маусымда басталады. Осы кезеңде «Қауіпсіз жаз» және «Қауіпсіз аттракцион» профилактикалық акциялары өткізіледі. 1 маусымнан бастап балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қызметтерін автоматтандыру бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл жүйе болашақта балаларды жазғы демалыспен қамту үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл өңірде 130 мыңнан астам баланы жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 35 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар. Мыңға жуық жасөспірім кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылса, 5 мыңға жуық оқушы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында еңбекпен қамтылады. Жаз мезгілінде облыстағы 46 қосымша білім беру ұйымының жұмысы жалғасады. Полиция есебінде тұрған және тәуекел тобындағы жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыруға ерекше назар аударылмақ. Оларға полиция қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, Әкелер кеңесі мен қамқоршылық кеңес мүшелері қатарынан тәлімгерлер бекітілген.

Облыста жастар саясаты мен экологиялық бастамаларды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл туралы жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Ерниязова баяндады.

– Өңірде бүгінде 14 пен 35 жас аралығындағы 300 мыңға жуық жас тұрады. Бұл облыс халқының шамамен 27 пайызын құрайды. Оның 78,4 пайызы қалада, ал 21,6 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, еңбекке баулу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қозғалысы. Соңғы бес жылда жобаға қатысушылар саны тұрақты өсіп келеді. Мәселен, 2022 жылы жобаға 2375 жас тартылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3000 адамға жеткен. Ал 2024 жылы 4820 жас жұмыспен қамтылып, 2025 жылы олардың саны 4990-ға артқан. Биыл «Жасыл ел» сапында 5050 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, – деді Айсұлу Ерниязова.

Жоба аясында жастар өңірді көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарымен айналысады. Олар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде сенбіліктерге, ағаш отырғызу және аумақтарды тазарту жұмыстарына белсенді қатысады. Еңбек жасақтарының мүшелері үшін арнайы тренингтер, тимбилдингтер және әлеуметтік жобалар ұйымдастырылады. Бұл жастардың қоғамға бейімделуіне, еңбек дағдыларын қалыптастыруына және экологиялық мәдениетті дамытуына ықпал етеді. Биыл жобаға ең көп қатысушы Қарағанды қаласынан тартылмақ. Мұнда 2000 жасты жұмыспен қамту көзделген. Теміртауда – 1000, Балқашта – 250, Шахтинск пен Саран қалаларында 230-250 жас еңбек жасақтарына қатысады деп жоспарланған. Аудандық деңгейде де жастар белсенділігі артып келеді. Өңірде цифрлық экожобалар да қолға алынуда. Солардың бірі – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін GreenMap мобильді қосымшасы. Жоба Қарағанды облысының жасыл желектерін есепке алу, мониторинг жүргізу және талдау жасау мақсатында әзірленген. Қосымша арқылы ағаштардың түрі, жағдайы, зақымдануы туралы мәліметтер енгізіліп, бірыңғай база қалыптастырылады. Жүйе жасыл қорды бақылауға, өңірдегі экологиялық жағдайды талдауға және көгалдандыру жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жастарды еңбекке баулу мен экологиялық жобаларға тарту – өңірдегі маңызды бағыттардың бірі. Бұл бастамалар жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және туған жерге деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button