Ермағанбет Бөлекпаев: Қарағанды – ТМД-ның 2028 жылғы Жастар астанасы атанады
Қарағанды облысы үшін маңызды жаңалық белгілі болды. Қарағанды қаласы 2028 жылғы ТМД-ның Жастар астанасы болып жарияланды. Бұл туралы өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Аймақ басшысы бұл шешім Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықтағы беделін айқындайтынын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан жастар саясатының нақты нәтижесі екенін жеткізді.

Әкімнің айтуынша, бүгінде Қарағанды облысында 303 мыңнан астам жас өмір сүреді. Олар ғылым, білім, кәсіпкерлік және қоғамдық бастамалар саласында белсенділік танытып келеді.

Өңір басшысы жариялаған жазбада:
“Ардақты жерлестер!
Қуанышты жаңалықпен бөліскім келеді: Қарағанды қаласы 2028 жылғы ТМД-ның Жастар астанасы болып жарияланды!
ТМД Үкімет басшылары кеңесінің бұл шешімі – Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы беделіне берілген жоғары баға әрі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан жастарды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Бұл – Қарағанды облысы үшін үлкен мәртебе әрі өңіріміздің әлеуетіне көрсетілген зор сенім.
Бүгінде облысымызда 303 мыңнан астам жастар өмір сүреді. Олар – білімге ұмтылған, ел дамуына бей-жай қарамайтын, бастамашыл әрі талантты жастар. Дәл осы буын еріктілер қозғалысын, ғылым мен білімді, кәсіпкерлік пен қоғамдық бастамаларды жаңа деңгейге көтеріп келеді.
ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды үшін халықаралық жастар ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік береді.
Біз бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып, халықаралық деңгейдегі жобаны жоғары дәрежеде ұйымдастырамыз деп сенемін.
Барша Қарағанды облысының тұрғындарын және Қазақстан жастарын осы айтулы жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың білімі мен жігерінде, қажыры мен жасампаздық рухында”, – деп жазды облыс әкімі.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



