14-17 жастағы қыздарға да папиллома вирусына қарсы вакцина салынады
Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияның жас мөлшерінің санаты кеңейтілді. 2026 жылғы мамырдың ортасынан бастап 14-тен 17 жасқа дейінгі қыз балалар да АПВ-ға қарсы вакцина ала алады. Қосымша вакцинация Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 қаулысына сәйкес жүргізіледі.

Бұрын АПВ-ға қарсы вакцинация 11–13 жас аралығындағы қыз балалар арасында жүргізілетін. Алайда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне азаматтар тарапынан вакцинацияның жас мөлшері санатын кеңейту туралы бірнеше өтініштер түсті. Осыған байланысты, ересек жас мөлшері санатындағы жасөспірімдерге де вакцинация алу мүмкіндігі берілді.
Қосымша вакцинация 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыз балаларға қолжетімді болады. Бұл вакцинациямен көбірек жасөспірімдерді қамтуға және папилломавирусқа байланысты ауруларға қосымша қорғанысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Адам папилломасы вирусы әлемдегі ең көп таралған вирустық инфекциялардың бірі болып табылады. Вирустың кейбір түрлері қатерлі аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының дамуына әкелуі мүмкін. Сондықтан АПВ-ға қарсы вакцинация әйелдер арасындағы онкологиялық ауруларды алдын алудың ең тиімді шараларының бірі болып саналады.
Бүгінгі күні АПВ-ға қарсы вакцинация көптеген елдердің ұлттық иммунизация бағдарламаларына енгізілген. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, уақтылы вакцинация адам папилломасы вирусына байланысты аурулардың даму қаупін едәуір төмендетеді.
Қазақстан Республикасында «Гардасил» төртвалентті вакцина қолданылады, ол ең қауіпті вирустық түрлерінен қорғайды. Вакцина қауіпсіздік пен тиімділік бойынша қажетті зерттеулерден өткен және көптеген елдерде кеңінен қолданылып келеді. Вакцина тірі вирус құрамайды және ол ауру тудыра алмайды.
Вакцинация медициналық ұйымдарда, тіркелген жер бойынша, ерікті түрде, ата-ананың немесе заңды өкілдердің хабардар келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Вакцинациядан бұрын медициналық қызметкерлер баланың денсаулығын тексеріп, қарсы көрсеткіштердің бар-жоғын анықтайды.
Толық қорғаныс қалыптастыру үшін вакцина үш рет салынады. Екінші доза бірінші дозадан кейін екі айдан соң, үшінші доза бірінші дозадан кейін алты айдан соң енгізіледі. Вакцинация кестесі бұзылған жағдайда курс қайта басталмайды, тек жетіспейтін дозалар енгізіледі.
Вакцинациядан кейін қыз балалар 30 минут бойы медициналық қызметкерлердің бақылауында болады. Кейбір жағдайларда дене қызуының аздап көтерілуі, әлсіздік, инъекция жасалған жерде қызару немесе ауырсыну сияқты қысқа мерзімді реакциялар байқалуы мүмкін. Әдетте бұл реакциялар бірнеше күн ішінде өздігінен кетеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ата-аналарды профилактика мәселесіне жауапкершілікпен қарауға және қыз балаларын уақытылы адам папиломасы вирусына қарсы вакцинациялауға шақырады, өйткені вакцинация – балалардың денсаулығын қорғаудың және болашақта ауыр аурулардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Кез келген сұрақ туындаған жағдайда тұрғындар медициналық қызметкерлерге жүгініп, ақпаратты ресми көздерден алуы қажет.
Балаларыңыздың денсаулығы мен болашағы үшін дұрыс таңдау жасаңыз, уақытылы адам папиломасы вирусына қарсы вакцинациядан өтіңіз!
С.ИРИСТАЕВ
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері



