Қарағандыда Құрбан айтқа дайындық басталды
Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа санаулы күн қалды. Осыған орай Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында айт намазының уақыты, құрбандық шалудың тәртібі, арнайы белгіленген орындар, мерекелік бағдарлама, қайырымдылық шаралары және онлайн құрбандық шалу жүйесі туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесінің ортақ келісімі негізінде биылғы Құрбан айт күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, һижри жыл санауы бойынша 1447 жылдың зұлхижжа айы 18 мамырда басталды. Арапа күні 26 мамырға сәйкес келсе, 27 мамыр – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні болып бекітілді. Қарағанды облысы бойынша айт намазы таңғы сағат 06:30-да оқылады.
Қарағанды облысы бойынша бас имам Естай Әбдіғали Құрбан айттың рухани мәніне тоқталды.
– Ораза айт бір күн болса, Құрбан айт үш күнге созылады. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде мұсылман адам барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі іс пен жақсы амал жасауға тырысуы керек. Хадистерде осы күндері жасалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» деп бұйырады. Биылғы Құрбан айт мейрамын дәстүрімізге сай қоғамдық деңгейде атап өту мақсатында облыстың барлық өңірінде «Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбында түрлі игі іс-шаралар ұйымдастырылады, – деді бас имам.
Айт намазынан кейін облыстық «Әнет баба» мешітінің ауласында мерекелік бағдарлама жалғасады. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қой көтеру, арқан тартыс, қол күресі секілді сайыстар өтеді. Сонымен қатар, балаларға арналған «ҚҰРБАНFEST – 2026» мерекелік кеші жоспарланған. Онда көңілді аниматорлар өнер көрсетіп, түрлі ойын бағдарламалары ұсынылады. Облысқа қарасты қала және аудан мешіттерінің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылады. Жер-жерде мәдени-рухани кештер өтеді.

Баспасөз мәслихатында құрбандық шалудың шариғаттағы талаптары да кеңінен түсіндірілді. Облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Данияр Кемербаевтың айтуынша, құрбандық шалудың басты мақсаты – Жаратушының разылығына бөлену.
– Құрбан малын әр отбасы жеке шалғаннан кейін етін өздері пайдаланса да, ағайын-туыс, көрші-қолаң, жетім-жесір, мұқтаж жандарға таратса да болады. Шариғат бойынша құрбандық етін үшке бөлген абзал. Бір бөлігін отбасына қалдырып, екінші бөлігін ағайын-туысқа, үшінші бөлігін мұқтаж жандарға үлестірсе, сауабы мол. Құрбан шалатын адамға да белгілі талаптар қойылады. Ол ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, азат мұсылман болуы керек. Сонымен қатар, нысап мөлшерінде мал-мүлкі болуы шарт. Яғни, 85 грамм алтынға немесе соған тең қаражатқа ие болса, құрбандық шалу – міндет, – деді Данияр Ерікұлы.
Құрбандыққа шалынатын малға да нақты талаптар бар. Қой мен ешкіні бір адам немесе бір отбасы атынан шалуға болады. Ал, ірі қараны жеті адамға дейін бірігіп шалуға рұқсат етіледі. Құрбандыққа шалынатын қой мен ешкі бір жасқа толған, сиыр екі жастан, түйе бес жастан асқан болуы тиіс. Сонымен қатар, малдың дене мүшелері түгел, сау әрі құрбандыққа жарамды болуы қажет.
Шариғат бойынша құрбандыққа түйе, сиыр, қой немесе ешкі шалынады. Құс союға болмайды. Ал, жылқы малы Имам Ағзам мәзһабы бойынша құрбандық малына жатпайды. Дін өкілдері құрбан шалуда ысырапқа жол бермеуге, малды арнайы белгіленген орындарда ғана союға және санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Қарағанды қаласында құрбандық шалуға арнайы үш орын белгіленген. Олар: «Резник көшесі», 18, Н.Гоголь көшесі, 2/23 мекенжайындағы «Арай KZ», сондай-ақ, С.Сейфуллин көшесі, 53. Арнайы құрылған жұмыс штабы айт күндері құрбандық еттерін мақсатты орындарға жеткізуді ұйымдастырады. Бұл ретте мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді жүйелі жүргізу көзделген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері халыққа қолайлы әрі ашық қызмет көрсету мақсатында QURBAN.MUFTYAT.KZ онлайн құрбандық платформасын іске асырып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтарға құрбан шалу рәсімін заманауи цифрлық форматта оңай әрі сенімді түрде орындауға мүмкіндік беру, сондай-ақ мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді жүйелі ұйымдастыру.
Азаматтар QURBAN.MUFTYAT.KZ сайты арқылы онлайн тапсырыс беріп, Kaspi QR немесе мобильді қосымша арқылы төлем жасай алады. Өтініштің орындалу барысын да онлайн бақылауға мүмкіндік бар. Құрбандық шалынғаннан кейін тапсырыс берушіге SMS хабарлама және арнайы бейне есеп жолданады. Қарағанды облысы бойынша онлайн шалынатын құрбандық малының бағалары да жарияланды. Ірі қара – 900 000 теңге, қой – 120 000 теңге, ешкі – 65 000 теңге.
Сондай-ақ, дін өкілдері кәсіпкерлерді айт күндері сауапты іске үлес қосуға шақырды. Әсіресе, мал құнын қолдан көтермеу, халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып оңтайлы баға ұсыну, жұртшылық күнделікті тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасау мәселесі айтылды. Бұл – мерекенің шынайы рухына сай келетін игі қадамдардың бірі.
Құрбан айт – мұсылман баласын мейірімге, жомарттыққа, бауырмалдыққа үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері жасалған әрбір ізгі амал қоғамдағы татулықты бекемдеп, мұқтаж жанға демеу, көңілі жүдеу адамға қуаныш сыйлауға бағытталуы тиіс.
Қасиетті айт күндері әр шаңыраққа береке, әр отбасына амандық нәсіп етсін. Алла Тағала шалынған құрбандықтарды, жасалған дұға-тілектер мен игі амалдарды қабыл етсін!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»




