Бас тақырыпЖаңалықтар

Қазақстанда Аналар күні атап өтілуде

Бүгін, мамыр айының екінші жексенбісінде, Қазақстанда Аналар күні тойланып жатыр. Биыл мереке 10 мамырға сәйкес келді. Айта кетейік, бұған дейін Аналар күні елімізде қыркүйек айында аталып өтетін. Алайда Үкіметтің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына сәйкес, мереке мамырдың екінші жексенбісіне ауыстырылды. Бұл өзгеріс халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру мақсатында қабылданған.

Сурет ЖИ

Қазіргі таңда Аналар күнін мамырдың екінші жексенбісінде әлемнің 20-дан астам елі атап өтеді. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия бар.

Қазақстанда аналардың мәртебесін арттыру мен отбасы институтын нығайту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Аналар кеңесінің» бүгінде республика бойынша 1 713 бөлімшесі жұмыс істейді. Оның құрамында 16 мыңнан астам әйел еңбек етеді.

2024 жылғы ұлттық баяндамаға сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі аналарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар. Атап айтқанда, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жүктілік пен босануға байланысты төлемдер және бала туған кездегі біржолғы жәрдемақылар туралы халық жақсы біледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны 338 мың адам алған. Бұл мақсатқа 61,1 млрд теңге бағытталған.

Сонымен қатар жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын әлеуметтік төлем төленеді. Ал жұмыс істемейтін аналарға бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.

Соңғы жылдары бала күтімі бойынша төлем мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылып, көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған қосымша қолдау тетіктері енгізілді.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button