Тағылымды тағдыр тәбәрігі
М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана төрінде «Ерлікпен ел қорғау» атты тағылымды кеш өтті. Кештің басты кейіпкері – ел шебін күзеткен айбынды азамат, «Құрметті шекарашы», «Ұзақ жорық үшін» төсбелгілерінің иегері, шекара қызметінің контр-адмиралы Кенжеберген Әбікеев. Тағылымды іс-шараға колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Өмірін Отан қорғауға арнаған ардақты азамат өз сөзінде әскери қызметтің жауапкершілігі мен қасиетті борыш екенін терең толғаныспен жеткізді.
Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері де кеш мазмұнын байыта түсті. Жиын барысында қонақтар кеш иесінің өнегелі өмір жолына тоқталып, оның ел алдындағы еңбегіне жоғары баға берді. Әсіресе, сыныптастары мен достарының жүрекжарды естеліктері кештің әсерін тереңдете түсті. Олар Кенжеберген Қабышұлының азаматтық келбеті мен адамгершілік қасиеттерін тебірене әңгімелеп, жиналған жұртқа ой салды.
Кездесуде жас буын мен ардагер арасында ашық сұхбат өрбіді. Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледж курсанттары мен Н. Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектеп жанындағы «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
– Ердің әуелгі қасиетті борышы – өзінің отбасын және бәрінен де қымбат Отанын қорғау. Жас ұрпақ осыны көкейлеріне түйсе екен. Елді, жерді қорғайтын біздер мен сіздер. Сол себепті де, ер жігіт Отан үшін отқа түсе алуы тиіс деп есептеймін. Елімнің егемендігі баянды болса екен деп тілеймін. Халқымның береке-бірлігі, ынтымағы сетінемесін! – деді Кенжеберген Әбікеев.
Кеш аяқталғаннан кейін де студенттер өнегелі ғұмыр жолына түскен кеш кейіпкерімен жеке әңгіме өрбітті. Бұдан біз жастардың кеудесінде бір оттың тұтанғанын аңғардық.



