ОсакаровАймақЖаңалықтар

Қоғам заң мен тәртіпке сүйенеді

Осакаров ауданында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған тағылымды шара өтті. «Заң мен тәртіп» идеологиялық ұстанымы аясында ұйымдастырылған квиз-ойынға ауданның белсенді жастары қатысып, заң тақырыбындағы білімдерін сынға салды. Танымдық әрі тәрбиелік мәні зор іс-шара аудандық мәдени-сауық орталығында өтті.

Суреттер Осакаров аудандық ішкі саясат бөлімінен

Шара Осакаров ауданы прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылып, оған осы құзырлы органның қызметкерлері, мекеме басшылары, ұстаздар мен жастар қатысты. Квиз-ойынның ашылу салтанатында аудан прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Жомарт Сүлейменов сөз сөйлеп, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол заңға құрметпен қарау – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі екенін атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынасты. Командалар интернет қауіпсіздігі, кибербуллинг, алаяқтық, адам құқықтары мен заң алдындағы жауапкершілік тақырыптарында түрлі тапсырмалар орындады. Әсіресе, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – цифрлық қауіпсіздік тақырыбына ерекше назар аударылды.
Алғашқы кезеңде жастарға түрлі өмірлік жағдаяттар ұсынылып, олардың қауіпті немесе қауіпсіз екенін анықтау тапсырылды. Қатысушылар интернет алаяқтары, әлеуметтік желідегі қысым көрсету, жеңіл табыс ұсынатын күмәнді хабарламалар секілді мысалдарды талдап, өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, нақты жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдарын көрсетуге арналған тапсырмалар да ұйымдастырылды.
Квиздің келесі бөлімдерінде құқықтық сауатқа қатысты сұрақтар қойылып, командалар жылдамдық пен білім деңгейі бойынша сынға түсті. Қатысушылар буллинг, мүліктік жауапкершілік, адам құқығы, заң бұзушылық пен қоғамдағы тәртіп мәселелері жөнінде жауап берді. Бұдан бөлек, құқықтық терминдерді түсіндіру, жасырылған сөздерді табу секілді ойын элементтері шараның мазмұнын байыта түсті.
Ерекше қызығушылық тудырған кезеңдердің бірі – жағдаяттық талдау бөлімі болды. Мұнда қатысушылар прокурор және адвокат рөлінде түрлі құқықтық жағдайларға баға беріп, өз ұстанымдарын дәлелдеуге тырысты. Кибербуллинг, мектептегі төбелес, бөтеннің мүлкін пайдалану және мүлікке зиян келтіру секілді оқиғалар талқыланды. Бұл кезеңде Осакаров ауданы прокурорының орынбасары Ардақ Омаров жастарға құқықтық түсіндірме беріп, заң талаптарын кеңінен түсіндірді.
Шара барысында көрермендер де белсенділік танытып, қатысушыларға қолдау көрсетті. Сахнада патриоттық әндер шырқалды.
Квиз-ойын соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай танымдық шаралардың алдағы уақытта ауданның өзге ауылдық округтерінде де жалғасатынын атап өтті.
Осындай тәрбиелік мәні зор бастамалар жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, заңға құрметпен қарайтын, жауапкершілігі жоғары азамат қалыптастыруға ықпал етеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты әділетті қоғамның берік негізі екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button