АймақҚарағанды

Маманға лайықты құрмет

Мереке қарсаңында елордадан жағымды жаңалық жетті. Көлік саласының дамуына сүбелі үлес қосып, осы бағытқа қырық жылға жуық ғұмырын арнаған білікті маман Ермек Тұтқышев Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың бұйрығымен «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен марапатталды. Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Серік Башимов төсбелгі иесін арнайы шақырып, салалық марапатты салтанатты түрде табыс етті.

Суреттер автордан

Серік Башимов құттықтау сөзінде марапат иесінің кәсіби біліктілігі мен ел экономикасының дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Әрі оның жауапкершілік пен жоғары кәсібилікке негізделген еңбек жолы өскелең ұрпаққа өнеге, қоғам үшін үлгі екенін жеткізді. Ағасы Тұрсын Тұтқышев салтанатты рәсімге арнайы келіп, бауырының ұзақ жылғы еңбегін еске алып, жылы лебізін білдірді.

– Ермек осы салада талай жыл абыроймен еңбек етіп, өзінің кәсіби жолын осы жерден бастап, зейнетке де осы саладан шықты. Оны тек біз ғана емес, бүкіл көлік саласының мамандары жақсы біледі. Ол өз ісіне адал болып, жылдар бойы жауапкершілігімен, тиянақтылығымен танылды. Талай жыл бойы осы саланың дамуына бар күш-жігерін жұмсады. Өзім де бауырыммен қатар жүріп, оның еңбегін, табандылығын, жұмысқа деген көзқарасын жақыннан көріп келемін. Ұқыптылығы мен талапшылдығы жоғары маман болды. Осындай еңбектің нәтижесінде бүгінгі марапат – заңды бағасы деп білемін. Енді бауырыма тек зор денсаулық, толайым табыс тілеймін. Осындай құрмет пен марапаттар алдағы уақытта да көп бола берсін. Ал, біз сол еңбектің, сол жетістіктің қуанышын бірге бөлісіп, жақсы жаңалықтарға куә болып жүре берейік, – деді ол.

Ермек Төлеуұлы өзінің кәсіби еңбек жолын 1981 жылы Ақадыр аудандық кеңесінде нұсқаушы болып бастаған. Кейін аудандық партия комитетінің шақыртуымен 1984 жылы «Армияға, авиацияға және Әскери-теңіз күштеріне ерікті көмек» мекемесіне ауысып, өзінің еңбек жолын осы салада жалғастырған. Сол уақыттан бері ол зейнет жасына дейін осы салада тынымсыз еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен танылды.Ұзақ жылдар бойы жауапкершілік пен табандылық танытып, саланың дамуына елеулі үлес қосты. Еңбегі де еленіп, бірқатар мерекелік медальмен және салалық марапатпен марапатталған.

– Негізгі мамандығым – инженер. Көлік жүргізушілерін даярлау саласында шамамен 40 жыл бойы бір мекемеде абыройлы қызмет атқардым. Зейнетке шығар алдында, 2014 жылы Қарағандыдағы «ОТАН» кәсіптік-техникалық оқу орталығы» ЖШС-не ауысып, еңбек жолымды әрі қарай осы ұжымда жалғастырдым. Сөйтіп, бар ғұмырымды дерлік осы салаға арнадым. Еңбегімнің еленіп, осындай жоғары марапатқа ие болып отырғаным – мен үшін үлкен құрмет. Осы марапатты табыстаған басшылыққа шынайы алғысымды білдіремін, – деді Ермек Төлеуұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button