Руханият

Күй күмбезіне құрмет

Арқаның алтын тәжі – Қарқаралының қарағайлы шыңдары бұл жолы Тәттімбеттің «Сарыжайлауындай» құлпырып, «Көкейкестісіндей» күмбірледі. Халқымыздың рухани жадын арқалаған қасиетті күй өнері Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы облыстық байқауда қайта жаңғырды. Тәттімбеттің сырлы сазымен тербелген бұл кеште тарихы терең күйлер жас дарындардың орындауында жаңаша серпін алып, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Байқаудың ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш ақ тілегін білдіріп, күй өнерінің ұлт тарихындағы орнына айрықша тоқталып өтті. Сайысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев бастаған білікті мамандар төрелік етті. Қазылар алқасының құрамында Мадияр Сүлейменов, Сайлау Әлиұлы, Қуат Сәкенов және Абзал Абдрахманов сынды күй өнерінің нағыз майталмандары болды.

Екі кезеңнен тұрған додада 12 үміткер бақ сынады. Іріктеуде күйдің нақышы мен техникасына мән берілсе, ақтық кезеңде орындаушылардың күйдің күмбірі мен сахналық мәдениеті сарапқа салынды.

Байқаудың қорытындысы бойынша, бас жүлдені қарағандылық Жанбек Самарқан иеленіп, 1 миллион теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. Тұғырдың бірінші сатысына жас өрен Нұрмұхамед Жақанов көтеріліп (500 мың теңге), өнерінің үстем екенін дәлелдеді. Жүлделі екінші орын Аружан Қуанышбайға (300 мың теңге), үшінші орын елордалық Нұрғиса Мязовқа (200 мың теңге) бұйырды. Сондай-ақ, Астанадан келген Нұрсұлтан Армия арнайы дипломмен және 100 мың теңге сыйақымен марапатталды.

– Тәттімбет бабамыздың елінде, оның атындағы дүбірлі додада жеңіске жету – қай-қайсымыз үшін де үлкен мәртебе һәм жауапкершілік. Қарқаралының табиғаты мен рухы күйшіге ерекше шабыт сыйлайды екен. Сахнаға шыққанда бойымды толқыныс билегенімен, домбыраның пернесін басқан сәтте бабалар үніне демеу болғандай сезіндім. Бұл жеңісімді ұстаздарыма және күй өнерін қастерлейтін барша қауымға арнаймын. Алдағы уақытта да қазақтың қасиетті қара домбырасын әлемге таныту жолында аянбай еңбек етемін, – дейді Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті, І орын иегері Нұрмұхамед Жақанов.

Қарқаралы аспанында күмбірлеген күй үні ұзаққа дейін тарқамасы анық. Бұл байқау – ұлттық өнердің өлмейтіндігінің, Тәттімбет салған соқпақтың даңғыл жолға айналғанының айқын дәлелі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button