Әуенге айналған асқақ рух
Жеңіс күніне орай Кеншілер мәдениет сарайында «Ардагерлер ән салады» атты хор ұжымдарының облыстық фестивалі өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын өнер мерекесі биыл да өңірдің әр түпкіріндегі аға буын өкілдерінің басын қосты.

Фестивальға Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандары мен Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларынан келген 28 хор ұжымы қатысты. Жалпы, облыстың әр өңірінен жиналған ұжымдар құрамында 600-ден астам өнерпаз сахнаға шықты.
– «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Бүгінгі фестивальдың басты құндылығы – аға буын өкілдерінің өнерге деген шынайы сүйіспеншілігінде. Сіздердің сахнаға шығып, ән айту арқылы елге рух сыйлап, жас ұрпаққа үлгі көрсетіп жүргендеріңіз – үлкен құрметке лайық іс. Ардагерлердің өнері – жай ғана концерттік бағдарлама емес, бұл – ұрпақтар сабақтастығының, елдік рухтың, бейбіт күннің қадірін ұғындыратын тағылымды көрініс. Мәдениетке қосып жүрген үлестеріңіз тұтас қоғам үшін маңызды. Барша қатысушыларға мықты денсаулық, шығармашылық шабыт және отбасыларына амандық тілеймін, – деді облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Сержан Мұсайын.
Сахна төрінде хор ұжымдары халық әндерін, соғыс жылдарындағы рухты шығармаларды және патриоттық тақырыптағы әндерді әуелете орындады. Әрбір шығармада елге деген сүйіспеншілік, Жеңіс рухына тағзым, бейбіт күнге шүкіршілік сезімі терең көрініс тапты.
– Өнер – киелі ұғым. Сол өнерді дәріптеп, сахна төрінде халыққа қуаныш сыйлап жүрген сіздердің әрбір қадамдарыңыз жарқын бола берсін. Бүгінгі фестиваль – ардагерлердің бойындағы қажыр-қайраттың, өмірге деген құштарлықтың, өнерге деген адал ықыластың айқын көрінісі. Ән арқылы елдің еңсесін көтеріп, көпшілікке рухани әсер сыйлау – үлкен шеберлікті талап етеді. Барлық хор ұжымдарына сәттілік тілейміз. Сахнадағы өнерлеріңіз әрдайым көрермен жүрегіне жол таба берсін! – деді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабике Адамова.
Өнерлі қариялардың сахнадағы шынайы ықыласы, жарасымды орындаушылық мәнері мен рухты әндері көпшілік көңілінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



