Бұқар жырау ауданынан Бұхара қаласына барды
Бұқар жырау ауданындағы “Руханият” қосымша білім беру орталығының мұғалімі, аудандық мәслихаттың депутаты Амантай Ақышев өзі қолға алған “Он бір бағыттағы – он бір қадам” жобасы аясында жуырда бауырлас Өзбекстанның Бұхара қаласына барып қайтты.

Жоба жетекшісі сапарының басты мақсаты сондағы Көкілташ медресесінен қазақ зиялыларына тиесілі орындарды жаңғырту болатын.
Сапар барысында Өзбекстанның мәдениет және мұрағат саласы мамандарымен маңызды келісімдер жасалып, бабалар мұрасына арналған бөлмелер салтанатты түрде ашылды. Соның ішінде кезінде осында оқып, білім алған әулие ақын Мәшһүр Жүсіпке арналған жеке бөлме де бар.

Бұл жолы Амантай Көкілташ медресесінің мұрағатына онда оқыған қазақ ғұламалары жайлы 8 кітап тапсырып, екіжақты рухани байланыс орнату мақсатында меморандумға қол қойылды.
Бұқаржыраулық өлкетанушы Амантай Ақышевтің бұл бастамасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның да қолдауына ие болып, ведомствоаралық деңгейдегі құжаттармен бекітілген. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Өзбекстанға сапарын осы Бұхара қаласынан бастап, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Көкілташ медресесінде болып, аралап көруі де туыстас екі ел арасындағы мәдени-рухани баланысты одан әрі нығайтып, көкжиегін кеңейте түсері анық. Амантай Ақышев жетекшілік ететін бұл жоба да соның жарқын бір көрінісі.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



