Жауапкершілік алаңы
Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында «BIKE SESSION NEO NOMADS» атты ауқымды мотошара өтті. «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға жастар, ULYS NOMAD (Астана) және Chingizkhan (Қарағанды) мотобірлестіктерінің өкілдері, прокуратура, өңірлік полиция департаменті, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар қатысты. Шараны Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Мотомерекенің басты мақсаты – жол қауіпсіздігі, көлік жүргізу мәдениеті, алғашқы медициналық көмек көрсету және саналы өмір салтын қалыптастыру мәселелерін талқылау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама еркіндік, қозғалыс және жауапкершілік құндылықтарын дәріптейтін маңызды қоғамдық алаңға айналды.
Қарағанды облысының жастар саясаты басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін басты назарда – заң мен тәртіп идеологиясының қағидаттары. Соңғы уақытта жастар арасында екі дөңгелекті көлікке қызығушылықтың артқаны жасырын емес. Сондықтан, бізге жол қауіпсіздігі ережелерін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу маңызды. Себебі сауатты жүргізу – өз өмірлеріңізді де, жақындарыңыздың өмірін де сақтайды, – деді Айсұлу Ерниязова.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын сақтау қажеттігі туралы Қарағанды облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры Құттыбек Байдильдин өз сөзінде атап өтті.
Өз кезегінде республикалық білім беру бағдарламаларының авторы, кәсіби медиатор-келіссөз жүргізуші, ULYS NOMAD мотобірлестігінің жетекшісі Серік Щеглов Қарағанды облысының түрлі бастамаларға ашық екенін жеткізді. Ол өңір басшылығының жобаларды жүзеге асырудағы жеделдігі мен креативтілігін жоғары бағалады.
– Бұл жолы да Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей тарапынан қолдау таптық. Ол біздің BIKE SESSION өткізу идеямызды құптап, оны дәл осы ірі шахтерлік өңірдің орталығында ұйымдастыруға мүмкіндік берді, – деді Серік Щеглов.
Іс-шара барысында спикерлер жол-көлік оқиғасы кезіндегі алғашқы әрекеттер, қауіпті жарақаттардың алдын алу, зиянды әдеттерге балама жолдар, халықаралық саяхаттар және басқа да маңызды тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті түрде түсіндірді.
Қала тұрғындары мен қонақтары мотоциклдер көрмесін тамашалап, фотосессияға қатысып, әсерлі музыкалық бағдарламаларға куә болды. «BIKE SESSION NEO NOMADS» жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ендігі міндет – жастардың жол қозғалысы ережелерін сақтап, рөлде барынша сақ болуы.
Мұндай форматтағы ашық алаңдар жастар мен тәжірибелі мотошабандоздар арасында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Қатысушылар тек теориялық ақпаратпен шектелмей, нақты өмірлік жағдайларда қалай әрекет ету керектігін талқылап, өзара пікір алмасты. Бұл өз кезегінде жол қозғалысына деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, мотомәдениеттің қауіпсіз әрі саналы бағытта дамуына ықпал етеді. Осындай іс-шаралар арқылы қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікке негізделген жаңа көзқарас қалыптасып келеді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ



