Тіл шебері бақ сынап…
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында «Тіл шебері» атты қалалық байқау өтті. «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған сайысқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген 18-35 жас аралығындағы жастар қатысты.

Байқауға жалпы 21 өтінім түсіп, соның ішінен 10 қатысушы іріктелді. Үміткерлер үш кезең бойынша бақ сынап, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі білімін, сөйлеу мәдениетін, ой жүйріктігін және таным көкжиегін көрсетті.
Қазылар құрамы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің оқытушыларынан жасақталып, оған университет оқытушысы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі Жаңбырбай Қағазбаев төрағалық етті.
– Бұл байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыра отырып, көптілді, ойы озық, бәсекеге қабілетті жастарды қолдау. Өйткені, бүгінгі қоғамда тіл білу – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, елтанымның, білімнің, мәдениеттің және тұлғалық дамудың маңызды тетігі. Себебі, тіл – халықтарды жақындастыратын, мәдениеттерді табыстыратын, ортақ түсінік қалыптастыратын алтын көпір. Тіліміздің мәртебесін асқақтата отырып, өзге тілдерді де жетік меңгерсек, бәсекеге қабілетті бола алатынымыз анық. Биыл 5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында ауқымды деңгейде «Тілфест» фестивалі өткізілмек. Соған дейін ай сайын тұрақты түрде тілімізді дамытуға сеп болатын түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырамыз, – деді Қарағанды қаласының тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің әдіскері Сәуле Нелдібаева.
Сайыстың алғашқы кезеңі «Сөзтаным». Бұл кезеңде қатысушылар экранда көрсетілген ұяшықтардың бірін таңдап, берілген тұлға туралы қазақ тілінде ой қозғады.

Екінші кезең «Елтаным». Қатысушылар қазақтың киелі жерлері мен тарихи орындары туралы орыс тілінде баяндады.
Ал, үшінші кезең «Ойтаным» атауымен өтті. Мұнда қатысушылар ұлы тұлғалар, ұлттық аспаптар, ұлттық ойындар тақырыбында ағылшын тілінде сөйледі.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Азиза Құлметтенова иеленді. ІІ орын Шұғыла Болатоваға бұйырды. Ал, ІІІ орынды Мөлдір Мартбек еншіледі. Сонымен қатар, Аяжан Мақанға, Гүлназ Нұрғабденоваға және Мерей Жұмаділләға ынталандыру сыйлықтары берілді.
– Президентіміз өз сөзінде ел тұтқасын ұстайтын жастар бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы керек екенін жиі айтады. Осыны негізге ала отырып, өзімді сынап көргім келді. Бүгін шынында да, қарым-қабілетімізді шыңдап, өзіміз білмейтін танымдық ақпарат пен тың мағлұматқа қанық болдық. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, тілдік дағдымызды жетілдіру арқылы әрқайсымыздың таным көкжиегіміз кеңейе түседі, – деді жеңімпаз, ҚарҰЗУ-дың IV курс студенті Азиза Құлметтенова.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



