Қарағанды облысында ересектерге арналған мемлекеттік тілді тегін оқыту курстарының алғашқы кезеңі сәтті аяқталды. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған бұл жоба үш ай бойы жалғасып, жүздеген тұрғынның қазақ тілін меңгеруіне жол ашты.

Курс барысында тыңдаушылар теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларын да жетілдіріп, қорытынды емтихан тапсыру кезеңіне өтті. Бағдарлама қазақ тілін күнделікті өмірде еркін қолдануға бағытталып, оқылым, тыңдалым, жазылым және айтылым қабілеттерін кешенді дамытуға басымдық берді. Сонымен бірге, заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдар кеңінен қолданылып, тіл үйрену үдерісі барынша тиімді ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі үлесін арттыру мәселесі өзекті бағыттардың бірі болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, қазақ тіліндегі цифрлық контенттің үлесі әлі де жеткіліксіз. Осы тұрғыда өңірлерде жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар тілдің тек тұрмыстық емес, технологиялық және кәсіби салада да кеңінен қолданылуына жол ашады.

– Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы былтырдан бастап бірқатар тың жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Оныі ішінде былтыр аукқымды шара ретінде «Тұлпар мініп ту алған» жобасын айтуымызға болады. Былтырғы тағы бір тың жоба республика көлеміндегі «Сөз жасам» өнеркәсіп саласындағы аудармасы жоқ сөздерді жинақтап терминком арқылы қооданысқа енгізу мақсатында жүзеге асырылды. Биылда басқарма тарапынан үлкен жобаны қолға алып отырмыз, бұл DigitalKZ хакатон бұл жобаның негізгі мақсаты қазақ тілін цифрлық ортада дамыту инновациялық IT өнімдерді әзірлеу сол арқылы жастарды тарту бұл негізгі жобаға 18-35 жас аралығындағы дизайнер, IT мамандарын студенттерді, цифрлық өнімдерді жасауға қызығушылығы бар өзге де азаматтар қатыса алады. Хакатон қорытындысы бойынша үздік жобалар ақшалай жүлде қорларымен марапатталатын болады. Сондай-ақ, биыл «сауатты жарнама сапалы қызмет» әлеуметтік жобасын жалғастырып келе жатырмыз. Бұл жоба бірнеше жылдан бері іске асырылып келеді. Осы жоба арқылы қарағанды қаласындағы мемлекеттік қызмет көрсету саласына, орта және шағын бизнес өкілдеріне мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуы, жарнама мәтінінің дұрыс жазылуы бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі, – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту, сараптама және ономастикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Гаухар Темірғалиева.
Айта кету керек, «Digital KZ» хакатоны 2026 жылдың 4-7 маусым аралығында өткізіліп, қатысушылар бірнеше күн ішінде нақты IT өнімдерді әзірлейді. Жүлде қоры да қомақты: бірінші орын – 1 000 000 теңге, екінші орын – 500 000 теңге, үшінші орын – 250 000 теңге. Сонымен қатар, «Сауатты жарнама – сапалы қызмет» жобасы аясында кәсіпкерлерге тегін тілдік және құқықтық кеңес беріліп, жарнама мәтіндерінің заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Жоба барысында жүздеген нысанға мониторинг жүргізіліп, анықталған қателер түзетілді.
Аталған курсқа түрлі сала өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер қатысып, өздерінің тілдік құзыретін арттыруға мүмкіндік алды. Бұл бастама мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қоғамдағы маңызын арттыруға бағытталған.
Оқу аптасына үш рет өткізіліп, жалпы көлемі 72 академиялық сағатты қамтыды. Бұдан бөлек, сөйлеу дағдыларын жетілдіру мақсатында 28 сағаттық арнайы сөйлеу клубтары ұйымдастырылды. Осылайша, курс бағдарламасының жалпы ұзақтығы 100 академиялық сағатқа жетті. Сабақтар Қарағанды қаласындағы бірнеше оқу алаңында өтті. Атап айтқанда, Абзал сауда үйі, Достық үйі және Гоголь көшесі, 34-үй мекенжайындағы оқу кабинеттерінде ұйымдастырылды.
– Биылғы 2026 жылға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысымен Қарағанды облысының тілдерді оқыту басқармасының базасында мемлекеттік тілді оның ішінде ересектерді, мемлекеттік қызметкерлерді қарағанды қадасының кез келген кәмелеттік жасқа толған тұрғындарын мемлекеттік тілді оқыту курсына қатыса алады. Биылғы жылға 930 адамды оқыту жоспарланып отыр, қазір бірінші кезек аяталып қалды. Бірінші кезең ақпан, наурыз, сәуір айын қамтиды. Келесі аптада етихан аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификат табыстайтын боламыз. Биылғы оқу жылының ерекшелігі жеке тұлғалардың сұраныстың жоғары болуы. 72 сағаттық оқудың 100 пайызына қатысқан қатысушы ғана емтиханға жіберіледі, – деді облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.
Бағдарлама A1-ден C1 деңгейіне дейінгі сатыларды қамтып, әр тыңдаушының тіл меңгеру деңгейіне сәйкес білім алуына жағдай жасады. Курсты толық аяқтаған қатысушылар қорытынды емтихан нәтижесіне сәйкес арнайы сертификатқа ие болады. Қарағанды қаласы бойынша І кезеңде 369 адам мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысып, бүгінде білімдерін саралайтын қорытынды сынақтан өтуде. Бұл көрсеткіш өңірде мемлекеттік тілге деген қызығушылықтың жоғары екенін айқын көрсетеді. «Сөзжасам» жобасы аясында өндіріс және технология салаларында қолданылатын қазақша баламасы жоқ терминдерді жүйелеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба барысында кемінде 150 жаңа термин әзірленіп, оларды қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Курсқа қатысушылардың қатарында түрлі ұлт өкілдері мен зейнеткерлер де бар. Олар мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетіп, жобаның қолжетімділігі мен тиімділігін атап өтті.
– Мен зейнеткермін, ұлтым белорус. Осындай тегін қазақ тілі курстарына көп рақмет, маған ұнады. Біз жаңа оқулықпен оқыдық, кітап өте қызықты және өте оңай. Мен қазір қазақ тілін түсінемін және сөйлей аламын, – деді Галина Совельева.
Жалпы, Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, оның заманауи қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігіне айналып отыр. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің болашақта толыққанды цифрлық және кәсіби коммуникация тіліне айналуына негіз қалайды.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



