Қарағанды облысында «Ашық полиция» акциясы өтті
Акцияда өңірдің жас буыны құқық қорғау органдарының күнделікті қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Қарағанды қалалық полиция басқармасында ұйымдастырылған шараны Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы өткізді. Акцияға студенттер мен мектеп оқушылары қатысып, полиция жұмысының ішкі құрылымымен және қызмет барысымен танысты.

– Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан прокуратурасы полиция органдарында ашық есік күнін ұйымдастырды. Негізгі міндет – жасөспірімдерге заң талаптарын бұзудың қандай салдарға әкелетінін көзбен көрсетіп, нақты түсіндіру. Іс-шара аясында арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Студенттер мен оқушылар полиция бөлімшелерін, уақытша ұстау изоляторын, сондай-ақ қабылдау-тарату орнын аралап көрді, – деді Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының бөлім прокуроры Гүлсара Керімжанова.

Іс-шара барысында жас қатысушыларға полиция қызметінің күнделікті тыныс-тіршілігі, бөлімшелердің атқаратын міндеттері және құқық бұзушылықтардың алдын алу мен олармен жұмыс істеу ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді.

Акция ашық диалог форматында өтіп, жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық тақырыптар бойынша нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Сонымен қатар қала тұрғындарымен де кездесу ұйымдастырылып, азаматтар құқықтық мәселелер бойынша кеңес алып, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.

Саран қаласында «Ашық полиция» акциясымен қатар мектеп оқушыларына арналған зияткерлік квиз де өткізілді. Қалалық мәдениет үйінде заң мен әділетті қоғам тақырыптарына арналған кітап көрмелері ұйымдастырылып, ал квиз барысында қатысушылар құқық, тарих және заңнама салаларындағы білімдерін сынға салды.
Жеті кезеңнен тұрған ойын оқушылардан тек білімді ғана емес, логикалық ойлау қабілеті мен жылдам шешім қабылдауды да талап етті.

Барлық командаларға алғыс хаттар табысталып, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



