Ұлт өнерінің дүлдүлі ұлықталды
Сарыарқаның сақи даласы қазақтың маңдайына талай дүлдүл өнерпаздарды жарқыратып дүниеге әкелді. Ән мен жырдың алтын қазығы болған Ақтоғай ауданының өзінен руханиятқа үлес қосқан кесек тұлғаларды жіпке тізгендей баян ете беруге болады. Солардың бірі һәм бірегейі, алуан қырлы талант иесі – Манарбек Ержанов. Биыл туғанына 125 жыл толған тұғырлы тұлғаның мерейтойына орай Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Ұлттық өнердің үнін асқақтатқан Манарбек Ержанов» атты ән кеші өтті.

Саналы ғұмырында сахна саңлағына айналған сайыпқыранның шығармаларын Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік әртістері мен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері шырқады. Мерекелік бағдарламаның шымылдығы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Дайрабай» күйімен түріліп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан өнер иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді.
– Манарбек манауратқан әндердің сөзі көбіне сол кездегі Совет дәуіріне лайықтап жазылған. Сол әндерді замана көшінен қалдырмай, бүгінде қайта жаңғырту қажет. Өнер тарланының шығармашылығын зерттеу әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Ол – әншілігінен бөлек дәулескер күйші. Сахна саңлағы ретінде «Қыз Жібектегі» Шегеден бөлек, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Әзімнің (Ажарды – Күләш сомдаған) бейнесін сомдап, көрермендерін тәнті еткен озық образ иесі ретінде тарихта қалды. Биылғы мерейтойына орай республикалық байқау өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді дүлдүл әнші, Манарбек әндерін насихаттаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов.
Манарбекті қалың елге кеңінен танытқан Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігі екені хақ. Сол мәдени мерекеде опера сахнасында шырқаған әйгілі «Шегенің ариясын» бұл кеште Медет Осатай өз нәшіне келтіріп орындады. Манарбек Ержанов – өткен мен бүгіннің өнерін өрістеткен өр тұлға. Ол Жаяу Мұса, Естай Беркінбайұлы, Иса Байзақов сынды сал-серілердің мұрасын өзіне тән мәнерімен шырқап, бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Өз алдына жеке бір мектеп қалыптастырған тұлғаның әнін насихаттап жүргендер қатары бүгінде аз емес. Айта кетейік, сазгердің көптеген әндерінің сөзін ақиық ақын Тайыр Жароков жазған.
Ән кешінде Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері де төбе көрсетіп, өнерге деген құлшыныстарын паш етті. Манарбек Ержановтың «Біржан салға» әнін Аяжан Акеева, «Амангелді батырға» әнін Нұрғанибет Нұрғазы, «Бақыт жыры» әнін Динара Төлеубекова, Естайдың «Қорланын» Алтынбек Жиенбаев әуелетті. Халық әні «Сметті» Нұрлытаң Саятқызы, Иса Байзақовтың «Желдірмесін» Бекарыс Амангелді, Мәкеңнің «Көк көгершін» әнін Ақерке Оралханова шырқады.
Сонымен қатар, «Қойшының әнін» Ришат Шабденов, «Паровоз» әнін Құрмаш Ыбыш, «Жұмысшылар» әнін Дәуренбек Әркенов нақышына келтіре орындаса, «Қуанамын» әнін Дана Мақшонова, ал, Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» Саян Мұздыбай шарықтата шырқады.
– Біз шама-шарқымыз жеткенше ұлт тұлғаларының мерейтойын кеңінен қамтып, қалыс қалдырмауға тырысамыз. Осындай рухани кештерге халық сусап жүр. Өнер саңлақтарын еске алып, олардың шығармашылығын қайта жаңғырту – мәдениет майталмандарының азаматтық борышы. Зал лық толы болғаны көңіл қуантады. Еңбегіміз еленіп, көрермен көңілінен шығып жатса, жұмыс істеуге одан әрі құлшына түсеміз, – деді мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұрсұлтан Рымбай.
Кештің соңы бәрі асыға күткен, Манарбектің Күләш қарындасына (Байсейітова) арналған сырлы «Сайра бұлбұл» әнімен түйінделді. Ән қалықтаған кеш соңында барлық өнерпазға «Теміржолшылар» мәдениет үйі басшысының арнайы Алғыс хаты табыс етілді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



