АймақБалқаш

Ақ бұлттардағы сағыныш

Ұлттық руханияттың мерейін асырып, кітапқа деген құрметті арттыратын Ұлттық кітап күні аясында өткен тағылымды шаралардың бірі – қаламгер Жанболат Башар шығармашылығына арналған «Ауылдың ақ бұлттары – сағыныш пен шындық айнасы» атты еркін алаңдағы әдеби кездесу болды. Бұл басқосу жаңа кітаптың таныстырылымымен ғана шектелмей, терең мазмұнды талқылауға ұласқан рухани кешке айналды.
Әдеби орта өкілдері – Қуандық Сәденов, Мөлдір Бөлекова, Бақытжан Әрінов, Қуаныш Аманқұлов, тарихшы Дәулет Қожақов, журналист Еркеназ Бақтораз және колледж студенттері қатысқан жиында қаламгердің «Біздің ауылдың ақ бұлттары» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы жан-жақты сараланды. Кеш тізгінін ұстаған кітапханашы Меңдігүл Қозыкөрпешқызы әдеби талқыны шебер үйлестіріп, әр пікірдің салмақты айтылуына жол ашты.

Сурет автордан

Балқаш қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын-жазушы Жанболат Башардың бұл жаңа туындысы – әдеби қауым үшін шын мәніндегі сүйінші жаңалық. Қаламын серік еткен қаламгерлер үшін де, ізденістегі жас оқырман үшін де бұл кездесу ойлы пікір мен рухани олжаға толы болды.

– Кітап мазмұнына үңілген сайын бүгінгі қазақ прозасында сирек қозғалғанымен, әр адамның жүрегіне жақын тақырыптардың терең бейнеленгеніне көз жеткізесің. Қарттықтың үнсіз мұңы, ананың алаң көңілі, адамның өмір алдындағы жалғыздығы – жинақтың өзегіне айналған өмір шындығы. Жанболат ағамыздың әр шығармасы осы өңірде болған оқиғамен терең байланысып жатыр. Шығармасында уақытпен жарысып жүріп, ақырында сол уақыттан ұтылған адамның тағдырлы тұлғасы баяндалады. Бір кезде биікте жүрген кейіпкердің бүгінгі күйі – тұтас буынның ішкі трагедиясын аңғартады, – деді қаламгер Қуандық Сәденов.

Ал, «Балнұр» әңгімесі – аналық жүректің шексіз мейірімі мен алаңын көркем жеткізген туынды екендігін айтып, журналист Еркеназ Бақтораз терең талдау жасады.

– «Балнұр» әңгімесін оқығанда мен қазақ әйелінің адалдығын, келін болып түскен босағасын кие тұтқан жанды анық аңғардым. Қыстың қақаған аязында қызын ойлап сарылған ананың әр сөзі оқырман жүрегін тіліп өтеді. Мұнда ауру – тек дерт емес, үміт пен үрейдің, сенім мен шарасыздықтың шарпысқан сәті. Шығарманың басты ерекшелігі шынайылығында, – дейді Еркеназ Бақтораз.

Қатысушылар «Ақ бұлттар» бейнесінің символдық мәніне ерекше тоқталды. Бұл – сағыныштың, тазалықтың, өткінші өмірдің белгісі. Бір сәт көрініп, ғайып болатын ақ бұлттар секілді адам ғұмырының да баянсыздығы көркем өрнекпен берілгендігін атады. Кітапқа енген «Танагүл қорғаны», «Жоғалған қала», «Қаумет», «Ақ төбет», «Келіншек жоғалған түн», «Қыстақта атылған оқ», «Бас», «Өң мен түстің арпалысы», «Жазу», «Әке», «Ояну» секілді шығармалар атауының өзі оқырманды терең ойға жетелейтіндігін жеткізді.

Айта кетейік, автор артық әсірелеуден, жасанды пафостан аулақ. Шығармасының әрқайсысы адам тағдырының бір үзігін бейнелейтін көркем әлем. Жанболат Башар прозасының қуаты – психологиялық тереңдік пен өмірлік шындықтың табиғи үйлесімін аңғарамыз. Жазушы оқырманды сырттай бақылаушы етпейді, керісінше, кейіпкермен бірге күй кешуге жетелейді. Оның қарапайым, бірақ, астарлы тілі оқырман жүрегіне бірден жол табады. «Біздің ауылдың ақ бұлттары» – бір сәт оқып шыға салатын емес, қайта-қайта оралып, әр жолынан жаңа мағына іздейтін туынды. Бұл – бүгіннің ғана емес, келер ұрпақтың да рухани азығына айналатын салмақты шығарма.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button