Шәмші әндері шырқалған аудандық байқау
Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын, қазақ ән өнерінің асқар шыңы, «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» атты ән байқауы биыл он бірінші рет өткізілді. Жыл сайынғы игі дәстүрге айналған бұл өнер додасы – ұлт мәдениетін ұлықтап, сазгер мұрасын дәріптеудің жарқын көрінісі.

Байқаудың басты мақсаты – Шәмші Қалдаяқовтың халық жүрегінен орын алған әндерін кеңінен насихаттау, оның шығармаларын орындап жүрген өнерпаздарға қолдау білдіру және қазақ эстрадасының үздік үлгілерін кейінгі буынға үлгі ету. Сазгердің сырлы да сазды әндері уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа орындаушылардың шеберлігімен қайта түлеп келеді.

Биылғы байқаудың ерекшелігі – қатысушылар әнді тек орындап қана қоймай, сахналық көрініспен ұштастыра отырып жеткізді. Бұл талап әрбір үміткердің шығармашылық ізденісін арттырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Байқау барысында қатысушылардың орындау шеберлігі, сахна мәдениеті, сахналық киім үлгісі және әуен тазалығы қатаң бағаланды.

Әділқазылар алқасының құрамында аудандық мәдениет үйінің әдістеме бөлімінің жетекшісі Зәуре Төлеубаева, «Руханият» қосымша білім беру орталығының вокал сыныбының педагогі Тәттігүл Сағындықова және Шәмші әндері жобасының авторы Азамат Амантайұлы болды. Қазылар алқасы әр қатысушының өнеріне әділ бағасын беріп, үздіктерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша Жаңаталап ауылынан келген Арайлым Амангелді бас жүлдені иеленіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал Көкпекті ауылының намысын қорғаған Толғанай Аманова бірінші орынды жеңіп алды. Қалған қатысушылар да өз өнерлерін лайықты деңгейде көрсетіп, көрермен қошеметіне ие болды.

Өнер додасының соңында барлық қатысушылар дипломдармен, Алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл байқау – Шәмші Қалдаяқовтың мәңгілік мұрасын жаңғыртып, қазақ ән өнерінің өрісін кеңейтуге бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі ретінде өз жалғасын таба бермек.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



