Өмір шырағы
Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Үздік оқырман – 2025» атты оқырман бенефисі өтті. Аталған іс-шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы былтырдан бері көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар жандардың арасында ұйымдастырып келеді. Жиынды кітапхана басшысы Ғалым Нұрланов ашып, келген қауымға жылы лебізін білдірді.

Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар Брайль жүйесі бойынша кітап оқудан сынға түсті. Бұл жүйеде мәтін әріптер арқылы емес, арнайы бедерлі нүктелер көмегімен беріледі. Оқырмандар сол нүктелерді саусақ ұшымен сипай отырып оқып, мәтінді қабылдау жылдамдығы мен түсіну деңгейін көрсетті. Нәтижесінде, үздік деп танылған 11 оқырман марапатталып, оларға сый-сияпаттар табысталды.
Көру қабілеті бойынша І топ мүгедектігі бар Нұрпатша Қалиева да байқау жеңімпаздарының қатарынан көрінді. Жеңімпаз өз сөзінде мұндай бастамалардың оқырман мәдениетін дамытуға зор серпін беретінін атап өтіп, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруда ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
– Осындай іс-шаралар кітап оқуға баулып, ізденуге шабыт береді. Бұл біз үшін үлкен мотивация әрі өзгелерге үлгі. Кітапхана ұжымына осындай мазмұнды мерекені ұйымдастырғаны үшін алғысымыз шексіз. Мұндай игі шаралар ерекше қажеттілігі бар жандардың оқуға деген қызығушылығын арттыруға айрықша ықпал етеді. Сондықтан, мұндай байқаулар жиі болса екен, – деді жеңімпаз.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



