Руханият

Қазақ тұрмысының асыл қазынасы

Қазақ халқының тұрмысында әрбір бұйымның өзіндік орны мен мәні болған. Сондай асыл қазынаның бірі – Нұра ауданының тарихи-өлкетану музейінің қорындағы ағаш астау.

Сурет автордан

Астау бір қарағанда қарапайым ғана ағаш ыдыс болып көрінгенімен, оның бойында ұлт тұрмысының тарихы, тіршілігі мен мәдениеті сақталған. Ол – өткеннің жай ғана қалдығы емес, қазақтың дархандығын, қонақжайлығын, бірлікке ұмтылған болмысын танытатын құнды мұра.

– Нұрадағы тарихи-өлкетану музейіндегі сақталған астау – тұтас ағаштан ойылып жасалған бұйым. Ұзындығы – 92, ені – 47, биіктігі – 17 сантиметр. Ыдыстың кеңдігі соншалық, кезінде оған бір қойдың еті тұтасымен сыйып, берекелі дастарқанның көркін келтірген. Мұндай астаулар көбіне үлкен жиын-тойларда төрге қойылып, қадірлі қонақтарға ас тартуға пайдаланылған. Қазақ ұғымында астауға салынған ас – береке мен бірлікке шақырудың нышаны саналған, – дейді музейдің қор сақтаушысы Анаргүл Нақыпова.

Анаргүл Айткенқызының айтуынша, қарағаштан дайындалған бұл бұйым XX ғасырда қолданылған. Астау әдетте ағаштың жуан діңгегінен ойылып немесе шабылып жасалған. Ыдыс ретінде оны ұзыншалау сопақ етіп, екі жағынан ұстауға лайықталып ернеу қойып шабады. Сыртынан қарапайым болып көрінетін бұйымдардың өзі халқымыздың терең дүниетанымы мен бай мәдениетінен сыр шертеді. Нұра музейіндегі астау – ұлт мәдениетінің бір пара тарихын баяндайтын асыл жәдігер. Мұндай мұраларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – музей қызметкерлерінің маңызды міндеті.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button