Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында биылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары таразыланды. Басқосуда өнеркәсіп, инвестиция, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сыртқы сауда салаларындағы негізгі көрсеткіштер сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды.

Облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкеновтің айтуынша, жыл басынан бері облыс экономикасында оң серпін сақталды. Жалпы өнімнің шамамен 72 пайызын құрайтын негізгі салалардағы өсім 5,3 пайызға жетті. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен жоғары.
– Өңіріміздің өнеркәсіп саласындағы өсім – 5,9 пайыз. Ал, ауыл шаруашылығында 4,4 пайыздық ілгерілеу бар. Сонымен қатар, құрылыс, сауда және көлік салаларында да тұрақты даму байқалады. Сыртқы сауда көрсеткіштері де өңірдегі экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Үш айдың қорытындысында тауар айналымы 1,1 млрд АҚШ долларына жетіп, 31,7 пайызға ұлғайды. Экспорт көлемі 692 млн долларды құрап, 1,5 есеге артты. Ал, саудадағы оң сальдо 291 млн доллар. Бұл, негізінен, өңделген өнімдер, соның ішінде ұн мен металл бұйымдарын жеткізу көлемінің көбеюімен байланысты, – деді Дулат Кәрімұлы.
Басқарма басшысының баяндауынша, облыс өнеркәсібінде өңдеуші сектордың үлесі басымдық ала бастаған. Өңдеуші өнеркәсіптің өсімі 7,6 пайызға жетіп, жалпы саланың негізгі бөлігін құрап отыр. Бұл өңір экономикасының әртараптанып келе жатқанын аңғартады. Машина жасау, құрылыс индустриясы, химия және тамақ өнеркәсібінде оң көрсеткіштер тіркелген. Металл өнімдерін, техниканы және қайта өңделген тауарларды өндіру көлемі артқан. Ал, тау-кен өндірісінде өсім көмір өндіру көлемінің ұлғаюымен қамтамасыз етілген.
Құрылыс саласында да оң динамика сақталды. 67,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 26 пайызды құрады. Бұл негізінен көпқабатты тұрғын үйлер құрылысының артуы есебінен.
Аппарат жиынында инвестиция тарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Негізгі басымдық өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға берілген. Осы мақсатта дайын инфрақұрылымы бар индустриялық алаңдар құрылып, инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қолайлы қызмет көрсетілуде. Бұл ретте Qaragandy Invest орталығы арқылы нақты жобалармен атаулы жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, жаңа өндірістерге қажетті мамандар даярлау, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және басым жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерімен қамтамасыз ету шаралары қатар жүзеге асырылуда. Биылғы бірінші тоқсанда өңірге 139 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал, жылдық жоспар 1,9 трлн теңге көлемінде белгіленіп отыр.
Әрі қарай жиында ауыл шаруашылығы саласының жағдайы да кеңінен сөз болды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Төлеубековтің баяндамасына сәйкес, биылғы үш айда агроөнеркәсіп кешенінде де оң өсім сақталған. Жалпы өнім көлемі 40,3 млрд теңгеге жетіп, өсім 4,4 пайызды құрады. Бұл нәтижеге мал шаруашылығы саласы негізгі үлес қосып отыр.
– Биыл ауыл шаруашылығы 63,6 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етілмек. Нәтижесінде 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Негізгі назар мал шаруашылығына, егін шаруашылығына және қайта өңдеу бағытына аударылған. Сүт өндірісінде ірі тауарлы-сүт фермаларын іске қосу және оларды толық қуатқа шығару арқылы шамамен 6 пайыз өсім келуі көзделген. Құс шаруашылығында құс фабрикаларын жаңғырту есебінен жұмыртқа мен құс етін өндіру көлемі артады. Ал, ет өндірісі құс фабрикалары мен бордақылау алаңдарын кеңейту арқылы ұлғайтылмақ, – деді ол.
Сонымен бірге, егіс алқаптарын көбейту, мал басын арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жобалар да кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұл дайын өнім көлемін арттырып, шикізат күйінде экспортталатын тауарлар үлесін қысқартуға мүмкіндік береді. Жыл соңына қарай облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 560 млрд теңгеге жеткізіп, шамамен 4 пайыз өсім қамтамасыз ету жоспарланған.
Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық сала басшыларына жыл басынан бергі қалыптасқан оң серпінді бәсеңдетіп алмауды, әр салада қырағылық танытып, белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



