Жаңалықтар

Жол жөндеудің жөні қалай?

Аймақтағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы – 1 930 шақырым. Өңір арқылы еліміздің орталығы мен оңтүстігін, шығысы мен батысын жалғайтын бірнеше негізгі автожол бағыты өтеді. Сондықтан, мұндағы әрбір жол учаскесінің сапасы жолаушы қатынасына ғана емес, жүк тасымалына, өңіраралық экономикалық байланысқа және жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Суреттерді түсірген автор

Өңір тіршілігінің өзегі

Былтыр Қарағанды облысы бойынша жалпы ұзындығы 413 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» автомобиль жолдарын қайта жаңарту жобасы толық аяқталды. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдардың 9 учаскесінде, жалпы ұзындығы 276,9 шақырым аумақта орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл атқарылған жұмыстар биылғы маусымға да негіз болып, жол инфрақұрылымын жаңғырту ісінің кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын аңғартады.

Ал, биыл жол-құрылыс маусымында бұл бағыттағы жұмыстар жаңа қарқынмен жалғаспақ. Облыс аумағында тағы 9 учаске, яғни, жалпы ұзындығы 282 шақырым жол орташа жөндеумен қамтылмақ. Бұдан бөлек, күрделі жөндеу, маусымдық қалпына келтіру жұмыстары және реконструкция бағытындағы жобалар да қатар жүзеге асырылады.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қарағанды облыстық филиал директорының орынбасары Дінмұхамед Еркіннің айтуынша, бұл жұмыстардың бір бөлігі өткен жылдан өтпелі жоба ретінде жалғасса, енді бірқатары бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарт жасалған, ал, қалған нысандарда конкурстық рәсімдер жүріп жатыр.

– Биылғы жоспардағы маңыз­ды бағытының бірі – «Ақшатау­-Ақадыр- Ортау» автожолының бірнеше учаскесі. Бұл жолдың 95-129 шақырым аралығы – былтырдан биылғы маусымға ауысқан өтпелі нысан. Бұл учаскеде жұмысты «Ғимарат-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, осы бағыттың 144-164 шақырым аралығында «Қарағанды жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысқа кіріспек.
Сондай-ақ, қазіргі таңда жалпы ұзындығы 98 шақырымды құрайтын 3 учаске бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарт жасалған. Атап айтқанда, «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Шідерті» автожолының 1009-1052 шақырым аралығында жамылғылардың ісіңкі жерлерін жою жұмыстары қолға алынған. Ал, «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз» жолының 217-249 шақырым және «Ақшатау-Ақадыр-Ортау» жолының 144-164 шақырым учаскелерінде техника мен жұмыс күші жұмылдырылып жатыр, – деді ол.

Дінмұхамед Асланұлының айтуынша, бұдан өзге жалпы ұзындығы 150 шақырымды құрайтын 5 учаске бойынша ведомстволық сараптама қорытындысы алынып, қазір мердігер ұйымдарды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Олардың қатарында «Астана-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау», «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара», «Астана-Қарағанды-Алматы» және «Егіндібұлақ-Бүркітті» бағыттарындағы жол телімдері бар.

Орташа жөндеумен қатар, биыл күрделі жөндеу жұмыстары да жоспарланған. Атап айтқанда, екі көпір мен теміржол үстінен өтетін бір жол өткелін қалпына келтіру көзделіп отыр. Бұл нысандардың қатарында Шилі өзені мен Шат өзені арқылы өтетін көпірлер, сондай-ақ, «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Шідерті» бағыты бойындағы теміржол өткелі бар. Осы аталған жобалар бойынша мердігер ұйымдар анықталып, тиісті шарттар жасалған. Оларды іске асыру мерзімі 2026-2027 жылдарға жоспарланған.

Ал, қазіргі маусымдық жол жөндеу жұмыстары шақырыммен емес, нақты зақымданған аумақтың көлемімен есептеледі. Биыл бұл бағытта шамамен 85 мың шаршы метр жерде жолдың тозған қабатын фрезерлеу, жаңа жабын төсеу және шөккен тұстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Дінмұхамед Еркіннің түсіндіруінше, мұндай шаралар, ең алдымен, көлік қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға және ірі реконструкция жұмыстары басталғанға дейін жолдың жарамды күйін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі таңда Ақтас кенті маңында, Саран қаласының тұсында және теміржол өткеліне жақын қауіпті учаскелерде шұғыл ағымдағы жөндеу шаралары қолға алынған. Бұл – көктемгі маусымда жиі туындайтын, жүргізушілер үшін қолайсыздық тудыратын шұңқырлар мен ақауларды уақытша болса да, қалпына келтіруге арналған жұмыс. Яғни, биылғы науқанда тек ұзақ мерзімді жобалар ғана емес, күнделікті қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті шаралар да назардан тыс қалып отырған жоқ.

Асфальт-бетон зауытында

Жол жөндеу науқаны жол үстіндегі техникамен ғана шектелмейді. Онда материал дайындайтын өндірістік база, логистика, технологиялық тәртіп және уақытпен санаспайтын еңбек жатыр.

Баспасөз туры барысында таныстырылған нысанның бірі – «Қарағанды жолдары» мердігерлік ұйымына қарасты асфальт-бетон зауыты. Бұл өндіріс орны «Қарағанды-Қарқаралы» күрежолының бойында, Ботақара кентінен таяқ тастам жерде орналасқан. Зауыт маңында шағын карьер бар. Мұнда асфальт қоспасын әзірлеуге қажетті инертті материалдармен қатар, жол жиегіне төселетін қиыршық тастар да дайындалады. Яғни, жөндеу жұмыстарына қажет негізгі шикізаттың едәуір бөлігі өндіріс орнына жақын жерден алынады.

– Көктем шығып, жол жөндеу маусымы қызған кезде асфальтқа сұраныс күрт артады. Сондықтан, кәсіпорын күніне 10-12 сағаттан, кейде демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр. Тек ауа райы қолайсыз болған жағдайда ғана жұмыс уақытша тоқтатылады. Өндірістегі барлық технологиялық процесс автоматтандырылған. Біздің зауыттың басты артықшылығы – қажетті материалдар алдын ала дайындалады, – деді зауыт басшысы Алексей Тимошенко.

Мердігер ұйым өкілдерінің мәліметінше, мұндай тәсіл бірнеше мәселені қатар шешеді. Біріншіден, материалды алыстан тасымалдау шығыны азаяды. Екіншіден, жөндеу жүріп жатқан учаскелерді қажетті өніммен жедел қамтуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, өндіріс пен құрылыс алаңы арасындағы байланысты бір ұйым аясында үйлестіру жұмыс қарқынын төмендетпеуге жол ашады.

Зауыттың қуаты да аз емес. Мұнда сағатына 130 тоннаға дейін асфальт-бетон қоспасын өндіруге болады. Алексей Тимошенконың айтуынша, зауыттың бөлшектері жиналмалы болғандықтан, оны қажет жағдайда бұзып, басқа жерге көшіріп, қайта құрастыруға мүмкіндік бар. Бұл жол жөндеу жұмыстары әр учаскеде кезең-кезеңімен жүргізілетін сала үшін өте тиімді шешім.

«Қарағанды жолдары» мердігерлік ұйымының өндірістік базасы тек Ботақара маңымен шектелмейді. Компанияның Молодежный кентінде де, Ақадыр аумағында да асфальт-бетон зауыттары, тас ұсақтау қондырғылары мен карьерлері бар. Олар тиісті жол учаскелерін материалмен қамтуға жұмылдырылған. Демек, биылғы жол жөндеу науқанына қажетті қор мен техника алдын ала әзірленіп, жұмыс маусымы басталмай тұрып-ақ өндірістік негіз қаланған.

Сапа технологиядан басталады

Асфальт-бетон қоспасын дайындау бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен, инертті материалдар арнайы барабанда ауа райына қарай 170-180 градус температураға дейін қыздырылып, толық кептіріледі. Одан кейін қызған материалдар элеватор арқылы електен өткізу құрылғысына жіберіліп, фракциялар бойынша сұрыпталады. Яғни, әр материал көлеміне қарай жеке-жеке бөлінеді. Өндірісте 0-5, 5-10, 10-20 және 20-40 миллиметрлік фракциялар пайдаланылады. Бұл материалдардың әрқайсысы зауыт аумағында араласып кетпейтіндей етіп бөлек сақталады. Мұның өзі асфальт сапасын қамтамасыз етудегі басты талаптардың бірі. Себебі, жолдың астыңғы және үстіңгі қабаттарына қолданылатын материал құрамы әртүрлі болады.
Бұдан кейін зертхана бекіткен арнайы құрамға сай әр фракция қажетті мөлшерде таразыға тартылады. Осы кезеңде қоспаға битум мен минералды ұнтақ қосылады. Содан соң барлық құрамдас бөліктер араластырғыш қондырғыда мұқият араластырылып, шамамен 150 градус температурадағы дайын асфальт-бетон қоспасы алынады. Бұл қоспа уақыт оздырмай, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерге жөнелтіледі.

Зауыт басшысының айтуынша, зауыт жұмысы сыртқы ауа температурасына да тәуелді. Асфальт-бетон өндірісін толық іске қосу үшін дала температурасы кемінде +10 градустан төмен болмауы тиіс. Сондықтан, көктемгі кезеңде ауа райының қолайсыздығы жұмыс қарқынына әсер етуі мүмкін. Дегенмен, алдын ала жиналған материал қоры мен дайын тұрған техника күн ашылған сәттен бастап, негізгі науқанды кідіріссіз жалғастыруға мүмкіндік береді.

Бұл өндіріс орнында дайындалатын өнім, негізінен, «Қарағанды жолдары» жауапты учаскелерге, соның ішінде «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз» автожолының 217-249 шақырым аралығындағы жөндеу жұмыстарына пайдаланылады.

Бақылау жіті болады

Жол жөндеуде ең маңызды шарттардың бірі – сапа. Қанша жерден қаржы бөлініп, техника жұмылдырылғанымен, егер технологиялық талап сақталмаса, атқарылған жұмыстың нәтижесі ұзаққа бармайтыны белгілі. Сондықтан, облыстағы республикалық маңызы бар жолдарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары бірнеше деңгейлі бақылаудан өтеді.

Әр нысанда техникалық қадағалау мамандары тұрақты жұмыс істейді. Олар асфальт-бетон қоспасының зауыттан шыққан сәтінен бастап, жолға төселгенге дейінгі барлық процесті бақылауда ұстайды. Әсіресе, материалдың температуралық режимінің сақталуына баса мән беріледі. Өйткені, қоспа нысанға жеткенше шамадан тыс суып кетсе, оның сапасына әсер етпеуі мүмкін емес.

Жол жөндеу жұмыстарының әр кезеңін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары да тәуелсіз түрде тексереді. Асфальт төсеу басталмай тұрып-ақ қоспаның құрамы, яғни, қолданылатын материалдардың үлесі мен рецептурасы осы орталықпен келісіліп, бекітіледі. Жұмыс барысында сол бекітілген мөлшерлерден ауытқуға жол берілмейді.

Сапа орталығының мамандары кез келген уақытта зауыттан дайын қоспадан сынама алып, не жолға төселген жабыннан арнайы құрылғымен керн кесіп, зертханалық тексеріс жүргізе алады. Арнайы жылжымалы зертхана арқылы асфальттың тығыздығы, қалыңдығы және құрамының талапқа сәйкестігі тікелей нысан басында-ақ анықталады.

«Қарағанды-Жезқазған» жолы жаңғырады

Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары тек жекелеген учаскелерді жөндеумен шектелмейді. Өңір үшін стратегиялық маңызы бар ірі жобалардың бірі – «Қарағанды-Жезқазған» бағытын реконструкциялау. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда облыс ішіндегі ғана емес, өңіраралық көлік қатынасының да сапасы едәуір жақсармақ.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қарағанды облыстық филиалының мәліметінше, жоба аясында республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған-­Қарағанды-Павлодар-Успенка-Ресей Федерациясының ше­карасы» автожолының «Қарағанды-Жезқазған» бағытындағы 783-905 шақырым аралығын, яғни, Қарағанды облысы аумағындағы 122 шақырым жолды реконструкциялау көзделіп отыр. Бұл бағыт өңірлер арасындағы көлік ағыны үшін маңызды күрежолдардың бірі.

Жоба бойынша қаржыландыру мәселесі де шешімін тауып келеді. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен реконструкция жұмысын Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі қарызы есебінен қаржыландыру мақұлданған. Қазіргі таңда бұл жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Яғни, мердігер ұйыммен түпкілікті келісімшарт жасалған жоқ, нақты құрылыс мерзімі мен шарттары жеңімпаз анықталғаннан кейін белгілі болады.

– Бұл жоба жобалау, құрылыс және пайдалану тетігі бойынша іске асырылмақ. Яғни, болашақ мердігер ұйым алдымен жобалау­-сметалық құжаттаманы әзірлеп, одан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізіп, нысанды пайдалануға береді. Мұндай тәсіл бір жағынан жобаны кешенді түрде басқаруға, екінші жағынан орындалатын жұмысқа жауапкершілікті нақтылауға мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, жаңа жол қолданыстағы бағыттың жанына бөлек жер төсемімен салынады. Яғни, қазіргі автомобиль жолының бойымен жаңа екі жолақты жол құрылысы қарастырылған. Бұл жерде маңыздысы – құрылыс кезеңінде көлік қозғалысы қолданыстағы жол арқылы жалғаса береді. Демек, күрделі жоба жүзеге асса да, қатынас толық тоқтатылмайды, – деді Дінмұхамед Еркін.

Ал, құрылыс көлеміне келсек, мұнда да жұмыс ауқымы үлкен. Жоба аясында 8,5 миллион текше метрден астам жер төсемін салу жоспарланған. Сонымен бірге, 6 көпір, 11 жол өткелі, шамамен 135 су өткізу құбыры, 3 демалыс алаңы, 7 автобус аялдамасы, 31 қиылыс пен қосылу нүктесі, инженерлік коммуникациялар мен электр беру желілерін қайта көшіру қарастырылған. Мұның бәрі бұл бағыттағы реконструкцияның жай ғана жол жамап-жасқау емес, толыққанды инфрақұрылымдық жаңғырту екенін көрсетеді.

Жоба іске асқанда жолдың өткізу қабілеті артып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі жақсарады, өңірлер арасындағы логистикалық байланыс анағұрлым ыңғайлы бола түседі. Яғни, бұл реконструкцияның әсері тек бір жол учаскесімен шектелмей, жалпы аймақтың көлік жүйесіне ықпал ететін болады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button