Аймақтағы «Құрма» агрофирмасы қалдықты пайдаға айналдырып, «жасыл» энергетиканы табысты бизнеске айналдырды. Кәсіпорын құс шаруашылығының қалдықтарын толықтай өңдеп, өзін электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, органикалық тыңайтқыш өндіріп, жыл сайын жүздеген миллион теңге табыс табуда. Бұл – өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту мен экологиялық бағыттағы өндірісті дамытудағы нақты нәтиже.

Жоба 2018 жылы іске қосылып, өндірісті жаңғыртуға 573 млн теңге инвестиция бағытталды. Бүгінде агрофирмада жұмыс істеп тұрған биогаз станциясы тәулігіне 150 тоннаға дейін тауық саңғырығын өңдей алады. Осы көлемнің нәтижесінде тәулігіне 22-23 мың текше метр биогаз өндіріледі, оның шамамен 65 пайызы метан. Ал, электр энергиясын өндіру қуаты сағатына 600 киловатқа дейін жетеді.
Жоба тек энергия өндірумен шектелмейді. Өңдеу процесінің тағы бір маңызды өнімі – органикалық тыңайтқыштар. Кәсіпорын тәулігіне 20 тоннаға дейін табиғи тыңайтқыш шығарып, оны өз алқаптарында тиімді пайдалануда. Бұл өз кезегінде минералды тыңайтқыштарға тәуелділікті азайтып, өндірістік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.

Биогаз өндіру технологиясы қарапайым әрі тиімді. Құс шаруашылығы қалдықтары арнайы ферментация процесінен өтеді. Осы процесс барысында бөлінген газ электр энергиясына айналдырылады. Ал, қалдықтың қалған бөлігі экологиялық таза тыңайтқыш ретінде қолданылады. Яғни, бір ғана өндірістік цикл арқылы бірнеше бағытта пайда алуға жол ашылған.
Станция іске қосылғаннан бері шамамен 15 миллион сағатына киловатт электр энергиясы өндірілді. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның энергияға деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артық қуатты тиімді басқаруға мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы – жоба өзін толық ақтап, жыл сайын 100-190 миллион теңге көлемінде тұрақты табыс әкелуде.

Бүгінде мұндай жобалар мемлекет тарапынан да ерекше қолдауға ие. «Жасыл» экономикаға көшу, қалдықтарды қайта өңдеу және энергия тиімділігін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы тұрғыда «Құрма» агрофирмасының тәжірибесі өңірлер үшін үлгі боларлық нақты кейс ретінде бағаланады.
Аграрлық секторда қалдықтарды кәдеге жарату тек экологиялық мәселені шешіп қана қоймай, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Биогаз өндірісі – соның айқын дәлелі. Бұл бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындар бір мезгілде экологияны қорғап, энергия үнемдеп, табысын арттыра алады.
Қарағанды облысында жүзеге асқан бұл жоба ауыл шаруашылығын әртараптандырудың, инновация енгізудің және ресурстарды тиімді пайдаланудың нақты көрінісіне айналды. «Құрма» агрофирмасы көрсеткендей, қалдық – бұл проблема емес, дұрыс басқарылса, табыс көзі.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



