Медицина

Барып қайт дәрігер, ауылға…

Ауылдық жерлердегі медицина саласының басты мәселесінің бірі – білікті кадр тапшылығы. Бұл, әсіресе, шалғай елдімекендерде айқын сезіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен медициналық инфрақұрылымды жаңғыртудың маңыздылығын ерекше атайды. Осы бағытта жүзеге асырылып келе жатқан «Дип­ломмен ауылға» бағдарламасы ауылдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды құралға айналды. Қарағанды облысында да бұл жоба өз тиімділігін көрсетіп, нақты нәтижелер беруде.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бағдарлама аясында ауылға барған медицина қызметкерлеріне нақты қаржылай және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, жас мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды, ал 2026 жылы бұл шамамен 432 500 теңгеге тең. Сонымен қатар, тұрғын үй мәселесін шешу үшін ауылдық елдімекендерге барған мамандарға 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 8,6 миллион теңгеге дейін, ал, аудан орталықтарында 2500 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни, шамамен 10,8 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Несие мөлшерлемесі шамамен 1 пайызды құрап, өтеу мерзімі 15 жылға дейін созылады. Бұдан бөлек, тапшы мамандық иелеріне қосымша қаржылай ынталандыру шаралары қарастырылған.

Облыста бағдарламаның жүзеге асырылуы нақты көрсеткіштермен дәлелденеді. 2025 жылы өңірде 116 маман тұрғын үй алуға бюджеттік несие алып, оған жалпы 981 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде 30-ға жуық медицина қызметкері ауылдық жерлерге барып жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, облыста ауыл медицинасын дамыту бағытында инфрақұрылымдық жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 92 медициналық нысан пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарының жартысынан астамы жаңартылып, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік алып отыр.

Өңірде медицина кадрларының тапшылығын азайту бағытында да жұмыстар жүйелі. Былтыр мемлекеттік медицина ұйымдарына 187 жас маман жұмысқа қабылданса, биыл тағы 77 резидент-дәрігер мен 390 орта буын қызметкерінің келуі күтілуде.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаев кадр тапшылығының әлі де өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстың мемлекеттік медицина ұйымдарында 12 мыңнан астам маман еңбек етуде. Соған қарамастан, кадр тапшылығы 144 бірлікті құрайды, оның ішінде 95-і – дәрігерлер.
– Ең үлкен жетіспеушілік жалпы тәжірибелік дәрігерлер, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, педиатрлар және тар бейінді мамандар арасында байқалады. Осы мәселені шешу үшін басты назар жергілікті кадрларды даярлауға бағытталған, – деді Самат Кенжебаев.

Атап айтқанда, өңірдегі Қарағанды медицина университеті мен медициналық колледждердің түлектерін жұмысқа тарту негізгі басымдық ретінде белгіленген. Қазіргі уақытта университетте 254 интерн мен резидент бюджет есебінен білім алуда, олардың 125-і биыл оқуын аяқтайды. Алдағы екі жылда өңір колледждері 700-ден астам орта буын медицина қызметкерін даярлап шығарады деп жоспарлануда. Мамандарды қолдау шаралары да күшейтілген. Жас мамандарға көтерме жәрдемақы беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және коммуналдық шығындарды өтеу тетіктері қарастырылған. 2025 жылы мұндай көмекті 117 маман алған. Бұл шаралар әсіресе ауылдық жерлердегі кадр тұрақтылығын арттыруға ықпал етуде. Сонымен қатар, арнайы Жол картасы аясында тәлімгерлік жүйе енгізіліп, медицина қызметкерлерін шетелде қайта даярлау жұмыстары ұйымдастырылған.

Бағдарламамен ауылға келген жас мамандардың бірі өз тәжірибесімен бөлісті.

– Ауылдық жерлерде білікті мамандар, әсіресе тар бейінді мамандар жетіспейді. Сондықтан, барлық болашақ әріптестерімді қорықпай, ауылға келіп жұмыс істеуге шақырамын, – дейді Тоғызқұдық ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері Ислам Серікпаев.

Медициналық университет деректеріне сәйкес, бүгінде оқу орнында 8,8 мыңнан астам студент білім алуда, олардың мыңнан астамы – Қарағанды облысының тұрғындары. Биыл 788 дәрігер-интерн оқуын тәмамдайды, олардың бір бөлігі өңірде жұмысқа орналасуы мүмкін. Жалпы алғанда, Қазақстанда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. 2026 жылы бұл салаға шамамен 2,7 триллион теңге бағытталған. Бұл қаражат ауыл медицинасының дамуына да оң әсерін тигізуде. Бағдарлама тек қаржылай қолдау көрсетумен шектелмейді. Ауылға барған медицина қызметкерлері тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, профилактикалық жұмыстар жүргізеді, ана мен бала денсаулығын бақылауға алады, созылмалы аурулардың алдын алуға үлес қосады. Соның нәтижесінде ауыл халқының өмір сүру сапасы жақсарып келеді. Дегенмен, бағдарламаны іске асыру барысында бірқатар мәселелер де сақталуда. Кейбір ауылдарда тұрғын үй тапшылығы мен медициналық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі байқалады. Сонымен қатар, жас мамандардың бір бөлігі міндетті үш жылдық мерзім аяқталғаннан кейін ауылда тұрақтап қалмайды.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы Қарағанды облысында медицина саласын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Көтерме жәрдемақы, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі және қосымша әлеуметтік қолдау шаралары жас мамандарды ауылға тартудың тиімді тетігіне айналды. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, өңірдің әлеуметтік дамуына оң ықпал етуде.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button