Біз – бесеуміз
Кезінде «Октябряттар» әнінде «Біз – бесеуміз, бесеуміз, бес тармақты жұлдызбыз» деп айтылғандай, бір ғана үркердей Үлгі ауылынан бес бірдей журналист шыққан екенбіз. Біз, бесеуіміз де, осы киелі мекеннің топырағында туып-өсіп, Сарытөбе мен Қарақойтастың тау-тасы мен орман-тоғайын кезіп, Ақсу мен Өткелсіздің суына шомылып, түлеп ұшқанбыз.

Бұл сулы – нулы жерлерді патша заманында Қаржас пен Кіші Жүз-Телеу атасының ұрпақтары мекендеп, Баянауыл сыртқы округінің Ақкелін болысына қарапты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1929 жылы мұнда Үлгі колхозы құрылып, ол әуелі Баянауыл, 1938 жылдан бастап Бұқар жырау (бұрынғы Ульянов) аудандарының құрамына кірген.
Колхоз болып құрылған күннен оған жан-жақтан адамдар көшіп келіп, біраз жылда жүз қаралы үйі бар үлкен ауылға айналып, 1961 жылы ұйымдасқан Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың екінші бөлімшесі атанып, шаруасы шалқып тұрды. Колхоз уақытында өзінің ауруханасы, почта бөлімшесі, орта мектебі (кейін сегізжылдық) мен 150 балаға арналған интернаты да болған көрінеді. Маңайдағы Үміткер, Ақжар, Алғабас, Семізбұғы, Төрткөл, Құрама, Жаңақала, Алабас, Жастілек ауылдарының балалары осындағы интернатта жатып оқиды. Сол оқушылардың арасынан академик Арықтай Қайыпов бастаған оннан аса ғылым докторлары мен кандидаттары, қаншама шаруашылық басшылары мен әр саланың білікті мамандары шықты десеңізші! Соның ішінде бес журналист, біз де, бармыз. Қазақстан ғылымының көшбасшысы, Ұлттық Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаев алғаш шыбығын өзі қадаған бақ та осы жерде. Әттең, кезінде атағы шартарапқа жайылып, дүрілдеп тұрған Үлгіміздің бұл күнде қаңырап, орнында бес үй ғана қалғаны жанға батып, жүректі ауыртады…
Осы бір қасиетті топырақта өсіп-өнген бес журналистің басында Қаратай Қайыповтың есімі тұруы тиіс. Өйткені, қалған бізге баспасөз саласына жол салып берген де өзі. Ол 1905 жылы осы төңіректе әлі күнге Қайыптың Қарақұдығы аталатын жерде Қайып Қомытбайұлының шаңырағында дүниеге келіп, жасынан оқудың соңына түсіп, Қарағанды мұғалімдер институтын, одан кейін ҚазМУ-ды сырттай оқып бітіріп, қашан зейнетке шыққанша облыстың бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп, 1975 жылы Қарағанды қаласында бақиға озған. Қаратай Қайыпұлы бүткіл саналы ғұмырында облыстық радиокомитет пен телестудияда бас редактор болып істесе, өзіміздің «Орталық Қазақстан» газетінде де қаламының ізі қалып, (дәл қай жылдары екенін анықтай алмадым) оның мерейтойлық кітабында берілген қызметкерлердің тізімінде аты-жөні жазылған.
Жалпы, «Қомытбай айналасына білім мен ғылым қонған» десіп отыратын үлкендеріміз. Сол айтқандай, Қаратайдың туған інісі Арықтай Қайыпов Қаныш ағасының ізімен геология-минерология ғылымдарының докторы, академик, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, оның ұлы Мәлік те техника ғылымдарының докторы, қазірде АҚШ-тың Лос-Анджелос университетінде сабақ береді. Ал, Қаратай ағамыздың үлкен ұлы Саяш марқұм да геология-минерология ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғаса, кіші ұлы Серік медицина ғылымдарының кандидаты, облысқа белгілі травматолог. Сондай-ақ, Қайып ақсақалдың туған ағасы Құлдың шөберелері Дүйсен медицина ғылымдарының докторы да, Әбдірахман да медицина және Қайыржан техника ғылымдарының кандидаттары. Қарап отырсаңыздар, бір ғана Қомытбай шалдың әулеті қазақ ғылымына бір емес, жеті ғалымды берген ғой! Біз, үлгіліктер, мұны әркез мақтан етеміз!

Аяққа құйған астай ауылымыздан шыққан келесі бір қаламгер-журналист – Ахмедия Әлғожин (19.12.1916 – 20.08.1981). Ол да 1926 жылы Үлгінің Қарақойтасында ашылған алғашқы мектепте болашақ академик Арықтай Қайыповпен бірге оқып, 1936 жылы Петропавл педагогикалық техникумын, 1941 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, Алматы облысы Ұзынағаш орта мектебінің директоры болып істеп жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына алынып, Семей қаласында Тамбов жаяу әскерлер училищесінің курсанты болады.
Ахмедия Әлғожин сол қанды қырғында 1943-1945 жылдары 4-Украин және 2-Белорус майдандарында 71-атқыштар дивизиясының взвод командирі болып, қаскөй жаумен шайқасады. Екі рет жараланып, госпитальде емделіп, аман-есен елге оралады.
Сол жеңісті 1945 жылдан Ахаңның журналистік және партиялық қызмет жолы басталып, ол Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетінің редакциясында насихат бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Ақмола облыстық «Сталин туы» (қазір «Арқа ажары» газетінің редакторы, редактордың орынбасары, Қарағанды телевизия студиясының бас редакторы, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1954-1955 жылдары Ақмола облыстық партия комитетінің мүшесі және облыстық Кеңестің депутаты болып сайланады. Ол майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Өз басым Ахмедия ағамызбен қызметтес болмасам да, бала кезімде оны ауылымыздағы туған ағасы Қибаділда мен немере туыстары Сәби, Қизат ақсақалдардың үйіне келгенде сан рет көріп, сәлем беріп, оның мен қатарлы Рашит деген ұлымен танысып, бірге ойнайтынбыз. Осы күні Түсіп Күзембаев атындағы шахтада учаске бастығы болып істейтін сол Рашитпен байланысымыз әлі үзілмей, жолығып тұрамыз.
Үлгінің үшінші журналисі – Шайхан Жандаев (23.05.1944 – 15.07.1991). Негізі оның азан шақырып қойған аты Шайхыслам да, әке-шешесі Жұматай Бекмағамбетов пен Мәриям Жандайқызы да, емшектегі күнінде анасы ауыр науқастан көз жұмып, оны нағашы ата-әжесі Жандай мен Мақыш тәрбиесіне алады. Бұл кісілердің Орта Азия мемлекеттік институтын бітірген Нұрбай, Майдан дейтін екі ұлы Қарағанды көмір бірлестігінде қызметте жүргенінде әскерге алынып, Ұлы Отан соғысында қаза тауып, жалғыз Шәкен деген қызы қалған қариялар жиендерін «Жандаев» деп жазғызады.
Шайхан ағамыздың жасынан бірге өскен досы, Қылыш Бабаев атындағы кеңшарды 9 жыл бойы басқарған Жеңіс Шәдетов өзінің «Жақсының аты өлмейді…» кітабында «Шайхан (Шайхыслам) туралы естелігінде (60-65 беттер) былай деп жазады: «Шайхан екеуіміздің бір бірімізге деген достық қарым-қатынастың жастайымыздан қалыптасуы әдеби кітаптарды оқуға, музыка аспаптарына, спортқа құмарлықтан туындаған болар. Ауыл кітапханасындағы әдеби кітаптарды тегіс оқыдық десем, өтірік болмас». Сонымен бірге, Жекең осы естелігінде екеуінің мектепте Алпан Итжанов құрған оркестрге қатысып, Тәттімбет, Құрманғазы күйлерін орындап, аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауында сан рет жүлделі орындардан көрінгендерін де айтады. Кейін 1963 жылы Үлгі орта мектебін аяқтап, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен Шайхан екеуінің жұбы жазылмай, жерлестері, осындағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген Қаби Қошанов, Нығмет Танашев бәрі пәтер жалдап, бірге тұрып, студенттік өмірдің қызығын бірге тойлап, өткізеді. Сонда Шайханның Алматыда өтетін спорттық жарыстарды құр жібермей, барып көруге уақыт табатынын да еске алады бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Жеңіс досы.
Аталған жоғары оқу орнын 1968 жылы тәмамдасымен бірден «Орталық Қазақстан» газетіне тілші болып қабылданған ол аз уақыттан соң бөлім меңгерушісі, 1970 жылдардың соңында республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Орталық Қазақстан өңірі бойынша меншікті тілшісі болды. Спорт тақырыбына өндірте жазып, облыстық газетке Мәскеу Олимпиадасынан (1980) күнделікті репортаждар беріп тұрды. Көзі тірісінде қазақтың атақты палуаны Әбілсейіт Айханов жайлы жазып кеткен «Жауырыны жерге тимеген» деген кітабы 1997 жылы жарық көрді.
Әрі жерлестігіміз, әрі құдандалығымыз бар (оның немере ағасы Шаяхмет менің әкемнің қарындасы Ғайниға үйленген) мен студент кезімде ҚарМУ-дың Бейбітшілік бульвары көшесі, 33-үйде орналасқан жатақханасында тұрғанымда, соған таяу обком ғимаратының артындағы үйіне жиі барып, сан рет Зағира тәтеміздің қолынан дәм татқанмын. Кейде біз топтанып барсақ та, екеуі қабақ шытпай қарсы алып, әсіресе, Шәкең бізбен шахмат ойнап, домбырасын тартып, бір мәре-сәре болатынбыз.
Сексенінші жылдардың ортасында мен «Орталық Қазақстанға» қызметке қабылданып, Бұқар жырау ауданында болатын түрлі мәдени-спорттық шараларды жазу үшін іссапарға да бірге шығып жүрдік. Ол кезде қазіргідей мобильді телефон жоқ. Сонда Шәкең ешқандай диктофон ұстамай, қолындағы блокнотына адам аттары мен керек фактілерді ғана түртіп алып, ертеңінде көлемді мақалаларын газетте жариялап жатады. Осылайша, мен одан ұтқырлық пен ұшқырлықты үйреніп, осы күнге дейін блокнот, қаламмен ғана жүремін жұмысымда. Амал нешік, сондай асыл ағамыз небары 47 жасында өмірден озып кете барды. Бұл 1991 жылдың шілде айының ортасы болатын. Марқұмның мәйітін туған жері Үлгіге апарып қойғанымызда, күн шыжып тұрған мезгілде ақжауын құйып берсін. Қабір басына жиналған жұрт су болғанына қарамай, қашан дұға оқылып біткенше орындарынан тапжылып, қозғалмады. Осы көріністі көзімен көрген бас редакторымыз Нұрмахан Оразбеков сонда сөйлеген сөзінде тебірене толқып тұрып: «Шайхандай абзал азаматты берген жердің елі де керемет екен! Жауып тұрған жаңбырға қарамастан, жастай кеткен журналист ұлына қыбыр етпей құрмет көрсеткеніне қатты ризамын!» деп еді.
Үлгінің бұл үш журналисінің қатарына төртінші болып қосылған Әбусаттар Тұрғамбеков (08.02.1947-22.05.2012) еді. Оның әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсенбай марқұм көп жылдар аудан мектептерінде директор, аудандық оқу бөлімінің басшысы болып істеп, өлең жазатын қабілеті бар адам болатын. Өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы, жақсы әдебиетші де еді. Соның әсері болар, бала Әбусаттар бала жастан жазу-сызуға әуестеніп, сол кезде әкесі директор болған Үміткер орта мектебін 1965 жылы ойдағыдай аяқтайды.
Бірақ, ол 3 жыл Кеңес Одағының ракета әскерлері қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң ғана ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға қабылданып, оны 1974 жылы бітіріп шығады. Сол студенттік жылдары туралы онымен бірге оқыған курстас досы, марқұм Тілеуқабыл Байтұрсын еске алғанда: «Әбусаттар бізге тісқаққан, әскер қатарында шыңдалған соң ғана келді ғой. Өзі өжет, бетті жігітті біз сияқты жаңа мектеп бітірген қарағандылық бозөкпе жерлестері кәдімгідей арқа тұтып, бүкіл курс әскерде алған шенімен «Старшина» дейтінбіз. Расымен де, сол бес жылда ол бәрімізге қорған болып, өзімізді еркін сезіндік» деп отыратын ылғи. Алдында кім тұрса да қаймықпай, тіліп айтатын мінезі де бар еді оның.
Сол 1974 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, жауапты хатшының орынбасары болып 18 жыл істеген Әбусаттар ағамыз, 1992 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі жоғары мектебінің (қазіргі заң институты) ғылыми-зерттеу және редакциялық-баспа бөліміне редактор болып ауысты. Осы қызметінде жүріп аталмыш оқу орнын сырттай оқып тауысып, 2004 жылы подполковник шенімен отставкаға кетті. Еңбек жолындағы қызметінде облыстық партия комитетінің, кәсіподақтардың, ҚР Ішкі істер министрлігінің бірнеше грамоталарына ие болды.
Марқұм Әбусаттар ағамызбен мен небары үш-төрт жыл қызметтес болыппын. Соның өзінде оның ағалық қамқорлығын үнемі сезініп жүрдім. Арасында кабинетіме келіп: «Әй, ұл, хал-жағдайың қалай? Біреу ренжітсе, маған айт» дейтін ойын-шыны аралас.Жатқан жері жарық болсын!
Міне, осындай қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында туып-өскен мен де туған ауылым Үлгінің сегізжылдық, сосын Үміткер орта мектебін бітірдім. Жасымнан әдебиет пен өнерге құштар мен сол мектеп бітірген 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Оны 1982 жылы аяқтаған соң бұрынғы Егіндібұлақ ауданының Комсомол орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 3 жыл сабақ беріп, одан кейін 1985-1986 жылдары туған жерім Бұқар жырау ауданындағы Үлгі сегізжылдық мектебінің директоры болып істеп, 1986 жылдың 18 желтоқсанында өзіміздің «Орталық Қазақстан» газетіне тілші болып қабылдандым.
Бір нәрсе бір нәрсеге себепші болады ғой. Менің бұл газет редакциясына жұмысқа тұруыма тікелей себепші болған осы күні көзі тірі ағамыз Зарқын Тайшыбаев еді. Сонау студенттік жылдарда жазған-сызғанымызды осы кісіге әкеліп, көрсетіп, ақыл-кеңесін тыңдап, онымыз жарық көріп жатса, балаша қуанатынбыз. Кейін ұстаздық қызметімде де жазған мақалаларым мен өлеңдерімді Зақаңа жіберіп тұрдым. Ақырында осы байланыс мені газет редакциясына алып келді.
Қыс ішінде, оқу жылының ортасында директор болып тұрған мектебімді тастап, мұнда келем деген ой менде болмаған. Бірақ, сол тұстағы Ульянов ауданы басшылығының шовинистік пиғылдары мен әрекеттері мені еріксіз осыған мәжбүр етті.
Өздеріңізге белгілі, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Михаил Сергеевич Горбачевтың жариялаған Қайта құру саясаты, жасыратыны жоқ, көп жерлерде халықтың ұлттық санасын оятып, үлкен бір серпіліс тудырды. Сол толқынмен мен де 1986 жылы жазда өткен облыстық ақындар айтысына қатысып, өз ауылымда Алтыбақан, Наурыз мерекелерін ұйымдастырып, өткізіп те тастағанмын. Соны жақтырмады ма, сол кездегі ауданның әскери комиссары майор Диков күзгі әскерге шақырту басталғанда, соңыма шырақ алып түсіп, алдына қайта-қайта келтіріп, 13 желтоқсанға дейін жұмыс істетпей қойды. Егіндібұлақ жағынан коммунистік партияға кандидат болып келген және өз құқығым мен КСРО «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік туралы» заңын бес саусақтай білетін мені ешкім тыңдамады. Ол заңда ауылдық жерге барып, мұғалім болып істеген азаматты 27 жасқа дейін ешкім де орнынан қозғап, әскерге алмауы керектігі анық жазылған. Содан аса алмады ма мені үш ай әурелеген Диковтар әскерге шақырту мезгілі біткенде мені де мазалауды қойды.
Алайда, қызықтың көкесі алда екен. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» демекші, дәл сол кезде қазақ студент жастарының Алматы қаласында толқуы болып, соларды сынап, интернационализм мен патриотизмді дәріптеген пленумдар жер-жерлерде өткізіле бастаған.
Сондай пленум 1986 жылдың 18 желтоқсанында біздің Ульянов ауданында да болып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Александр Беляевтің осы тақырыпта жасаған баяндамасына жалғыз менің атымды кіргізіп, жалпы жұрттың көзінше «Директор Ульгинской восьмилетней школы Имашев Ержан какое патриотическое воспитание дает молодому поколению, когда сам уклоняется от воинской обязанности» деп жария етпесі бар ма?! Пленум бітіп, сыртқа шыққанымда, ауылдан бірге келгендердің өзіне дейін тап бір халық жауын көргендей менен теріс айналып, аупарткомның ғимараты алдында состиып жалғыз қалдым. «Ендігі ауыл түгел құлақтанған шығар. Онда мына бетіммен не деп барам» деп ойладым да, автобусқа мініп, Қарағандыға, редакциядағы Зарқын ағама бір-ақ тарттым. Ол қашандағыдай мені құшақ жая қарсы алып:
– Дұрыс келдің. Біздегі Бағдат Мекеев республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің біздің облыстағы меншікті тілшісі қызметіне ауысты. Қазір соның орнына бас редакторымыз Тілеухан Жүсіповке кіріп, сені өзімнің әдебиет және өнер бөліміне жұмысқа алдыртып, бар білгенімді үйретіп, сенен жақсы журналист шығарамын, – деген ол, алды-артыма қаратпай сонда алып барды. Тілеухан марқұм барлық мән-жайды сабырлы қалыппен тыңдап болып, екі сөзге келмей, мені жұмысқа қабылдау туралы бұйрыққа қол қойды. Содан бері қырық жыл бойы қолымнан қаламымды тастамай, осы күні зейнетке шықсам да, келісім-шарт бойынша «Орталық Қазақстанның» қанаттас қалалар мен Бұқар жырау ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарып келемін. Міне, менің Үлгіден шыққан төрт журналистің тобына бесінші болып қосылуымның қысқаша тарихы осындай.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы



