Бас тақырып

Қауіпсіздік кеңістігі тарылып барады

Жаманат хабар жылдам тарайды. Астанадағы көпқабатты үйдегі үш баланың өрттен қаза табуы – төтенше жағдай туғанда қоғамның неден қапы қалатынын тағы көрсетті. Қоғам неге бейжай? Үй аулаларында аяқ алып жүре алмайтын көлік кептелісі, жолға жөн-жозықсыз, кесе-көлденең қойылуы төтенше жағдай кезінде адам өміріне жасалған қасақылық екенін аңғартты. Азаматтардың өзгелер алдындағы жауапкершілікті сезінбейтін сезімсіздігі және белгілі болды. Мұның сыртында 15-20 қабатты үйлердегі қатерлердің салмағын тағы бір саралауды қажет ететінін бұл қайғылы жайт тағы еске салғандай. Мұндай қауіп басқа қаланың басына тумайтынына ешкім де кепіл емес. Бұдан көпқабатты үйлері күн сайын қаулап өскен Қарағанды да сақтандырылмаған.

Сурет ЖИ

Кең дүние неге тар?

Содан да, өңірде өрт қауіпсіздігі мен жедел қызметтердің жүктемесі біртіндеп артып келеді. Қала кеңейіп, көпқабатты үйлер көбейген сайын қауіпсіздік кеңістігі де тарылып барады. Инженерлік инфрақұрылым мен көлік қозғалысын реттеу жүйесі бұл қарқынға әрдайым ілесе бермейтіні байқалады. Соның салдарынан аулалар мен кіреберістер көлікке толып, өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктерінің оқиға орнына жетуі мұң. Мұндайда уақыт жай ғана техникалық көрсеткіш емес, адам өміріне тікелей әсер ететін факторға айналып отыр.

Бұл жағдайдың салдары қоғам назарын аудартқан нақты оқиғалардан да көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Астанадағы өрт кезінде үш баланың қаза табуы, Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерінің жол үстіндегі жанжал кезінде соққыға жығылуы – әртүрлі өңірде болғанымен, түпкі мәселенің ортақ екенін аңғартады. Ол – төтенше қызметтердің еркін қозғалысының қолдан жасалатын кедергілермен бетпе-бет келуі.

Жаңа тұрғын үй кешендерінде де жағдай жеңілдеп отырған жоқ. Автотұрақ тапшылығы тұрғындарды көліктерін аулалар мен эвакуациялық жолдарға қоюға итермелейді. Ал, бұл өз кезегінде арнайы техниканың қозғалысын шектеп, төтенше жағдай кезіндегі тәуекелді күшейтеді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Маржан Жүкенованың айтуынша, көпқабатты үйлерде автотұрақ пен аумақты жоспарлау да үйді жобалау сатысында қарастырылады. Нормативке сәйкес, бір пәтерге шаққандағы автотұрақ коэффициенті белгіленеді екен.

– Мәселен, төртінші класс тұр­ғын үйлер үшін 0,5 коэффициент қолданылады. Соған сәйкес, 50 пәтерлі тұрғын үй кешенінде кемінде 25 автотұрақ орны қарастырылуы тиіс.
Алайда, нысан пайдалануға берілгеннен кейін автотұрақ тапшылығы жиі байқалады. Соның салдарынан тұрғындар эвакуациялық және өртке қарсы жолдарды тұрақ ретінде пайдалануға мәжбүр болады. Бұл жағдай төтенше қызметтердің нысанға жедел жетуіне кедергі келтіріп, қауіп деңгейін арттырады, – дейді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, жобалық құжаттама нысанның жауапкершілік деңгейіне сәйкес сараптамадан өтеді. Бес қабатқа дейінгі тұрғын үйлер жеке сараптамадан өтсе, бес қабаттан жоғары көпқабатты үйлер міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өтеді.
Сараптамалық қорытынды алынғаннан кейін уәкілетті органға құрылыс басталғаны туралы хабарлама беріледі. Бұл кезеңде мемлекеттік орган жобаның мазмұнын қайта тексермейді, тек сараптама қорытындысының бар-жоғын, авторлық және техникалық қадағалаудың тіркелуін және олардың аттестаттарының жарамдылығын қарайды.
Құрылыс процесі барысында техникалық қадағалау ай сайын есеп ұсынып отырады. Осы есептер негізінде нысанның жобалық талаптарға сәйкестігі бақылауда ұсталады. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, тұрақты физикалық тексерістің жеткіліксіздігі белгілі бір тәуекелдерге себеп болуы мүмкін.
Нысанды пайдалануға беру кезеңінде қазіргі тәжірибеге сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы объектіге міндетті түрде бармайды. Негізгі бақылау құжаттық салыстыру арқылы жүргізіледі.
Алайда, кей жағдайларда нақты құрылыс сапасы мен құжаттағы мәлімет сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан, кемшіліктер көбіне тұрғындардан шағым түскеннен кейін ғана анықталады.
Биылғы жылдан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес, адамдар көп шоғырланатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілер алдында төтенше жағдайлар департаментінің міндетті тексеруінен өтеді екен. Ал, төтенше жағдайдың мұндай биік үйлердегі өртті ауыздықтауға техникалық мүмкіндігі жете ме?

Төтенше жағдай департаменті не дейді?

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Ақерке Қазбек соңғы екі жылда облыстың өрт сөндіру гарнизоны көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсету бойынша жеткілікті деңгейде жарақтандырылғанын атады.

– Қазіргі таңда гарнизонда 28 бірлік арнайы өрт сөндіру техникасы бар, бұл штаттық қажеттіліктің 93,3 пайызын құрайды. Оның ішінде, 16 бірлік техника көпқабатты ғимараттарда өрт сөндіру және құтқару жұмыстарын жүргізуге бейімделген. Осылайша, негізгі техникалық база қалыптасқан.Техникалық мүмкіндіктерге сәйкес, өрт сөндіру автосатылары 30-32 метр биіктікке дейін, яғни, шамамен 9-10 қабат деңгейіне дейін жұмыс істей алады. Ал, автокөтергіш техника 18-қабат деңгейіне дейін құтқару және өрт сөндіру жұмыстарын орындауға қабілетті.
Сонымен қатар, биыл шілде айында 55 метрге дейін жететін жаңа автосатыларды жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жоғары қабатты тұрғын үйлерде жұмыс істеу мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, гарнизонның техникалық әлеуетін арттырады.
20 қабаттан жоғары тұрғын үйлерде өрт сөндіру жұмыстарының өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндай жағдайларда негізгі іс-қимылдар ғимараттың ішкі өртке қарсы жүйелері арқылы және арнайы тактикалық тәсілдер негізінде жүзеге асырылады. Бөлімшелер қазіргі таңда осындай нысандарда тиімді әрекет етуге бейімделген, – дейді баспасөз хатшысы.

Жалпы алғанда, Қарағанды облысының өрт сөндіру қызметі көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсету бойынша қажетті мүмкіндіктерге ие. Жоспарланып отырған техникалық жаңартулар бұл әлеуетті одан әрі күшейтеді.

Дегенмен, мәселенің түп-тамырына үңілсек, сала мамандары қауіпсіздіктің негізгі тірегі ең алдымен инженерлік инфрақұрылымның сапасы екенін алға тартады. Әсіресе, электр желілерінің тозуы мен артық жүктеме – бүгінде өзектілігін жоймаған мәселе. Өйткені, өрт оқиғаларының басым бөлігі дәл осы жүйелердегі ақаулармен байланысты.

Төтенше жағдай кезінде эвакуациялық жолдардың ашық әрі бақылауда болуы да маңызды рөл атқарады. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда жауапкершілік тетіктерін күшейту қажеттігі жиі айтылып жүр. Себебі, мұндай сәттерде әр секундтың салмағы артып, адамның өмірі тікелей әрекет жылдамдығына тәуелді болады.

Өрт сөндіру және жедел қызметтердің оқиға орнына кедергісіз жетуі де өзекті түйткілдердің бірі. Көпқабатты үйлер аумағындағы ретсіз автотұрақтар арнайы техниканың қозғалысын қиындатып, құтқару жұмыстарының уақытын ұзартып жібереді. Осыған байланысты бұл бағытта нақты тәртіп пен бақылауды күшейту мәселесі жиі көтеріледі.

Құрылыс саласындағы бақылау жүйесіне қатысты да мамандар бірқатар ұсыныстар айтады. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін міндетті түрде физикалық тексеріс жүргізу тәжірибесі енгізілсе, жобада көзделген талаптардың орындалуын нақты бағалауға мүмкіндік туар еді. Қазіргі таңда құжаттық бақылаудың басым болуы кейбір кемшіліктердің тек кейін анықталуына себеп болып отыр.

Сонымен қатар, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізілмесе, техникалық талаптардың өзі толық нәтиже бермейді.

Өрт көпқабатты үйде көп

Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Аяз Сарбасовтың мәліметінше, соңғы екі жылда көпқабатты тұрғын үйлерде 27 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл жалпы өрт оқиғаларының шамамен 20 пайызы, яғни, әр бесінші өрт осы типтегі нысандарда орын алғанын көрсетеді.

Мұндай нысандарда өрт кезінде эвакуация және құтқару жұмыстары бірқатар объективті және ұйымдастырушылық факторларға байланысты күрделене түседі. Атап айтқанда, тұрғындардың эвакуация талаптарын сақтамауы, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ете алмауы, сондай-ақ, аулалар мен кіреберістерде автокөліктердің ретсіз қойылуы арнайы техниканың оқиға орнына кіруін қиындатады.

Жалпы, 2025 жылы 208 өрт оқиғасы тіркелсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 195 жағдайды құрады. Екі жылдағы жалпы көрсеткіш 403 өрт оқиғасына тең. Осылайша, 2026 жылы өрт саны 2025 жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға азайған. Дегенмен, ең жоғары өрт тіркелген кезең ретінде 2025 жыл белгіленіп отыр. Былтыр өрт салдарынан 20 адам көз жұмса, биыл кешегі күнге дейінгі дерек бойынша 9 адам қаза тауыпты.

Жедел жәрдемнің мұңы

Қарағанды облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы №2 қосалқы станциясының фельдшері Айзат Макеновтің айтуынша, төтенше жағдайлар кезінде негізгі қиындықтар бригада оқиға орнына жеткенге дейін-ақ қалыптасады. Оның сөзінше, жедел жәрдем қызметінің тиімділігіне әсер ететін негізгі факторлар қатарында жолдағы көлік кептелісі, нақты мекенжайдың дұрыс көрсетілмеуі, шақыртудың кеш берілуі және оқиға туралы ақпараттың толық болмауы бар. Бұл жағдайлар бригаданың дер кезінде жетуіне кедергі келтіреді.

Маман атап өткендей, «алтын сағат» қағидасы бойынша алғашқы минуттарда көрсетілген медициналық көмек науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Әсіресе, ауыр жарақаттар мен жедел жағдайларда уақыт жоғалту қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

– Оқиға орнына жеткеннен кейін де бірқатар инфрақұрылымдық қиындықтар сақталады. Атап айтқанда, тар подъездер, лифттердің істен шығуы немесе болмауы, сондай-ақ, аулалардағы ретсіз автотұрақ жедел медициналық көмектің науқасқа жедел жетуін қиындатады, – дейді Айзат Макенов.

«Бір қайғыны қозғасаң…»

Қауіпсіздік, көпқабатты үйлер туралы сөз болғанда өңірдің геологиялық жағдайы еріксіз ойға оралады. Жалпы, Қарағандының жер қыртысы қандай үйлер салуға мүмкіндік береді деген мәселе де назардан тыс қалмауы керек.

Бұл орайда, мамандар Қарағанды қаласының инженерлік-геологиялық жағдайы да құрылыс саласында қосымша тәуекел факторларын қалыптастыратынын да атайды.

Қала аумағында саздақ, құмайт және аралас топырақ қабаттары кең таралған, олардың қалыңдығы 0,15 метрден 9 метрге дейін өзгереді. Сонымен қатар, жер асты сулары 0,5-13,5 метр тереңдікте орналасқан, ал маусымдық кезеңдерде олардың деңгейі көтерілуі мүмкін.

Бас жоспар деректеріне сәйкес, өңірде топырақтың шөгуі, ісіну құбылыстары және құрылыс материалдарына коррозиялық әсер сияқты инженерлік-геологиялық процестер тіркелген. Бұл жағдайлар ғимараттардың ұзақ мерзімді тұрақтылығына тікелей әсер ететін факторлар ретінде бағаланады.

Сондықтан, әрбір құрылыс жобасы тек әкімшілік рәсімдермен ғана емес, міндетті инженерлік-геологиялық зерттеулермен де сүйемелденуі тиіс. Әйтпесе, іргетас тұрақтылығы мен ғимараттың қауіпсіздігіне қосымша тәуекелдер туындауы мүмкін. Солай. Бұл – енді басқа тақырып.

Сонымен…

Бүгінгі сурет нені көрсетеді? Жалпы алғанда, көпқабатты тұрғын үйлердегі қауіпсіздік жекелеген факторларға ғана емес, өзара байланысты тұтас жүйеге тәуелді. Өрт қауіпсіздігі, инженерлік инфрақұрылым, эвакуация мүмкіндігі мен құрылыс сапасы бір-бірімен тығыз байланыста болғанымен, олардың үйлесімді жұмыс істеуі әрдайым толық қамтамасыз етіле бермейді. Ал, бұларды ескермеу қандай қайғылы жағдайға апарып соғарын көзіміз көріп келеді.

Аяулым ЖАНАТОВА,
ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button