Өлкенің өткені – өрендерге өнеге
Осыменен екінші жыл қатарынан Бұқар жырау ауданында «Он бір бағыттағы—он бір қадам» жобасы жүзеге асырылып келеді.

Осы жобаның жетекшісі, аудандық Мәслихаттың депутаты, ҚББО ЮНЕСКО клубының ұстазы, «ASYL MURA» жоба жеңімпаз жетекшісі Амантай Ақышевтің айтуынша, бұл жобаның мақсаты Бұқар жырау ауданындағы бабалар ізі қалған тарихи және киелі орындарға балаларды апарып, олардың бойында туған жер мен Отанға сүйіспеншілікті қалыптастырып, өлкенің бай тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады. Ол келешекте ауданда құрылатын туризм кластеріне негіз болады деп күтілуде.

Бұл жолы Бұқар жырау аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Әр бала – ашылмаған ғажап әлем» тақырыбында өткізілген жолсапарға өңір мектептерінің әр жастағы дарынды оқушылары мен ерекше білім беруді қажет ететін жалпы саны 18 жеткіншек қатысты.

Олар сол 14 сәуірде жылдағы дәстүрмен аудан орталығы Ботақара кентіндегі Бұқар жырау ескерткішінің басына жиналып, жолға шықты.
Сапар барысында делегация мүшелері жоба бағыттары бойынша Семізбұғы көлінің жағасындағы төбе басына орнатылған қызыл сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің белгітасы (авторы—Амантай Ақышев), Бұқар жырау кесенесі мен мұражайында, Тіленші мен Алшынбай билердің мазарлары басында, тағы басқа жерлерде болып, бұл киелі мекендер жайлы құнды мағлұматтар алды. Ол деректерді жоба жетекшісі Амантай Ақышев, делегация құрамына енген аудандық білім бөлімінің басшысы Абылай Жәлелов, жергілікті ақын-сазгер, өлкетанушы Қалиасқар Шыныбектегі, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары —осы оқу орнындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жамбыл Жұмабеков пен географ-өлкетанушы Ернар Кейкин әңгімелеп, жан-жақты түсінік берді. Бұдан балалар жақсы әсер алып, туған жердің тылсым құпиясына қанығып, осы сапардан өздеріне мол рухани олжа алып оралды.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы



