Руханият

Сезім патшалығындағы сергек сәт

Сәуір – сезімнің айы. Табиғат түлеп, тіршілік жаңарған шақта адам жаны да ерекше бір нәзік күйге бөленері хақ. Осындай шуақты мезетте өткен рухани кештердің әсері де айрықша сезілсе керек. Күні кеше Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орай «Qasym kitap» баспасының жанынан құрылған «Ұлағат» оқырмандар клубының ұйымдастыруымен «Көктемге хат» атты поэзиялық кеш өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Іс-шара «Көктемге хат» бекетіне пойыздың келіп тоқтау сәтінен басталды. Бұл сәтте көрермен бірден поэзия әлеміне енді. Кеш барысында Жанат Жаңқашұлы, Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Салтанат Қайырбек сынды ақындардың сезімге толы лирикалық өлеңдері оқылды. Өлеңнің негізгі тақырыптары – махаббат пен сағынышқа, көктемнің әсем лебіне негізделді.

– Біз үшін көрерменге тек әдеби ләззат сыйлау аздық етті. Біз өлеңді сезіндірудің жаңа тетіктерін іздедік. Сондықтан, кеш құрылымына жанды музыка мен иммерсивті театр элементтерін біріктірдік. Соның нәтижесінде әрбір қатысушы өлеңнің сыртында қалмай, оның ішкі әлеміне енді, – деді қатысушы Қуаныш Салтанатұлы.

Кеш аясында алты ішекті гитарамен әсем әуендер шырқалды. Қонақтар вальс билеп, өлең мен әуеннің үндестігін паш етті. Тіпті, көпшілік арасынан суырылып шығып, өлең оқып, ән салған қонақтар да болды.

– Кештің сценарийінен бастап, безендірілуіне дейін жастардың өздері атқарып шықты. Біздің «Ұлағатта» іс-шаралар дәстүрлі түрде қайталанып тұрады. Бүгінгі кеш көрермен көңілінен шықса, онда еңбектің ақталғаны. Поэзия кеші алдағы уақытта да жалғасып, жырсүйер қауыммен қайта қауыштыруға әзір, – деді «Ұлағат» оқырмандар клубының жетекшісі, «Qasуm kitap» баспасының редакторы Гүлдана Қуатқызы.

Кеш соңында ақын Ерқанат Кеңесбекұлы ақжарма тілегін арнап, әсем әнімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал, жас ақындар Ералы Ғани, Нұрасыл Аманжол, Алданыш Олжабай, Мақпал Көшербай сезімге толы жырларын оқып, кештің сыршыл сипатын айшықтай түсті. Мазмұнды іс-шараның қорытындысы да айрықша. Рухани жобаның келесі аялдамасы – 19 сәуір күні өтетін «Махаббат бекеті» атты жұптық сайыс.

Ақжігіт САҒЫНТАЙ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button