АймақҚарағанды

Туризмге тың серпін

Қарағанды өңіріндегі демалыс аймақтарына жету енді еш қиындық тудырмайды. Осы орайда әуе кеңістігі арқылы тікелей рейстер, жол бойындағы тәулік бойы жұмыс істейтін сервис орталықтары және үздіксіз интернет желісі жолға қойылып келеді. Облыс билігі биылғы жылғы туристік маусымға дайындықтың басым бағыттарын кезекті аппарат жиынында сарапқа салды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алдымен туризмді дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған облыстық Жол картасы аясында негізгі курорттық аймақтар – Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданында инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтпек ләзім. Бұл туралы салалық ведомство басшылары мәлімдеді.

Мәселен, Балқаш әуежайын реконструкциялау аяқталды. Тіпті, Астана мен Алматыдан тұрақты рейстер де жоспарланған. «Қарағанды-Балқаш» бағыты бойынша теміржол қатынасын іске қосу қосымша пысықталуда. Туристік нысандарға апаратын автомобиль жолдарын жөндеу, жол бойындағы сервисті дамыту үдерісі кідіріссіз жалғасуда. Өңірдің республикалық трассаларында 105 сервис нысаны жұмыс істейді. Көпшілігі жаңғыртылып, ұлттық стандарттарға сәйкестендірілген. «Астана-Балқаш-Сарышаған» және «Қарағанды-Қарқаралы» бағыттары бойында санитарлық-гигиеналық тораптар тәулік бойы жұмыс істейді. Электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары да орнатылған көрінеді.

Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өкілдері болса, жанар-жағармай нарығына күнделікті мониторинг жүргізуде. Қазіргі таңда қажетті отын қоры қалыптастырылған. Тапшылық жоқ. Бензин мен дизель еркін сатылуда. «Қарағанды-Балқаш» туристік бағыты бойында 17 жанармай құю станциясы жұмыс істейді. Байланыс сапасы да айтарлықтай жақсаруда. Балқаш, Шұбар-Түбек, Торанғалық және Қарқаралыда жаңа антенна-діңгек құрылыстарын орнату, базалық станцияларды жаңғырту және негізгі туристік маршруттар бойында қамтуды кеңейту межеленді. Бұл шаралар жүктеме жоғары кезеңдерде де тұрақты мобильді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірдегі су айдындарындағы 149 жаппай демалыс орнының 80-іне санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілген. Балқашта барлық туристік нысандарға түгендеу жүргізіліп, Шұбар-Түбек пен Торанғалық жағажайларын абаттандыру жоспарланған: көлеңкелі қалқалар, санитарлық модульдер, ки­ім ауыстыру кабиналары, құт­қару мұнаралары мен пирс­тер орнатылады. Курорттық ай­мақтар үшін бірыңғай дизайн-код енгізілген.

Ал, Қарқаралы ауданында жалпы сыйымдылығы 2,5 мың­нан асатын 40-тан астам туристік нысан жұмыс істейді. Ұлттық парктегі туристік маршруттарды абаттандыру, визит-орталық салу және «Бұғылы» рекреация­лық аймағын дамыту көзделіп отыр.

Өз кезегінде Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері өңірді цифрлық платформалар, ақпараттық турлар және блогерлермен ынтымақтастық арқылы бел­сенді түрде насихаттауда. Қо­сымша визит-орталықтар ашу, чат-ассистенттерді енгізу және танымал туристік қосымшалар­ға интеграциялау үдерісі іске асу­да. Биыл «Balkhash Tour Fest» фестивалін қоса алғанда, жаңа іс-шаралардың арқасында ішкі туризмнің әлеуетінің өсуі күтілуде.

Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан жұмыстар заманауи, қауіпсіз және жайлы туристік орта қалыптастыруға бағытталған. Инфрақұрылым, байланыс, отын­мен қамтамасыз ету және санитарлық қауіпсіздікті жүйелі түрде дамыту Балқаш пен Қарқаралының аймақтарының тартымдылығын арттырып, 2026 жылғы туристік маусымның табысты өтуін қамтамасыз етеді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бө­лек­паев өңірде туризмді дамыту жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті.

– Туристік маусымға дайындық – бұл облыстың имиджіне тікелей қатысты мәселе. Туристік нысандар мен инфрақұрылым белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл бір реттік науқан емес, тұрақты негізде жүргізілуі қажет жүйелі жұмыс, – деді облыс әкімі келелі жиынын түйіндей отырып.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button