АймақОсакаров

Осакаров ауданының спортшысы Ақтауда өткен біріншілікте топ жарды

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында өткен қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республика біріншілігі биылғы спорт маусымының ең жарқын оқиғаларының біріне айналды. 2009-2010 жылдары туған жас балуандар бақ сынаған дүбірлі дода «Халық арена» спорт кешенінде ұйымдастырылып, елдің түкпір-түкпірінен жиналған 750-ге жуық үміткердің басын қосты. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық 17 облыстан келген жас спортшылар 18 салмақ дәрежесінде белдесіп, 72 медальды сарапқа салды.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Осы айтулы жарыста Осакаров ауданына қарасты Қарағайлы ауылының тумасы Марғұлан Сидага жүлделі үшінші орынға ие болды.

Марғұлан күреспен алты-жеті жасынан шұғылданып келеді. Ауылдағы шағын спорт залында әу бастан бапкері болған Серік Хуанбайдың жетекшілігімен шеберлігін шыңдап келеді. Ұстазының тәлім-тәрбиесі мен табанды еңбектің арқасында жас спортшы аз уақыттың ішінде бірталай белесті бағындырды. Бүгінде ол – қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер, облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы әрі республикалық турнирлердің жүлдегері.

Ақтаудағы додада Марғұлан 55 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Алты бірдей қарсыласымен күш сынасып, әрқайсысымен тартысты күрес жүргізді. Әр белдесу – жігер мен төзімнің, айла мен шеберліктің сыналған сәті болды. Қарсыластары да осал емес, әр өңірдің таңдаулы балуандары. Жас өрен солардың көбінен басымдық танытып, жеңіс тұғырына көтерілді.

– Бұл – менің соңғы жетістігім емес. Алда әлі талай мақсат тұр. Елімнің, тіпті әлемнің чемпионы атану үшін аянбай еңбек етемін, – дейді жас балуан сеніммен.

Марғұлан Сидаганың бұл жеңісі – ауыл спортының да әлеуетін айқындайтын бір дәлел. Осындай өрендер барда қазақ күресінің көкжиегі кеңейіп, ұлттық спорттың абыройы арта бермек.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button