Облыста 144 медицина қызметкері жетіспейді
Қарағанды облысында 2025–2027 жылдарға арналған медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Құжат мамандарды даярлаудан бастап, оларды жұмыс орындарында тұрақтандыруға дейінгі барлық бағыттарды қамтиды.

Өткен жылы өңірдің мемлекеттік медицина ұйымдарына 187 жас маман жұмысқа қабылданса, биыл тағы 77 резидент-дәрігер мен 390 орта буын қызметкерінің келуі күтілуде.
Кадр тапшылығы мәселесі облыстық аппараттық кеңесте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаевтың баяндамасында қаралды.
– Бүгінде облыстың мемлекеттік медицина ұйымдарында 12 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Дегенмен тапшылық сақталып отыр – 144 бірлік, оның ішінде 95-і дәрігерлер. Ең үлкен жетіспеушілік жалпы тәжірибелік дәрігерлер, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, педиатрлар және бірқатар тар бейінді мамандар арасында байқалады. Бұл мәселені шешу үшін негізгі басымдық облыс аумағында тұратын Қарағанды медицина университеті мен медициналық колледждердің түлектері есебінен өз кадрларымызды даярлауға беріліп отыр, – деді Самат Кенжебаев.
Әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, педиатрлар және тар бейінді мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті оқу орындарының түлектерін тарту негізгі басымдық ретінде белгіленген.
Қарағанды медицина университетінде бүгінде 254 интерн мен резидент бюджет есебінен білім алуда. Олардың 125-і биыл оқуын аяқтайды. Сонымен қатар облыс әкімінің гранттары да тиімді пайдаланылуда. Алдағы екі жылда өңір колледждері 700-ден астам орта буын маманын даярлап шығарады.
Мамандарды қолдау шаралары да күшейтілген. Атап айтқанда, көтерме төлемдер беріледі, тұрғын үймен қамтамасыз ету және коммуналдық шығындарды өтеу қарастырылған. 2025 жылы мұндай көмекті 117 маман алған. Бұл әсіресе ауылдық жерлердегі кадр тұрақтылығын арттыруға ықпал етті.
Жол картасы аясында тәлімгерлік жүйе енгізіліп, мамандарды шетелде қайта даярлау жұмыстары ұйымдастырылған.
Қарағанды медицина университетінің мәліметінше, оқу орнында 8,8 мыңнан астам студент білім алуда, олардың мыңнан астамы – облыс тұрғындары. Биыл 788 дәрігер-интерн оқуын тәмамдайды, олардың бір бөлігі өңірде жұмысқа орналасуы мүмкін.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Жол картасының толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол әсіресе ауылдық елді мекендер мен моноқалаларда мамандарды тұрақтандыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



