Бас тақырып

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні

Мәдениетті биік тұғырынан түсірмеу көкірек көзі ашық жұрттың негізгі міндеті болады. Тарихы мыңжылдықтарды қамтыған Қазақстанның ұстанымы – осы. Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев та осыны айшықтады. Президент «Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан, біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз», – деген еді. Ұлттық кодты жаңғыртуда маңызды рөл атқарып тұрған Ұлыстың Ұлы «Наурызнама» онкүндігімен ерекшеленеді. 16 наурыз – мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Халқымыз үшін мәдениет пен салт-дәстүр қаншалықты маңызды? Қазақстанды ашық мұхитқа шыққан кеме делік. Оның өжет, айдарлы, озат ұлдарын кемені тізгіндеушілерге теңесек, алға жетелейтін желкенін халықтың өмірге деген құштарлығына, жарқын болашаққа деген сеніміне, қайратына теңесек болар. Ал, мәдениет пен салт-дәстүр – кеменің өзі.

Мәдениет пен салт-дәстүр – ұлттың ажары, іргетасы. Ғаламда негізсіз ештеңе жоқ. Тамырсыз ағаш, бастаусыз өзен болмайды. Мәдениет – ұлттық бірегейлікті сақтаушы негіз.

Ұлттық мәдениеті сақталмаған мемлекетте қоғамдық қатынастар мен тәртіп те сақталмайтынын тарих дәлелдеген. Ұлттық мәдениетті қастерлеген адамда ішкі мәдениет те болары анық. Себебі, мәдениет адамдардың арасындағы қатынастарды реттейтін ережелер мен нормаларды береді. Салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар қоғамдағы тәртіп пен келісімді сақтау үшін қызмет етеді.

Мәдениет – білім мен тәрбие құралы. Халық мәдениеті жастарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Мифтер, ертегілер, мақал-мәтелдер, ырым-тыйымдар, музыкасы арқылы адамгершілік, еңбекқорлық, достық сияқты құндылықтар беріледі.

Қазақ даласында озық мәдениет қалыптастырған ұлы көшпелілер өркениетінің ізі жатыр. Жаһан жұрты жыл өткен сайын осыған назар аударып, қызығушылық танытуда. Жаһан жұртының назары қазақтың ажарында. Осындай кезеңде мәдениетімізді өзіміз қастерлеп, әлпештей алсақ, Қазақстан туристтік елге де айналатыны анық. Яғни, ұлттық мәдениет ұлттық экономикаға қуат береді деген сөз.

Мәдениет – ұлттың тірегі. Тірексіз серпіліс те жоқ.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button