Жаңалықтар

Қарағандыда алғаш Аталар мектебінің жиыны өтті

ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылды отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Бүгінде осы жоба аясында зиялы қауым өкілдері облыс­тық «Әнет баба» мешітінде бас қосты. Әрі аталар және әжелер мектебі жиынын өткізіп, дәстүр мен отбасы құндылықтары жайында сөз қозғады. Оған дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектай мен ҚМДБ-ның облыс бойынша өкіл имамы Естай қажы Айтуғанұлы да қатысты.

Сурет ЖИ

Кеңесте отбасындағы адалдық пен жауапкершілік, адал еңбек ету, әкенің орны, ұлт тәрбиесі, көркем мінез қағидалары, ажырасудың алдын алу мәселесі көтерілді.

– Өздеріңіз білетіндей, ҚМДБ-ның төрағасы Наурызбай қажы өзінің бағдарламалық баяндамасында әр жылды дін мен дәстүр бағытына арнап келеді. Соның ішінде, осы аталар мен әжелер мектебінің жаңғыруына, оның маңызына ерекше тоқталады. Қазіргі таңдағы қазақ қоғамына бұл құндылықтардың аса қажет екендігі сезіліп отыр. Бұл жастар тәрбиесіне, болашаққа зор пайдасы бар, өзгеріс әкелетін маңызды мектептердің бірі деп санаймыз. Осыған байланысты ҚМДБ-ның жанынан аталар мектебінен бөлек, ақсақалдар кеңесі құрылған. Соның аясында облыстық, республикалық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бүгінде «Әнет баба» мешітінде өңірдегі барлық қала, аудандардан дін мен дәстүр бөліміне жауапты мамандарды шақыртып, дәстүр, бала тәрбиесі жөнінде жиын өткіздік, – деді Естай қажы Айтуғанұлы.

Аталар мектебі – халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесінің алтын өзегі. Қазақ қоғамында ақсақалдар институты елдің бірлігі мен ынтымағын сақтаған рухани тірек болып, жас ұрпақты имандылыққа, адалдыққа, еңбекқорлық пен отансүйгіштікке тәрбиелеп келді.

– Аталар мектебі – ата-бабаларымыздан мирас болып қалған тағылымды тәрбие ошағы. Бұл – үлкеннің өнегесі мен өмірлік тәжірибесі жас ұрпаққа тікелей берілетін рухани алаң. Біздің мақсат – өз ісімізбен, мінез-құлқымызбен, өмірлік ұстанымымызбен жастарға үлгі болу. Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, үлкенді құрметтеу мен кішіге қамқор болу сияқты асыл қасиеттерді насихаттау арқылы олардың санасына дұрыс бағыт-бағдар сіңіру. Осындай игі бастамалар арқылы тәрбиеленген жастар бұл жолды алдағы уақытта жалғастырып, ұрпақ сабақтастығын сақтайды деген сеніміміз мол, – деді аталар мектебінің мүшесі Бейсембай Ысқақов.

Әжелер мектебі – ұлт тәрбиесінің алтын бесігі, ұрпаққа мейірім мен имандылықты сіңіретін рухани мектеп. Қазақ қоғамында әже шаңырақтың берекесі ғана емес, салт-дәстүрдің сақшысы, ұрпақтың тәлімгері болған. Ислам дінінде де ананың, әйелдің мәртебесі жоғары бағаланып, ата-анаға жақсылық жасау бұйырылған. Бүгінгі жаһандану дәуірінде отбасы құндылықтарының әлсіреуі мен жастар тәрбиесіндегі олқылықтар әжелер мектебінің маңызын арттыра түсті. Осыған байланысты, әжелер мектебін жаңғырту – қоғамды ізгілендіріп, жастарды ұлттық әрі діни құндылықтарға тәрбиелеудің тиімді жолы. Сондықтан, әжелер өнегесін дәріптеу мен отбасылық тәрбиені күшейту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қазыналы қариялардың ақ ниеті мен өнегелі өсиеті – бізге аманат.

Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button