Руханият

Әжелер ертегісінің берері көп

Өткен аптада Қарағанды облысының білім басқармасы және оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Әжемнің ертегісі» атты облыстық форум өтті. Іс-шараға мектепке дейінгі ұйымдардан 500-ден астам педагог қатысты.

Форумның мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттау, мектепке дейінгі балалардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін халық ауыз әдебиеті арқылы дамыту (ертегілер, жаңылтпаштар, өлеңдер, мысалдар), өскелең ұрпақты қазақ халқының салт-дәстүрлеріне тарту мақсатында балалар, ата-аналар мен педагогтер арасында тығыз қарым-қатынас орнату.

Мектепке дейінгі жастағы баланың өмірінде әлеуметтік ортаға бейімделуінде және жеке дамуында терең өзгерістер болады. Бұл баланың қандай да бір түрде бейнеленген жағдайларға төтеп беруге, кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне ақылмен қарап, олардың қуанышы мен қайғысынан немқұрайлы қарамауға үйретеді. Мұндай белсенділік баланың рухани өмірінің аясын кеңейтеді, оның ақыл-ойы мен адамгершілік дамуы үшін маңызы зор.

– Бұл жоба Қарағанды облысында үш жылдан бері өткізіліп келеді. Форум аясында облыстың барлық ауданынан келген балабақшалар, мектепке дейінгі басқа да ұйымдардың өкілдері өздерінің көрмесін қойып, үш жылдан бергі жұмыс нәтижелерін бөлісті. Форум облыс деңгейінде қорытындыланғаннан кейін, әрі қарай республика деңгейінде таратылып, тәжірибе алмасу жүргізіледі. Секция жұмысы барысында қатысушылар мектепке дейінгі тәрбиелеу оқыту бағдарламасын іске асырудың 5 бағытында «Әжемнің ертегісі» жобасында жасалған жұмыстарының нәтижесін қалай пайдалануға болады, ұлттық дәстүр мен құндылықты дәріптеу мақсатында тәжірибе алмасты. Бала бойында кішкентайынан бастап Отанына, еліне, отбасына деген сүйіспеншілікті қалай қалыптастыруға болатынын шеберлік сыныптар арқылы көрсетіп жатыр, – дейді

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балаларды ерте дамыту институтының директоры Манара Адамова. Форум жұмысына ұсынылған жобалар: пікірталас алаңдары және пленарлық отырыстарда таразыланды.

– «Әжемнің ертегісі» жобасының басты мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балаларға қазақ тілін үйрету және олардың бойына қазақтың ұлтық құндылықтарын сіңіре отырып, балаларға рухани адамгершілікті дәріптеу. «Әжемнің ертегісі» жобасы облыстың барлық балабақшаларында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, осы іс-шара арқылы тәрбиешілер мен педагогтер өзара тәжірибе алмасты, – дейді Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова.

Пікірталас «Балаларға туған өлке тарихы мен мәдениетін таныстыруда қазақ ертегілерін пайдалану», «Мектеп жасына дейінгі балаларды қазақтың көркем әдебиетімен таныстыру үдерісіндегі қос тілділік», «Әжемнің ертегісі» жобасы арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық әлеуетін дамыту», «Әжемнің ертегісі» жобасы арқылы балалардың бойында дене тәрбиесі мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру» атты төрт алаң бойынша өрбіді.

Күннің екінші жартысы пленарлық бөліммен қорытындыланды.

Пленарлық бөлімге «Ерте даму институты» РММ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің өкілдері, әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға жетекшілік ететін білім бөлімдерінің әдіскерлері, педагогтер, ата-аналар қауымы, облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының директорлары қатысты.

Аружан АМАНБЕКОВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика кафедрасының 2 курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button