Карантин режимін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

7 сәуір сағат 00:00-ден бастап Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында, сонымен қатар, Бұқар жырау ауданының Доскей, Үштөбе, Ботақара, Ғабиден Мұстафин және Петровка ауылдарының  аумағында ерекше тәртіптегі карантин режимі енгізілмек. Шектеу шараларын бұзып, талапқа бағынбаған тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков мәлімдеді.

 

«Төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға қатысты 10 АЕК (26 510 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылады. Бүгінге дейін аймағымызда төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 229 әкімшілік іс қозғалды. Оның 195-і бойынша 97 адамға айыппұл салынып, 96 адам қамауға алынды. Екі адамға ескерту берілді», — деп атап өтті Жанатай Сембеков.

Бұдан бөлек, облысымызда әлеуметтік желілер, месенджерлер арқылы жалған ақпарат таратып, ел арасында дүрбелең туғызған тұлғаларды анықтау бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

«Бүгінге дейін әлеуметтік желідегі жалған хабарламар бойынша 10 оқиға тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Облыс тұрғындарын құқықтық тәртіпті және белгіленген шектеу талаптарын сақтауға шақырамын», — деді Жанатай Әбікенұлы.