Жаңа Қазақстан

Бибігүл СЕКЕРБЕКОВА: «Мақсат – анық, міндетіміз – айқын»

Қазіргі билік алдында тұрған міндет орасан. Кезек күттірмес, жақын уақытта шешілуі тиіс шаруа да жеткілікті . Бұл орайда «Amanat» партиясына ауқымды жауапкершілік жүктеліп отыр. Жақында өткен кезектен тыс ХХІІ съезд делегаты Балқаш қалалық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл СЕКЕРБЕКОВАМЕН аз-кем әңгіме барысында аталған мәселелердің тереңіне бойлауға тырыстық.

Бибігүл Мәжитқызы, съезге делегат болған екенсіз, қандай ой түйдіңіз?

Мемлекетіміз қоғам дамуының келесі кезеңіне қадам басқан шақта елміздің басты саяси ұйымының съезі қайта жаңғыру бағытына серпін берері сөзсіз. Уақыт бір орында тұрмайды, бүгінде әлемдегі ахуал күрт өзгеруде, осыған сәйкес еліміздегі саяси және әлеуметтік жағдай жаңа шешімдер мен жаңғыртуды талап етеді.

Иә, қоғам, заман, уақыт та өзгеруде. Осыған байланысты мемлекетіміздің болашақ тағдырына қатысты жоспарды ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажеттігі айтылды. Осы бағытта жетекші саяси партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс екеніне назар аударылды. Ол үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы баса айтқандай, партия жұмысын трансформациялап, қайта жаңғырту қажет.

Партияның өзгеруі заңдылық, бірақ партия басты позициясын берік ұстануы қажет. Сөйтіп, азаматтардың мүддесін қорғай отырып, қоғам мен билік ортасындағы көпір болып қалуға тиіс.

Жаңару өткенді ұмыту емес шығар?

Әрине, бұрынғы жұмысымызды жоққа шығаруға болмайды, қай мезгілде де халықтың қамы үшін, өтініш иелерінің өз сұрақтарына тыңғылықты жауап алуы жолында жұмыс істеп келдік.

Енді, міне қоғам жаңғыруының талабына сәйкес, қағазбастылық пен таусылмайтын есептілікті азайту, идеологиялық бағытты мықты ұстанып, халықпен тығыз жұмыс істеуге бет бұрмақпыз.

XXII съезді жүргізген партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияны модернизациялаудың жаңа 7 бағытын нақтылап айтып өтті.

Атап айтқанда:

1. Халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру;

2.Партияластар арасында ынтымақтастықты арттыру;

3.Партияның жұмысында ашықтықты арттыру;

4.Партиялық бақылауды күшейту;

5.Партияның бағдарламалық құжаттарын қайта қарау;

6.Халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеу;

7.«Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын жетілдіру.

Осы басымдықтар негізінде қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтап, олардың санын оңтайландыру, мәслихаттардағы фракция отырыстарында әкімдердің есептерін тыңдау, бастауыш партия ұйымдарымен жұмысты күшейту, «ТАЗАLIKE», «Әлеумет», «Жаңа Қазақстанға арналған 30 инновациялық идея» атты жаңа жобаларды іске қосу көзделіп отыр.

Қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысы туралы не айтасыз?

Қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысы басты маңызды бағыт болғандықтан, жаңа форматтағы жұмыстар ұсынылды. Бұл бағытта жұмысты проактивті форматқа ауыстыру, шалғай елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар өткізу арқылы халықпен кері байланыс жасау күшейтілуге тиіс.

Жаңаны қабылдауға, жүзеге асыруға, әрине біз дайынбыз. Кезең-кезеңімен жаңалықтар өмірімізге еніп тұрмаса, бірсарындылық жалықтырады.

Шалғай ауылдарға көшпелі қабылдаулар ұйымдастыруға бейілдіміз. Бұл бағытта барлық деңгейдегі депутаттардың халықпен жұмысының белсенділігі мен нәтижелілігіне басты назар аударылмақ.

Қоғамды толғандырған түйткілді мәселелер мәслихат алаңдарында талқыланып, түйіні тарқаса, құба-құп. Ең бастысы, депутаттық мандат айырым белгісі немесе ерекшелік емес, қоғамның ерекше сенімі екенін ұмытпаған абзал.

– Жаңа атау серпін бере ме?

– Съезд өткеннен кейін партиямыз жаңа «AMANAT» атымен ресми тіркеуден өтті, енді алдағы уақытта құжаттарды қайта рәсімдеп, партия Жарғысына өзгерістер енгізілуін күтіп отырмыз. Саяси ұйымымыздың жаңа атауы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазір халықтың сұранысы артты. Әлеуметтік мәселелердің шешілуін халық бізден талап етіп отыр. Әр азаматтың өтінішін аманат деп қабылдаймыз. Біздің мақсат – қоғамдағы сын-пікірлерді ескере отырып, елдің өтініш-тілегі арқылы жинақталған халық аманатын орындау.

Партия жұмысын саралай келе, уақыт талабы ел аманатын арқалай алатын саяси жүйеге айналуымызды қажет етеді. Ендігі уақытта біздің міндетіміз – партияны жаңғыртуға бағытталған мақсат-міндеттерді барша партияластар бірігіп, жұмыла жүзеге асыруымыз керек.

Бастауыш партия ұйымдарының жұмысына тоқталсақ…

Партияны трансформациялау – бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырумен тікелей байланысты.

Балқаш қаласы бойынша қалалық партия филиалында 2 500-ден астам партия мүшесі, ал «Қазақмыс» корпорациясы филиалының қала бойынша өкілдігінде 8 500 мүше топтасқан.

Жалпы, қала бойынша барлығы 41 бастауыш партия ұйымында 11 мың партия мүшесі бар, олар үлкен күшті құрайды. Бастауыш ұйым мүшелері қалалық партия ұйымының ұйымдастырған іс-шараларына, партиялық жобаларға белсене қатысады.

Партия өскелең жастардың патриоттық сезімін оята отырып, елі мен жері үшін еңбек ететін рухты жастардың әлеуетін іс жүзінде пайдалана отырып, жастар бастамаларын ілгерілетуде.

«Жаңа Қазақстан» жобасына қалай қарайсыз?

Менің ойымша, «Жаңа Қазақстан» ел игілігі жолында мақсаты мен мүддесін халықтың өмір сүру сапасын көтеруге бағыттаған мемлекет болуы қажет. Қоғамның қазіргі сұранысы да осыған сай. Айта кетсек, партиялық жобалар бірінші кезекте аға ұрпақты, жастарды және көмекке мұқтаж адамдарды қамтиды.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінде партия тарапынан «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Партия жиынында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын мәлімдеді.

Елді, өңірді дамыту үшін бүгінде азаматтардың сұранысы мен талабын ескеріп, соның негізінде уақытылы шешімдер қабылданғаны абзал, бұл – уақыт күттірмейтін міндет.

Жоғарыда аталған өзгерту ісі тек ең соңғы қажеттілік туындағанда ғана баратын қадам болмай, біздің барлығымызды жекелеген көзқарастарымызға қарамастан, Қазақстанның болашағына деген жауапкершілік сезімі біріктіруге тиіс.

Ол үшін ел Президенті, партия Төрағасының айналасына топтасып, күш-жігерімізді біріктіріп, маңызды жұмыстарды атқаруға бет бұруымыз қажет.

«Біздің күшіміз – бірлікте!» деген ұстанымды ту етіп, ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етсек қана жаңа өзгерген мемлекет болатынымыз сөзсіз.

Алға қойылған мақсат – анық, міндетіміз – айқын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button