Жаңа Қазақстан

Елдос ТҮЙТЕ: «Бәсекеге қабілетті кадр ғана бүгінгі күннің қордаланған мәселесін шеше алады»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында еліміздің алдағы даму бағытын нақты атап көрсетті. Әсіресе, әкімшілік-аумақтық өзгерістердің мемлекеттік басқаруды жеңілдететінін баса айтты. Қарағанды облысында да бұл бағытта елеулі өзгеріс қолға алынуда. Осыған орай, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Елдос ТҮЙТЕМЕН аз-кем әңгіме құрған едік.

Елдос Ерғазыұлы, әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқаруды жеңілдететіні айтылды. Мәселеге қатысты түрлі болжам айтылуда. Сіздіңше, өзгеріс оң нәтиже бере ме?

– Оң нәтиже береді деп ойлаймын. Бір ғана мысал, елімізде үш облыстың құрылуы тек территориялық бөлініс жағынан ғана емес, әкімшілік басқару жағынан да өте қолайлы болмақ. Себебі, еліміздің территориясы үлкен, облыс орталықтары елді мекеннен алыс болғандықтан, шалғай жатқан кейбір аймақтардың дамуы шет қалып қойып жатады. Мемлекет ол – тұтас жүйе, белгілі бір өңірдің дамуында тежеу болатын болса, басқару да қиынға соғады, әлеуметтік теңсіздік орын алып, экономикасына зор нұқсан келеді.

Жаңа Қазақстанды құруда сіздердің, яғни, жоғары оқу орындарының үлесі қандай болмақ?

– Қазақстанның даму жолында адал еңбек ететін парасатты ұрпақ тәрбиелеу, тың бастамаларға серпіліс беретін жаңа идеяларды жүзеге асыру, білімді, білікті кадрларды дайындау, мемлекет басшысының саясатын қолдап, оны жүзеге асыру жолында университет ұжымы аянбай еңбек етіп, өз үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл мәселе мақсатты түрде дұрыс жолға қойылған. Студенттеріміз жыл сайын әртүрлі мекемелерде педагогикалық, өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Олардың қатарында білім беру ұйымдары, зауыттар, құқық қорғау органдары, БАҚ және тағы басқа мекемелер бар. Бүгінгі көрсеткіш бойынша ҚарУ-ды бітірген түлектеріміздің 85%-ы жұмысқа орналасады. Ал, қалған пайызы басқа жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру орындарына барады. Бұл университеттегі сапалы білім мен білім беру бағдарламаларының қазіргі сұранысқа жауап бере алатындай етіп дұрыс жолға қойылуы деген сөз.

Бұрынғы Жезқазған облысы Ұлытау болып қайта құрылғалы жатыр. Бұл бастаманың университеттің білім беру процесіне қандай әсері болуы мүмкін?

– «Ұлытау өз алдына жеке облыс болып құрылады» деген жақсы жаңалықты біз де зор қуанышпен қабылдадық. Жоба ретінде екі облысқа кіретін аудандарды бөліп те қойды. Бұл жерде бір ұсыныс ретінде айта кететін мәселе, облыс құрамына аудандарды тұтас кіргізе салмай, оның құрамына енетін ауылдардың да территориялық орналасуына мән берілсе, бұл мәселе сонда ғана өз шешімін толық табады деп ойлаймын. Ал, мұның университетімізге әсері қандай дегенге келсек, игі бастама тек саяси әрі экономикалық жағынан ғана емес, біздің оқу орнымыз үшін де аса тиімді деп ойлаймын. Сол өңірге қажетті жас білікті кадрларды дайындау, сол жердің білім беру университетімен тәжірибе бөлісу, академиялық алмасу, өндірістік орындарына білім алушыларымызды іс-тәжірибеге жіберу, ғалымдарымыз үшін жаңғырған Ұлытау тарихын қайта тереңінен зерттеуді қолға алу сияқты мәселелер бар.

Мемлекет басшысы ұсынған жаңа реформаларды жүзеге асырып, елді алға сүйрейтін білікті әрі бәсекеге қабілетті кадр даярлауда қандай жобаларыңыз бар?

– Қазір факультетте жұмыс істейтін профессор-оқытушылар құрамының орта жасы 47 жасты құрайды. Сол себепті, көбірек жас ғылыми дәрежесі бар мамандарды тартып, PhD санын арттыруымыз қажет және олар ағылшын тілін білуі тиіс. Өйткені, бәсекеге қабілетті кадр ғана бүгінгі күннің қордаланған мәселесін шеше алады. Жаңа Қазақстан құрудың да идеясы осында жатыр. Біз өз тарапымыздан шәкірттерімізге сапалы білім мен дұрыс тәрбие беріп, олардың ғылымға деген қызығушылығын тудыра алсақ, еліміздің дамуына қосқан үлесіміз сол болып есептеледі.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button