Жаңа Қазақстан

«Жаңа Қазақстан» халық сенімінен құрылады

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ҚР Парламент Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ арнайы келіп, Конституциялық реформаларды түсіндіру мақсатында «Жаңа Қазақстан: Республикалық референдум» тақырыбында дәріс өткізді.

Дәріске университеттің оқытушылық-профессорлық құрамы мен қызметкерлері, студенттік өзін-өзі басқару органдарының мүшелері, «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының және референдум өткізу жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың өкілдері қатысты.

Жиын барысында депутат Р.Әбдікеров қатысушылармен ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен түзетулер енгізу жөніндегі мәселелерді талқылады.

Конституциялық реформалардың негізінде биліктің заң шығарушы тармағы Парламентке енгізілетін өзгерістер туралы айтылды.

– Ең басты мәселе – саяси партиялардың есепке тұрмауы, Президенттің туыстарының мемлекеттік қызметте жұмыс істемеуі. Өзгерістер енетін болса, толыққанды Парламент қайта сайланады. Жаңа Қазақстанда жаңа өзгерістер қалыптасатынына сенім мол. Аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттың дәрежелері көтеріледі. Мәселен, мәслихат хатшысы болашақта әкіммен қатар отыратын тұлғалардың бірі болмақ. Мұның бәрі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджетті бақылауға септігін тигізеді. Сенатта 49 депутат болса, осыған дейін 15 депутаты Президенттің Жарлығымен тағайындалды. Қазір Президент тағайындайтын депутаттар саны 10-ға дейін азайды, қалған 5-еуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен сайланады. Мәжіліс депутаттары 107-ден 98-ге азаяды. Мұның бәрін өздеріңіз де жақсы білесіздер, – деді депутат Рысқали Әбдікеров.Халықтың тұрмыстық әл-ауқаты жақсаруы тиіс. Зейнетақы көлемі 4%-ға артты. Алайда, әртүрлі зейнетақы алатын зейнеркерлер төлеміне қосылатын пайыздық мөлшерлеме бірдей емес. Осыдан әлеуметтік теңсіздік туындайды. Осы мәселені қайта қарау ұсынылып, билік органдарына депутаттық сауал жолданғанын айтты Р.Әбдікеров.

Жиында Конституциялық сот туралы мәселе талқыланды. «Әрбір Қазақстан азаматының құқығы бұзылатын болса, сотқа жүгінуге мүдделі. Президентке бағынатын Адам құқығы деген өкілет бар. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалады», – дейді депутат.

Дәрісте тіл мәселесі де қалыс қалмады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліну қажеттігі сөз болды.

– Азаматтық позиция әрқайсысында бар. Мен өз тілімде сөйлеп, өз тілімде жауап беремін. Тіл мәртебесін көтеру әрбір азаматтың өзінен басталады, – дейді спикер.

Жаңа Қазақстанды құру алдымен халыққа керек. Ал, халықтың сеніміне ие болуы үшін мемлекет не істеу керек? Қарапайым халықтың жағдайы осыдан соң өзгере ме? Депутат бұл сұрақтарға былай деп жауап берді:

– 2024 жылдан бастап аудан әкімдері сайланады. Бірақ, оларға аса өкілеттілік те берілмейді. Өмір бойы әкім болып өту деген позициядан арылу керек. Әкім 5 жылға сайланатын болса, сол 5 жылда олар халықтың сенімін ақтауы керек. Депутаттарды, әкімдерді халық сайлағаннан кейін оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Президент айтқандай Жаңа Қазақстан әділетті болуы тиіс. Әділетті қоғам халықтың сеніміне ие болады. Ал, сенімнен айырылсақ, Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес, – деді депутат.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button