Жаңа Қазақстан

«Екінші Республика»: әділ, әділетті Қазақстан»

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Екінші Республика»: конституциялық реформалар» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті. Қатысушылар Президент енгізген жаңа «Екінші республика» ұғымының мәні мен мазмұнын ашып, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасымен өзара байланысын талқылады. Сондай-ақ, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Енді, Конституциядан Тұңғыш Президенттің өкілеттілігіне қатысты баптар алынып тасталады.Аталған іс-шараға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері, мемлекеттік органдар өкілдері, саясаттанушылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиын барысында тізгінді ұстаған Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгельдинов Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістер мен толықтыруларды атап өтті.

– Бүгінгі таңда Конституциялық Кеңес аясында өзгертулер енгізу жұмыстары басталды. Қыркүйек айынан бастап аталмыш өзгертулер Парламент қабырғасында қаралып, жыл соңына дейін енгізіледі. Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізу жоспарланып отыр. Соның ішінде Президент өкілеттілігін шектеуге, сайлау жүйесін оңтайландыруға, саяси партияларды тіркеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты өзгерістер қолданысқа енеді. Оның ішіндегі басты өзгеріс – Президент өкілеттілігінің шектелгені. Бұл «Екінші Республика» қағидаты аясында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асады. Сондай-ақ, Тұңғыш Президенттің өкілеттілігіне қатысты баптар Конституциядан алынып тасталады. Бұл ретте 91-бапта ҚР Тұңғыш Президенті – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы мәртебесі қалады, бірақ «Елбасы» сөзі болмайды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі мойындалады, ал өкілеттілігінің кең ауқымы жойылады, – деді басқарма төрағасы.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Байбосынов «Екінші Республика» ұғымына тоқталып, Президенттің бастамаларын кейбір азаматтар дұрыс қабылдай алмай жатқандығын айтты.

«Екінші Республика» – әділ, әділетті Қазақстан. Әділдіктің туын жоғары көтереміз десек, бізде рушылдық, ағайындық болмау керек. Қазір мемлекетте үлкен өзгерістер орын алуда. Оның ішіндегі ең маңыздысы – Президенттің өкілеттілігін шектеу. Айта кететін жайт, Мемлекет басшысы өзгерістерді өзінен бастады. Осыған үлкен назар аударуымыз керек. Біріншіден, Президент өз өкілеттілігін атқарушы, заң шығарушы билікке берді. Екіншіден, өзінің жеке басына қатысты мәселелер, яғни Президенттің туыстары, жақындары тек мемлекеттік қызметте ғана емес, сонымен бірге квазимемлекеттік секторларда да басқарушы қызметін атқара алмайды. Бұлар – осыған дейін болмаған өзгерістер, – деді филиал директоры.

Сонымен қатар, Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістерде жер дауына нүкте қойылады. Ата заң бойынша, жер – тек қана мемлекеттің меншігі болады.

– Көптеген азаматтар өзгерістерді дұрыс қабылдай алмай жатқандығын байқадым. Президенттің саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан жаңа облыстарды құру жөніндегі ұсынысына орай кейбір азаматтар аудандар ашайық деп ел арасына ұран салып жүр. Аудан ашу мәселе емес, бірақ, біз мұның бәріне экономикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Экономикалық тұрғыдан ешқандай пайда бермейтін, халық саны 6000-ға жетер-жетпес бөліктерде аудан ашайық деп елді дүрліктіріп, оған қол жинау Президенттің игі бастамаларының ұсақталуына әкеліп соғады, – деді Серікжан Байбосынов.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Жібек Камали өз сөзінде мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейтуге тоқталды.

– Мәслихаттар – мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникациялардың маңызды буыны. Олардың рөлін күшейту бақылау сапасын арттыруға, жергілікті деңгейде қаржы жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді. Жұртшылықпен байланысты жақсарту үшін мемлекеттік органдардың ашықтығы маңызды. Жергілікті деңгейде шешімдер қабылдауда қоғам пікірін ескерудің де ықпалы зор, – деді Жібек Камали.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Елдос Жұмағұлов: «Қоғамдағы ең басты талап – ашықтық, әділеттілік және еркіндік болу керек. Яғни, саясаттағы ашықтық, әлеуметтік әділеттілік және экономикалық тең жағдайдың жасалуы – Жаңа Қазақстанның негізгі идеясы болуы шарт», – деген ой айтты.

Ал, университет ректоры аппаратының басшысы Серік Қалқаманов Конституцияға енгізілетін түзетулер Қазақстанның билік институттары өзара әрекеттесудің жаңа моделге көшуін және жаңа саяси мәдениетті нығайтуын білдіретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы бұл модельді «Екінші Республика» деп атады. «Екінші Республика» – суперпрезиденттік республикадан Президенттік-Парламенттік республикаға көшуді көздейді, – деді Серік Қалқаманов.

Жиын барысында студенттер белсене қатысып, талқыланған саяси тақырыптар бойынша өз пікірлерімен бөлісті.

Конституциялық реформалардың партиялар арасындағы бәсекені арттыруға берер әсері туралы саясаттанушы Бауыржан Серікбаев та өз пікірін білдірді.

– Партия құруға қажетті мүшелер санының төмендетілуі елімізде саяси ұйымға біріккісі келетін азаматтардың белсенділігін арттыруға ықпалын тигізеді. Қазірдің өзінде саяси партия құруға ниетті бастамашыл топтар құрылып жатыр. Партиялардың Парламентке өту шегінің қысқаруы бүгінгі таңда елімізде тіркелген саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Партия құру үшін өңірлердегі мүшелер санын 600-ден 200-ге қысқарту бастамасы болашақта құрылуы мүмкін партиялар үшін үлкен жеңілдік болмақ. Өз кезегінде мажоритарлық жүйенің енгізілуі жеке азаматтардың да белсенділігін арттырып, азаматтық қоғамның дамуына ықпалын тигізеді, – дей келе, аталған өзгерістер ел азаматтарының саяси белсенділігін көтеріп, қоғамның саяси реформалар мен ел өміріне белсене араласуына оң әсері бар екенін айтты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button