Геосаяси жағдайы ұшыққандар қазаққа неге қызығады?
Еуропа мен Азияның дәл кіндігінде орналасқан Қазақстанның әлемдегі әлді һәм ірі державалар арасындағы Үлкен саяси ойында өзінің геосаяси жағынан екі оттың ортасында тұрғанын дүние жүзі саясаткерлері сезіп, біліп отыр. Саясаттың жілігін шаққандардың Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардағы саяси жағдайын лупамен болмаса да, көзілдірік киіп, жиі зерттеуінің мәні де осында болса керек. Ондағы басты фигура кім? Әлбетте, Нұрсұлтан Назарбаев. Елдің ішкі, сыртқы саясаты, отандық, халықаралық зерттеулердің басты кейіпкері. Ал, «анаған үй бермеді, мынаған жәрдемақы төленбеді», «сиырым қысыр қалды», «айлығым шайлығыма жетпейді» дейтін отбасы, ошақ қасындағы әңгіме саясат емес. Саясатта елдік мүдде, ұлт тағдыры бар. Бір бармағы бүгулі алып державалардың аласапыран ойынында майып болмаудың басты кілті де осы – саясатта. Һәм сол ойынның ережесін біле тұра, ойыншыларды ойландыратын қадам жасайтын саясаткерде. Стратегиялық географиялық жағдайы, табиғи ресурстарға байлығы әлемдік державалардың арасында тағдыр кешуге мәжбүрлейді. Дегенмен, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекетпен ең бір ұзын құрлық шекараларына ие Қазақстан саясаттың су түбі көрінбейтін иіріміне батып кеткен жоқ. Батыл маневрлар жасады. Мұны зерттеулер атап жүр. Елбасының саясаттың қиын-қыстауында қисыннан жол табуда тарихтағы Рузвельт, Черчиль, Сталин, басқа да жер шары мойындаған тұлғалардың саяси жүрістеріне пара-пар қадамдар жасағанын екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Бір кездері уақыт күстәналаған тарихи тұлғалардың мемлекетінің келешегі үшін небір саяси ойындарға төтеп бергеннен кейін, енді ғана білді адамзат. Дәл сондай кезең Елбасы тағдырына қатысты екеніне күмән жоқ. Көпті көрген кәрі тарих сөйлейді…
МАРГАРЕТ МОЙЫНДАҒАНЫН БІЛЕМІЗ БЕ?
Сонымен… Қазақстанның сыртқы саясатында бүгінде екі негізгі сипат бар. Зерттеулер, оның біріншісі – экономикалық мақсаттағы басымдықтар, екіншісі – көпвекторлыққа бейімділік дейді. Яғни, маңайындағы барлық державалармен ынтымақтастықта болуды көздейді. Ал, мұның соңғысының алдыңғыға әсері зор екенін де жоққа шығармайды. Бұл екеуі де Қазақстанның объективті даму қажеттіліктерінен туындағанын саяси сауатты адам ұғынуы тиіс. Өйткені, теңіз жолына шығудағы шалғайлық, негізгі әлемдік коммуникациялық каналдардан қашықта орналасуы көршілермен достық қарым-қатынастың маңызын және бір айғақтайды. Ол үшін саясат керек.
Қазіргі таңда Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген саясатты Батыс, Ресей ғалымдары шам алып зерттеуге көшіпті. Онда сын да, мін де, сүйсіну де, тамсану да, күмәндану да бар. Елбасының 28 жылда жасаған әр қадамына баға беру арқылы мемлекеттің мүддесін, ұлттың тұтастығын, елдегі тұрақтылықты сақтаудағы әдіс-тәсілдерін өздерінше сараптайды. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлының мықты саясаткер екендігін зерттеулердің баршасы мойындайтындығы таң қалдырды. Олардың көк желкесіне ешкім қару кезеп, «солай айт» демеді. Ғылыми негіздегі тұжырымдар. Қолдан Құдай жасағанымыз емес. Бір кездері әлемде «темір ханым» атанған, тізерлеп отырған Англияны аяғынан тік тұрғызған Маргарет Тэтчердің өзі «дүние жүзіндегі санаулы 5-6 мықты саясаткердің бірі» деді. Одан кейін де қаншама сырт ел Елбасының саясат аренасындағы салмағын таразылап та жүр.
СЫРТҚЫ ҚЫСЫМДАРҒА РЕФОРМАМЕН ТОЙТАРЫС
Неміс және еуропалық зерттеулердің азиялық журналында Артем Патталах есімді ғалым «Қазақстанды Орта Азиядағы өзге мемлекеттерден ерекшелігі – бұл мемлекет көшбасшысының экономикалық жаңғырту идеясын өзіне міндеттеме етіп алуында және оған Жолдауларында, сөз сөйлеулерінде басымдық беруінде. Сонымен қатар, «ашық экономика және әлемнің қуатты экономикалық аймақтарына интеграция – бұл ұлт пен мемлекеттің өмір сүруінің жалғыз құралы» деген аргументті берік ұстануында» деп жазды.
Ұлт Көшбасшысының бұл ұстанымын ғалым қазіргі Қытайдың дамуына ұқсатады. Мұндай дамумен Қытайдың 1970-1990 жылдары «Азия жолбарысы» атанғаны мәлім.
Патталах Назарбаевтың идеяларының саясатта көрініс табуы оны басқа көршілес мемлекет басшыларынан және бір артықшылығы деп санайды. Оның айтуынша, Елбасы сыртқы және ішкі саясатта туындаған қысымдарға жеделдетілген экономикалық реформалар жасайды. Кейбіреулер секілді оқшауланып алып, босаған «болттарды» бұраумен айналыспайды. Соның нәтижесінде ел ішіндегі экономикалық ахуал түзеледі.
Қазақстанның сыртқы ұстанымы жаңа жаһандық биополярлық аясында туындаған геосаяси жағдайы ушыққан көптеген ел үшін қызығушылық тудырғанын да мойындауымыз керек.
Осы орайда, қазақ елі кейбір кем-кетіктерге қарамастан, Орта Азияда сыртқы саясатта ашықтығы қамтамасыз етілген жалғыз ел деп танылған. Шындығында да, солай. Қырғызстан мен Тәжікстан тым кедей болса, Өзбекстан мен Түркменстан тұйық әрі саясаттың ойын ережелерін ұстанбайтын ел дейді зерттеушілер.
САЛҚЫНҚАНДЫЛЫҚ ТА САЯСАТ
Саясатта әр сөздің орны бар. Аңдамай айтылған сөз – атылған оқ. Жаңылыс басылған қадам – болашақта тұсау. Тіпті, қауіпсіздік пен тәуелсіздікке қатер. Саясатта мұндай қитұрқы әрекеттердің көптігін білесіз бе? Ялтадағы 1945 жылғы Сталин, Черчиль, Рузвельт кездескен тарихи мәні зор келісімде де сондай ойындар енді жария етілді емес пе?
Жүйкеге тиетін, әдейі арандататын сұрақтар, айла-шарғылар саясатта ежелден бар. Мұндай жағдайда Назарбаевтың жұмсақ майда тілмен сыпайы жауап беруі арқылы тойтарыс беретіндігін батыс зерттеулері назарға алыпты. «Кеңес бергеніңізге ризашылығымызды білдіреміз. Бірақ, бізге қалай өмір сүру керектігін, елімізді қалай құрып, қалай тұрғызуды оқытуға ешкімнің құқы жоқ» деген британ журналисіне берген сыпайы жауабына сүйсінеді. Одан кейін Еуропаның қайраткері Жан-Клода Юнкенің адам құқығы туралы ескертпесіне де «Еуро одақ елдері – Қазақстанның экономикалық, саяси маңызға ие серіктестері. Сондықтан да, біз сіздердің айтқан достық рәуіштеріңізді позитивті қабылдаймыз. Мені өткен жылғы сайлаудағы жеңісіммен және осы жылғы Парламент сайлауымен құттықтауыңызға ризамын. 60 елдің бақылаушылары елімізде сайлаудың демократия талаптарына сай екендігін мәлімдеген еді» деп биязылық көрсетуі Путин мен Лукошенкода жоқ қасиет деседі.
Мұндайда Путин Батыстың өзіне дүрсе қоя берсе, Лукошенко ашық түрде тіл тигізуге дейін баратынын айтады. Мысалы, 2011 жылы Еуропа комиссиясының президенті Жозе Монуель Баррозу адам құқығы бұзылғандығы туралы айыптағанда, «Баррозу деген жетесіздерге қатысты айтарым. Баррозу деген кім өзі? Португалияда Баррозу болған шығар. Бірақ, оны қуып шығып, Еурокомиссияда жұмыс істетіп қойды. Еуропалық шенеуніктер туралы естігім де келмейді. Олардың мыңы бар. Олардың бәрі алаяқтар. Сондықтан, мен Баррозу секілді өзге де жетесіздер туралы сөз қозғағым жоқ» дегенін естіген Еуропа еңіреп жылауға шақ қалған.
Әлем саясаткерлері бұдан мынаны ұғынды. Батыстың сынын қабылдамау Путин мен Лукошенконың сыртқы саясатында мүлдем жоқ. Сонысымен, олар ешкімге де дес бермейді, бермек те емес. Мұны қазіргі ахуал да көрсетті. Ол болса, саясатта оңай емес. Мұны әлем біледі. Олардың пікірінше, Назарбаев әлемдік қауымдастыққа, қоғамға құлақ асады. Назар аударады. Сондай ерек қасиетке ие. Оған Еуропа дән риза. Міне, саясат қайда?!
ТҮЙІН
Әлемдік деңгейдегі саясатта бір мемлекеттің тасының түгел болуы оның Мемлекет басшысына байланысты. Ал, бұл саясатыңыз – адамнан қыруар білім мен білікті, ақыл мен түйсікті, күш-қуатты қажет етеді. Өйткені, дүние жүзінің бәсінде – бір мемлекеттің тағдыры. Мұндайда қате басуға рұқсат жоқ.
Алып державалармен достықты сақтау арқылы ұлттың ұтылмауын ойлаған Елбасының саясаткерлігін басқа алыптар мойындапты осылайша. Ендеше, бізге не жоқ?! Үлкен саяси ойын – ол сіз бен біздің үй ішінің саясаты емес. Үлкен ойындарға Үлкен тұлғалар керек. Назарбаев сияқты. Келісетін шығарсыз?!.
Қызғалдақ АЙТЖАН.