Жаңалықтар

Цифрлық дәуірге тағы бір қадам

Теледидарды төбесінен төмпештеп, антеннаны оңды-солды бұрып әбігерге түсіп жататынымыз әлі есте, әлі есімізде дейміз-ау, бүгінгі күнге дейін кейбір ауылдарда «әй, сәл солға қарай бұра» деген сөздер естіліп қалатыны ащы да болса шындық. Енді бұл қиындыққа нүкте қойылады. Қазақстанда цифрлық-эфирлік хабар тарату 2012 жылдың шілдесінде басталып, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жақында Қарағанды облысында да қалалардан шалғай жатқан елді мекендерде цифрлық-эфирлік телехабар тарату желісін тестілеу басталып кетті.

Жастар, Пионер, Осакаровка, Сұңқар, Қантайда орналасқан 5 радиотелевизиялық станцияда 28 қыркүйектен бастап 10 күн цифрлық-эфирлік телевизия уақытша қосылды. Қамту аумағына 25 елді мекен кіреді. Атап өтсек, Степное, Шідерті, Құстұмсық, Тельман, Молодежный, Ақбұлақ, Колхоз, Осакаровка, Озерное, Есіл, Есенгелді, Қантай, Изумрудное, Самарка, Пахотное, Сегізінші ауыл, Hиколаевка, Сұңқар, Сельстрой, Садовое, Топан, Қоянды, Приишимское, Пионер және Орталық ауылдары жаңа технологияның жемісін көрмек.

Айта кетейік, телевизияның жаңа стандартына көшу туралы «Женева 2006» халықаралық келісіміне 100-ден астам мемлекет қол қойған болатын. Бұл тізімде Қазақстан да бар. Ең алғаш рет жерсеріктік телевизия елімізде 2002 жылы «Кателко+» сауда белгісімен іске қосылса, 2011 жылдың қаңтарында жерсеріктік желі DVB-S2, MPEG4 жаңа цифрлық стандартына көшіп, Ұлттық жерсеріктік OTAU TV деген атаумен өз жұмысын бастады.

АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ?

Бүгінде теледидар өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналған. Күн сайын миллиондаған адам бағдарлама, сериал мен фильм тамашалауда. Қазір Қазақстанда эфирлік хабар таратудың екі түрі бар, бұл аналогтық және цифрлық. Бүгінгі таңда цифрлық белгімен қамту деңгейі халықтың 83,93 пайызын құрайды. Бұл – шамамен 13,4 миллион қазақстандық деген сөз.

Аналогтық эфирлік хабар тарату – бейне мен дыбысты тарату үшін үзілмейтін белгі қолданылатын телевизиялық жүйе. Бірақ, бүгінде аналогтық желі ескірді, оның негізгі кемшіліктерінің бірі – арнаның осалдығы, бұл кедергілерге, бейне мен дыбыс сапасының төмендеуіне әкеп соқтырады.

Цифрлық-эфирлік телехабар – бұл телевизиялық кескін мен дыбысты бейне-белгі мен дыбыс белгісін бейнекодтау көмегімен цифрлық телеарна қолдану арқылы тарату технологиясы. Цифрлық кодтау аналогтықпен салыстырғанда белгіні мейлінше аз ақаулықпен жеткізуді қамтамасыз етеді, өйткені цифрлық белгінің бейнесі мен дыбысына сыртқы факторлар, яғни, жел, боран, жауыншашын әсер етпейді.

Цифрлық-эфирлік белгіге тән тағы бір артықшылық – арналардың мәлімет тарату қабілеті артады. Цифрлық мәліметтерді қысу нәтижесінде телеарналарды көп мөлшерде, жоғары сапада, қосымша ақпаратпен (субтитрлар, қосымша дыбыс жолақтары) таратуға мүмкіндік туады. Цифрлық-эфирлік телевизия көрерменмен кері байланысты қамтамасыз етеді, оның ішінде әлеуметтік сауалнама, байқауларға дауыс беру, білім беру бағдарламалары да бар. Көптеген шалғай орналасқан, бұрын ары кетсе 3-4 телеарна тамашалап отырған елді мекендердің халқы енді жақсы сапада 15 арнаға дейін көре алады.

ӘЛЕМДЕ ҚАЛАЙ?

Цифрлік технологияға көшу бір-екі жылда ғана орындала салмайтыны әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Мысалы Испания мен Ұлыбританияда бірқатар техникалық және қаржылық есептен жаңылысулар 2002 жылы осы жобаны жүзеге асырып жүрген компанияларды банкротқа ұшыратты. Нәтижесінде Испания ақылы эфирлік телевизия идеясынан толық бас тартып, мұнда аналогтық сигнал тек 2010 жылы ғана толық өшірілді. Ұлыбританияда ВВС компаниясы Freeview ашық цифрлық телеарналар тобын жасақтады. Freeview жүйесі 100 евро тұратын декодер арқылы кез келген кәдімгі теледидардың иесіне қолжетімді болды. Ал, бұл коммерциялық телеарналар үшін ай сайынғы төлемақымен салыстырғанда тегін деп айтуға болады. 2004 жылы Freeview жазылушыларының саны 4 миллионға жетті. Ұлыбританияда цифрлық-эфирлік телехабар тарату желісіне көшу үрдісі 2012 жылдың сәуірінде, Лондондағы Олимпиада ойындарының қарсаңында аяқталды. Осылайша, цифрландыру үрдісі Испанияда –10, Ұлыбританияда 13 жылға созылды.

Айта кету керек, 2018 жылдың күзінде Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан, ал, 2019 жылы Қостанай, Павлодар және Алматы облыстары аналогтық желіні өшіріп, толығымен цифрлық хабар таратуға көшті. Ал, 2021 жылы республиканың бүкіл аумағы жаңа әрі тегін цифрлық форматқа көшетін болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button