Қарағандыда бүлдіршін Айкүміс Сәрсенге көмек ретінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті
Айкүміс Сәрсен есімді бүлдіршін Қарағанды облысында сирек кездесетін дертке шалдыққан. 2 жастағы Айкүміс ІІ типті СМА диагнозымен ауырады. Ол ауруынан толыққанды айығуы үшін 930 млн теңге тұратын «Золгенсма» препаратын алу қажет. Бұл – Гиннестің рекордтар кітабына кірген әлемдегі ең қымбат дәрі.
Көпшіліктің қолдауы болмаса, мұндай қаржы ет жақындарына едәуір салмақ салатыны анық.
Сол себепті 13 тамызда облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы бас болып, Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Save Aikumis» қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Бүлдіршіннің еміне баршасы көмек қолын созды.
Айкүміс Сәрсеннің өз ауруын жеңіп, толыққанды өмір сүруінің жалғыз мүмкіндігі – жоғарыда аталған «Золгенсма» препаратында. Мұндай ауру түрі Қарағанды облысында сирек кездеседі. Қазірдің өзінде 807 млн теңгеден аса қаржы жиналыпты. Енді 92 млн теңгеден аса қаражат жинау қажет.
Орталық саябақта өткен қайырымдылық жәрмеңкесінің өтуіне жас кәсіпкерлер, еріктілер, спортшылар, шығармашылық ұйымдары және облыс тұрғындары атсалысты.
Жәрмеңкеде шахматтан турнир өткізілді, жас кәсіпкерлер өз өнімдерін сатылымға қойды. Сондай-ақ, тұрғындар саябақта құрылған киіз үйде ұлттық киіммен суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңкеде көпшіліктің көмегімен жиналған қаражат Айкүмістің анасының шотына аударылды.
– Облысымызда Айкүміс атты ерекше бала бар. Оның еміне шипа болатын әлемдегі ең қымбат тұратын дәрі ғана. Алайда, құны – қымбат. Бұл Қарағанды облысында кездесетін сирек оқиға. Сондықтан, жәрмеңке облыс басшылығының қолдауымен Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Жас кәсіпкерлер, жастар ұйымдары, спортшылар қайырымдылық жәрмеңкесін өткізуге ерекше ықылас танытты. Мұнда балаларға арналған әртүрлі бағыттағы шеберлік сағаттары өткізіледі, тамақ, киім, қолдан жасалған ойыншықтар сатылады. Жастардың шығармашылық топтарының қатысуымен концерт ұйымдастырылады. Көпшілікті қайырымдылық жасауға жұмылдырып, Айкүмістің еміне тиісті қаражат жинауға, оның құрбы-құрдастарымен қатар өмірдің бар қызығын көруге, қатарымызға қосылуға қол ұшын беру – басты мақсатымыз. Ерекше бүлдіршіннің ерекше жағдайын ескере отырып, барлық мемлекеттік мекемелер осы істен қалыс қалмады, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.
Қайымдылық жәрмеңкесінде шахматтан турнир өткізілді.
– Қарағанды қаласының шахмат федерациясы қайырымдылық турнирін өткізуді қолға алды. Шахмат турнирі 7 турдан тұрады. Мұнда әр түрлі жастағы 60 адам қатысуда. Бір ерекшелігі – ашық алаңда, жайлы атмосферада өтуде. Мұндай турнир әлі де ұйымдастырылады. Бұл Айкүмістің еміне көмек болады деген сенімдеміз. Көмек қолын созу – әркімнің азаматтық борышы, – дейді Қарағанды қаласы шахмат федерациясының төрағасы Бауыржан Қасымов.
Барша жас кәсіпкерлер, еріктілер, спортшылар облыстық жастар саясаты басқармасының ұсынысымен қайырымдылық жасауға қуана келіскен. «Asar use» қайырымдылық қорының еріктілері жәрмеңкеде өз тағамдарын дайындап әкелген. «Қайырымдылық жәрмеңкесі Қарағандыда жиі өткізіледі. Біздің қорда 20 шақты ерікті бар. Қиын жағдайда көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз. Осы жәрмеңкеден түскен қаржыны Айкүмістің еміне арнаймыз», – деді ерікті Гүлзат Мұхамедина.
Сондай-ақ, Теміртау қаласынан келген жас кәсіпкер Еркеназ Қабылда ұлттық киімдерді, сәнді көйлектерді жалға берумен айналысады. Қайырымдылық жәрмеңкесіне шақырту алып, ұлттық киім, әшекей бұйымдарын арқалап келген екен. Келушілер киіз үйдің ішінде суретке түсіп, Айкүміске еміне сеп болды.
Жәрмеңке соңында турнирдің қорытындысы шығарылып, Raven Band, Andrew Fuze, Cantent және тағы басқа жастардың, студенттік және шығармашылық ұжымдары ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Айта кетейік, Айкүміс Сәрсенге көмек қолын созам деушілер мына нөмірге қаржы аудара алады: +77073006129. Сондай-ақ, @aikumis_sma_krg Instagram парақшасынан қосымша ақпараттарды білуге болады.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген автор.